Маймыл аталар ертеңгі күнді ойлады ма?
Әуелгі сөзді адамзатты зерттейтін антропологтарға берсек. Адам түр ретінде ұзақ әрі күрделі эволюция жолын жүріп өтті. Арғы ата-бабамыздың өмірі қауіпті, қатерлі сәттерге толы болды. Жабайы табиғатта жан сақтауға тырысқан австралопитек үшін де, үңгір паналаған Homo Sapiens-ке де қолда тұрған еттің бір бөлігін ертең жеймін деп сақтап қою ол азықтан мәңгі айрылумен бірдей еді. Себебі тыққан-пыққаныңды кез келген уақытта бәсекелес басқа жыртқыштар тартып алуы мүмкін. Одан қалды, ұзақ жылдар бойы адамның өзі алуан түрлі гепард пен жолбарыстың жылы-жұмсақ азығы атанып келді.
Сондықтан «қолда бардан айрылып қалмай тұрғанда, асап-асап алайын, кейін не боларын көре жатармыз» деген жүріс-тұрыс дағдысы қанымызға сіңіп қалған. Алғашқы қауым инстинктерінен, жануари қасиеттерден арыла алмаймыз.
Алайда оған қарсы тұра алатын ақыл-санамыз бар екенін де айта кету керек. Көп жағдайда осы екі болмыс бір-біріне кереғар келіп, «керілдесіп» қалып жатады. Сауда орталығын аралап жүріп, әдемі киім көрсек, миымызда екі процесс қатар басталып кетеді: эмоцияға толы сезім жаңа затты дәл қазір сатып алуға итермелесе, ақыл ертеңгі күнді ойлауға шақырады. Үйдегі шкаф аузы-мұрнынан шығып тұрса да, алпыс алтыншы аяқ киімді «байқамай» сатып алып қоятынымыздың бір себебі – осы.
Антропология алға тартатын тағы бір фактор – біреуге бірдеңені сыйлау, бере салуға деген бойымыздағы құштарлық. Көп жағдайда мұның артында жомарт көңіл, дархан пейіл емес, басқа адамдардың құрметіне қол жеткізуге, бедел жинауға деген құштарлық тұрады. Өзінде барды бөлісе алған адам басқалардың алғысына ие болып, оларды қарыздар сезінуге мәжбүрлейді. Бұл қоғам иерархиясында өсуге, байлық-дәулетті арттыруға көмектеседі. Мыңдаған жыл бойы жүрген, геномыңызда кетпестей болып ізі қалған бұл процесті бір-екі айда өміріңізден сызып тастай алмайсыз, әрине.
Ал қор жинау қажеттігі әлдеқайда кеш пайда болды. Сәйкесінше, бейсаналы түрде ертеңгі күнге деп ақшаның басын құрау қасиеті толыққанды бойымызда қалыптасып үлгерген жоқ, сондықтан әзірге тек өзімізді қолға алып, нақты жоспармен жүрсек қана депозитіміздегі қаражатты көбейте аламыз.
Нейробиология не дейді?
АҚШ нейробиологы Самюэль МакКлю ақшаға келгенде мида қандай процестер жүретінін зерттеп көріпті. «Мына зат қатты ұнап тұр, қазір ала салсам ба екен? Әлде 2 айдан кейін тіс дәрігеріне баруым керек, ақшаны соған қалдырсам ба?» деп ойланып тұрғаныңызда, мидың екі аймағы іске қосылады. Оның бірі (маңдай тұсында орналасқан) өміріңізде пайда болуы мүмкін қатерді зерделейді және аяқасты жасалатын іс-әрекеттерге жауап береді, ал екіншісі (көз алмасының үстінде тұр) адамның өз-өзін бақылауда ұстауын қадағалайды. Бұл екі жүйе әрдайым тайталаста жүреді. Қазір аламын деген шешім қабылданса, эмоцияға жауап беретін лимб жүйесі қуаныш гормонын, яғни дофамин бөледі. Нәтижесінде, ақша құртқаннан рахаттанып қаласыз. Ал «жоқ, дәрігерге қалдырайын» десеңіз, 2 айдан кейін талдау-сараптау процестерін жүргізетін фронталды жүйесі «мә, сол кезде ақша құртпағаным қандай жақсы болған, қазір, міне, тісімді жасатып алдым» деген жақсы ой тудырады.
Тағы бір фактор бар. Homo sapiens түрі бастан өткерген биологиялық дамумен салыстырғанда қазіргі адамның әлеуметтік даму тарихы әлдеқайда қысқа. Бейімделу қасиеттеріміз миллиондаған жыл бойы баяу өзгеретін ортада іріктеліп алынып, қалыптасқан болатын. Сәйкесінше, жүйке жүйесінің функционал мүмкіндіктері заманауи ортада, күнделікті тұрмыста болып жатқан өзгерістерге ілесе алмай қалып жатады. Осының кесірінен ақша жинауда да қиналамыз. Мысалы, уақыт дисконты мәселесі туындайды. Ол болашақтың бағасын төмендетеді, ал қазіргі сәттің мәнін, керісінше, арттырады. Яғни келесі жылы қолға тиюі мүмкін 100 мың теңгеге қарағанда дәл қазір әмиянда жатқан 50 мың теңгенің құны жоғарырақ болып көрінеді. Ғалымдар мұны өмір сүру ұзақтығымен түсіндіреді. Қазір орта есеппен 70-80 жыл жасайтын адам 100 жыл бұрын, шамамен 50-ге келіп қайтыс болатын, ал 10 мың жыл бұрын 20-ға келсе, көпті көрген саналатын. Осының нәтижесінде, адам болашақты дұрыс сезініп, тани алмайды, бұл ертеңге күнге деп қаражаттың басын құрауға да кедергі болады.
Қайтпек керек?
Ақша жинап үйренуде тәрбие үлкен роль ойнайды. Ең дұрысы – бала кезден ойланбай жасалатын іс-әрекетті шектеуді және оның арты неге алып келерін ойлануды үйрену.
Ата-ана мұндай дағдыны қалыптастырмаса, ересек адам оны өзі дамыта алады. Ұнап қалған затты ала салмай, бір сәт ойлануға уақыт бөлсеңіз және «осыған ақша құртпасам, көңіл-күйім бұзылады» деген қорқыныштан арылсаңыз, ақша жинауды қолға алдым деп санай беріңіз.
Ең бастысы, «жүріс-тұрысымды толық бақылауда ұстаймын» деп тыраштанбаған дұрыс. Бұл кері әсер беруі мүмкін.