Өткен ғасырдың басында кей шетел шығармасы қазақшаға аударылды. Оның біразы латын әліпбиінде жарық көріпті, алайда архивтерде шаң басқан күйі қалған. "Отбасы хрестоматиясы" қорының өкілдері осы кітаптарды қолға алыпты. Әзірше балалар мен жасөспірімдерге арналған 4 кітапты қайта басып шығарыпты. Baribar.kz Қор қызметкерлерімен әңгімелесті.

ХХ ғасырдың басында қазақшаға аударылған шетел әдебиеті шығармаларының көбі – балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар. Қазақша латын қарпімен жарық көрген, алайда кирилге өткен тұста ұмыт болған.

XX ғасырдың басында әдеби өрлеу болды деп сенеміз. Большевиктер жойып жіберген кітаптарды іздеп жүріп, архивтен қазақшаға аударылған шетел әдебиетінің шығармаларын көріп қалдық, – дейді “Отбасы хрестоматиясы” қорының өкілдері.

Ол заманда лақап ат немесе ойдан құрастырылған есімдер қолданыста болыпты. Мысалы, Ромен Ролланның “Жан Кристоф” романын ықшамдап аударған адам автор ретінде өзін Ысқақ деп көрсеткен. Эрих Распенің “Мүнхаузеннің басынан кешкен хикаясын” аударған жан – Сәлкен. Ал Жонатан Свифттің “Гулливер лилипуттар елінде” шығармасын Ғ.Оспанов деп жазып қалдырған автор аударса, Уиданың “Нелло мен патраш” кітабын аударған Ғ.Себепов деп жазылып тұр.

Қор қызметкерлері аудармашылардың кім екенін іздеген, бірақ мұндай тегі немесе лақап аты бар адам таппаған. Әйтсе де бұл шығармаларды алаш қайраткерлері аударған деп есептейді. Алаштанушылар да аты-жөнін “Ғ.Себепов” деп жазған адам Ғабит Мүсірепов болуы мүмкін екенін айтыпты.

Шетел әдебиеті, кітаптар
ХХ ғасырда аударылып, бүгінде қайта шыққан кітаптар. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұл кітаптар 1936-1937 жылдары аударылған. Репрессия жылдары қудаланбау үшін жазушылар кітапты осылай есімін жасырып шығарған болуы керек, – дейді Әділбек Нәби.

Қор өкілдері қайта басып шығару кезінде шығармаларды еш өзгертпей, түпнұсқа күйінде беріп отыр. Тек балаларды қызықтыру үшін кітап ішіндегі ақ-қара суреттерді өңдеген, кейбірін мағыналас картинамен алмастырыпты. Балаларға түсінікті болуы үшін музыка терминдері мен басқа да сөздердің түсіндірмесі көрсетілген. Көп өзгеріс енгізілмеген, тек латын қарпінен кирилге аударылып, жарық көрген.

Сол жылдары музыкаға қатысты кітап көп аударылған екен. Әзірше соның біреуін – “Жан Кристофты” басып шығардық. Кей шығарма 80-жылдары да аударылған еді, алайда мына XX ғасырдың басындағы нұсқа басқалардан өзгешеленіп тұр. Бұл кітаптардың құндылығы – тұңғыш рет аударылғанында. Мәселен, Уиданың басқа бірде-бір кітабы сол кезден бері қазақ тіліне аударылмапты, – дейді қор өкілдері.

Кезінде аударылған, латын әліпбимен архивте сақталған шығармалар “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында қайта басылып шығуы керек еді. “Отбасы хрестоматиясы” қызметкерлері осындай ұсыныспен шыққан, алайда бағдарлама тарапынан айтарлықтай қызығушылық болмапты.

Әділбек Нәби
Әділбек Нәби және Сәкен Нұрқабекұлы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жалпы 100 кітапты қайта басып шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Кітап дүкендерінде балаларға арналған қазақша туындылардың аз екені көп айтылады. Бұл мәселеге біз де бейжай қарамаймыз. Шетел шығармаларын аудару да ойымызда бар. Бірақ оның авторлығын алу, аудару, сосын шығару біраз уақыт пен үлкен қаражатты қажет етеді. Бұрын аударылған, тек кирилл қарпімен шықпаған кітап көп. Неге соларды қайта жаңғыртпасқа? Бұлар дүкен сөрелеріндегі қазақша кітап қатарын толықтырады, – дейді Әділбек Нәби.

“Отбасы хрестоматиясы” қоры Алаш қайраткерлерінің шетел әдебиетін тез, бірінен кейін бірін жылдам аударып отырғанын айтты. Тіпті кей ұзақ романды шағын етіп, ықшамдап шығарған көрінеді.

Бағдат Құдияров
Бағдат Құдияров. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Біз қазір қолға ала алмай жүрген жұмыстарды сол кездің зиялы қауым өкілдері істей алған. Дүниежүзі оқитын қандай кітап шығады, арасын суытпай бірден қазақшаға аударып отырған. Кітаптың шетелде шығуы мен бізде аударылуының арасы бір жылға да жетпейтін шығармалар бар. Тіпті авторлар үлкен романдарды ықшамдап, бүкіл мағынасын шағын оқиға түрінде аударып, бере алған, – дейді Бағдат Құдияров.

Архивте қазақшаға аударылған, ересектерге арналған шетел шығармалары да жетерлік екен. Алайда қор авторлары жасөспірімдерге арналған кітаптарды бірінші шығаруды жөн көріпті.

Дүкендерде балаларға арналған қазақша кітаптар болсын, тұрсын, оқылсын деп, ең әуелі балаларға арналған шығармаларды қайта басып жатырмыз. Әйтпесе, жалпы ересектер оқитын “Америка трагедиясы” сияқты шығармалар бар. Оларды кейін шығарамыз, – дейді Сәкен Нұрқабекұлы.

Сәкен Нұрқабекұлы мен Әділбек Нәби
Сәкен Нұрқабекұлы және Әділбек Нәби. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кітаптар мемлекеттің тапсырысымен шықса, дүкенге қойылмайды, кітапханалар мен оқу орындарына таратылады. Жеке баспалар да балаларға арналған кітаптарды шығарумен көп айналыса бермеуі мүмкін. Қор өкілдері мұндай мәселе тек бәсеке болғанда бір жолға қойылады деп есептейді.

Қазақстандағы кітап саласына да бәсеке өте қажет. Барлық баспа топтасып келіп, қазақ әдебиетін көтеріп жібереді деп айту қиын. Мысалы, Джек Лондонның “Қасқыр” деген әңгімесін Ресейде 100 баспа шығарған. Ал бізде бір кітап шықса, оны басқа баспалар шығармайды. Шетелде бұл жағынан таңдау көп. Түрлі мұқабада, беті жұқасы, қалыңы, көлемі үлкені, кішісі деп оқырман өзіне ыңғайлысын таңдай береді, – дейді Бағдат Құдияров.

Кітап шығаруда мемлекеттік тапсырыстан бөлек, министрлік бөлетін грант бар. Тапсырыс бойынша шыққан кітапты баспалар сатылымға қоя алмайды. Ал грант негізінде шыққан еңбектерді дүкенге қоюға болады. Тиражы мен бағасына байланысты ғана шектеу болуы мүмкін. Қор өкілдерінің сөзінше, баспаларға мемлекеттен грант көбірек бөлінуі керек.

Түркия білім министрлігінің “100 кітап” деген бағдарламасы бар. Балалар мен оқушылар сол кітаптарды оқуы керек, тіпті ол жайында ақпарат табельде, құжатта көрсетіледі. Сол тізімдегі бірнеше шығарманы аударып, шығарғымыз келді. Бірақ оның авторлық құқығын алудың өзі біраз қаражат. Жұмысы да көп, бірнеше маман бас алмай отыруы керек. Ал шағын баспалар мұндай жұмысқа мүдделі емес, ондай деңгейге әлі жетпедік. Мұндай жұмыстарға баспаларды ынталандыру үшін грант бөлу керек. Мемлекет бұл саланың дамуына солай көмектесе алады. Шығып жатқан кітаптар оқылуы үшін де Түркияның “100 кітап” бағдарламасы сияқты жоба қажет, – дейді Сәкен Нұрқабекұлы.

Дәл қазір шетел әдебиетінің қазақшаға көп аударылмау себебінің бірі – шығарманың авторлық құқығын ала алмау.

Кеңес үкіметі кезінде біраз кітап қазақшаға аударылды. Себебі Патша үкіметі авторлық құқықты сатып алатын, ал біздің аудармашылар орысшадан тәржімалайтын. Шетел кітаптарының қазақшаға аударылуы кенжелеп қалғаны да осыдан. Авторлық құқығына ақша төлеу қиын, қаражат керек. Қазір кітаптың авторлығын ағылшын тілін жақсы меңгерген, шетел компанияларымен жұмыс істей алатын адамдар алып, аударумен айналысып жатыр, – дейді Әділбек Нәби.

Сұхбат
“Отбасы хрестоматиясы” қорының өкілдерімен сұхбат кезі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Оқырман, әсіресе балалар білім көкжиегін кеңейту үшін шетел әдебиетін де оқуы керек. Әділбек Нәбидің айтуынша, тек қазақ әдебиетін оқыған бала өзге елді, ұлтты жатырқап тұруы мүмкін.

Байқасаңыз, базардағы кітаптың көбі – діни шығарма. Оның үстіне бағасы арзан. Халық сондай кітаптарды ғана ала берсе, бала шектен тыс діншіл болуы мүмкін. Мұндай жағдай адамдарды “дінсіз”, “діндәр” деп бөлуге, басқа елге, ұлтқа жағымсыз көзқараспен қарауға ықпал етеді. Түркияда да дәл осында жағдай болды, сондықтан билік “100 кітап” деген бағдарламаны қолға алды деуге болады. Шетел әдебиетін оқу халыққа дүниежүзін, өзге ел мен басқа ұлтты тануға, оларға толерант адам ретінде қарауға көмектеседі. Оқырман тек қазақ әдебиетін оқи берсе, шектен тыс ұлтшылдық қалыптасуы мүмкін, – дейді ол.

Қор өкілдері барлық кітапты шығаруға үлкен қаражаттың керек екенін айтты. Сондықтан да олар бұл бастаманың халық, қоғам болып қолдайтын жобаға айналғанын қалайды.

Болашақта көптің көмегімен шығатын кітаптар сериясы болып кетсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді “Отбасы хрестоматиясы” қорының авторлары.

Отбасы хрестоматиясы шығарған кітаптарды қордың әлеуметтік желідегі парақшаларынан, кітап дүкендерінен табуға болады.