— Кітап дүкендеріндегі балаларға арналған қазақша кітаптардың үлесі қандай?

— Qazyna дүкені ашылғанда балаларға арнап жазатын авторлар мен баспаларды іздедік. Бір қабырғаны балалар әдебиетіне арнап қойдық. Бірақ дүкен қызметі басталғанға дейін бір жарым жылдай кітап жинадық. Себебі Қазақстанда шыққан кітап кітапханаға таратылып, таусылады немесе автордың жертөлесінде қалып қояды. Бұл — балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптарға да қатысты мәселе.

3-10 жасар бүлдіршінге арналған кітап біраз бар. Ал жасөспірімдер мен жоғары класс оқушылары оқи алатын еңбек аз, жоқтың қасы. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасынан» бастап түрлі шығармасы кіретін үш томдық жинағы, тағы бірнеше кітабы ғана жасөспірімге арналған. Ал бұрынғы «Пионер бала» деген сияқты кітаптар қазіргі заманға сай келмейді.

Кеңес үкіметі кезіндегі кітаптың біразы қайта шыққан жоқ. Алайда сол кездегі аударылған еңбектер кейінірек тағы бір басылған еді. Бірақ оқырманға жетпеді. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көргендіктен кітапханаға таратылып, қызметкерлерге бөлініп кетті, сатуға да қалмады. Ақыры бұл бастама жалғаспай қалды.

Кей баспа кітапты Кеңес үкіметі кезінде қолданылған суреттермен шығарады. Ол визуал заманға сай келмейді. Неге қазақ балалар әдебиетінде Алдар көсе мен Қожанасыр жайлы ғана көп айтылады? Сонда қазақ алдау мен әзіл-күлкіден басқа ештеңе білмеген бе? Балалар әдебиетіндегі кейіпкерлер нақты зерттелмегендіктен назардан тыс қалып қоя берген. Одан бөлек дүниежүзі әдебиеті 1940-1950 жылдары қазақшаға аударылып, шығып жүрді. Одан кейін аударылмай қалды.

Балалар әдебиеті, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазір аударылып жатады, бірақ кейбірінің сапасы көңіл көншітпейді. Дұрыс тәржіма жасалмағандықтан оқырманға да өтпейді. Мысалы, авторлар балаларға арналған аударма қысқа болуы, мәтін бөлек-бөлек жазылуы қажет деп ойлайды. Тура сол кітапты кеңес үкіметі кезіндегі аударылған нұсқасымен салыстырсақ, біраз айырма бар. Қазіргі авторлар шығарманы қысқа жазып, қарапайымдатқысы келеді. Бірақ мәселе тез оқуда емес, түсінуде ғой. Мысалы, оқиғаны біреу әңгімелеп отыр, бірнеше оқиға бір мезетте болып жатыр делік. Осы күнгі аудармашылар оны бір-бір сөйлеммен ғана бергісі келеді. Оқиғалардың бір-бірімен байланысы барын соңында бір-ақ білесің.

— Балалар әдебиетін аударғанда қандай қателерді байқайсыз?

— Бір сыншының бұрын аударылған кітаптар жайлы пікірін оқып едім. «Австрийские губы», «орлиный нос» деген сөздерді «қоңқа мұрын», «ерінді» деп қате аударған деп жазады. Оның орнына «бүркіт тұмсықты», «австриялық ерін» деп аударуды ұсыныпты. Меніңше, сыншы өзі түсінбей отыр. Біздің оқырман австриялық ерін дегенді түсінбей қалады, себебі австриялықтың түрі қандай екенін көріп жүрген жоқ. Кітап авторы Америкадан шыққан, бәлкім ол австриялықтарды көріп жүрген шығар. Орыстың шашындай сап-cары екен десе, біз бірден түсінеміз. Себебі орыс халқы арамызда жүр, көзімізге елестете аламыз. Әдебиетті оқудағы мақсат – оны түсіну. Демек кітапты дәл аудару емес, мағынасын жоғалтпай тәржімалау маңызды болуы керек. Сондықтан бұрын аударылған балалар әдебиетін тауып, кітапты қайта шығару, жандандыру ойда бар.

Алмас Шәйкен
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Балаларға арналған кітаптарды шығаруда, жазуда қандай проблемалар бар?

— Жалпы балаларға арналған әдебиеттегі проблемаға келсек, қазақ тілінде балаға арналған заманауи кітап аз. Балаға қызық болатындай кітап табу қиын. Кейінгі кезде «Хәрри Поттер» сияқты әлемдік шығармалар аударылып жатыр.

Сонымен қатар авторлардың жазатын әңгімесінде тәрбиелік мән болмауы мүмкін. Бір жылдары классика болып кеткен «Менің атым Қожа» повесін де мектеп бағдарламасынан алып тастады. Себебі «Сұлтан – сотқар, бұзықтық жасайды, бала тәрбиесіне кері әсері болады» деді.

Кеңес үкіметінде қазақша материалға, еңбекке деген талғам қалыптаспаған, сапаға қатты көңіл бөлмеген. Себебі отарланған ел қаншалық сапасыз, талғамсыз болса, соғұрлым тиімді. Кітап пен аударылған еңбектің сапасына аса мән бермеген. Оның үстіне кеңес үкіметінің идеологиясын дәріптейтін сюжеттер, пионер туралы әңгімелейтін кітаптар шықты. Ұлттық, отбасылық құндылықтарға соққы жасап, жоюға тырысқан қадамдардың болғанын жасыра алмаймыз. Мұндай әдебиет оқуға қызық болғанымен, қазіргі заманға жарамайды. Сондықтан бүгінгі дәуірдің өз әдебиеті қалыптасуы керек. Ал оның орнына «Менің атым Қожа» шығармасын жазғырады. Бағдарламадан бәрін алып тастасақ, біздің әдебиет банализмге көшеді. Мысалы, кейінгі кітаптарда «мынау ақ, мынау қара» деп төтесінен айтады. Бұл бала ойының дамуына, талғамының өспеуіне әсер етеді. Авторлар тым қарапайым жазады. «Бұлай болмайды», «мынау жаман», «телефон шұқылап отырып, құбыжыққа айналып кетті» деген сияқты тым қарапайым сценарийлер бар. Тарихқа көз жүгіртсек, Төле биге сегіз жасында билік етуге мүмкіндік берген. Бұл Төле бидің мықтылығы болып көрінеді, бірақ ол заманда сегіз жасар баланың тегіне қарап, оны қолдап, өзіне деген сенімін арттыру үшін көп алдында сөйлеуге жіберіп, сынаған. Қазір «тиме, бүйтпе, жолама, болмайды, тыныш отыр» деп айту белең алды. Бала оқытудағы, оған бірдеңе үйретудегі методология да толық дамымаған. Негізі біздің халықта баланың сағын сындырмау, көңілін қалдырмау, еңсесін көтеру деген маңызды түсініктер бар еді. Бірақ мұны білмейтін ата-ана мен тәрбиешілер кездеседі.

Балалар, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Балаларға арналған кітаптардың сапасы жайында не айтасыз?

— Кітаптағы «Кешіріңіз деп айтты», «Рақмет деді» деген әңгімелерге банализм деп қараймын. Себебі кешіріңіз деп тұрып, біреуді ұрып кетуге де болады. Автор мұндай сөздерді айтып, сыпайы болуды үйретемін деп есептесе, қателеседі. Сол сөздің астарындағы мағынасын, жауапкершілігі мен салмағын бала сезінбесе, оны сырттан ешкім бере алмайды. Әдебиеттегі Қожаның образы, оның ішкі күйзелісі, әкесі жоқтықтан көрген қиындығы, Сұлтанға еріп кеткен кездегі сезімі, анасын ойлап, содан қайтуы – осының бәрін оқып отырған бала оқиғаны қорытады, санасы мен жүрегінен өткізеді. Кітапта Сұлтан сотқар, жаман бала деп тұрған жоқ. Бір жағынан оның еркіндігі қызықтырады, екінші жағынан тәрбиесі осал екенін де көрсетеді. Шығарманы оқыған бала образдарды өзі талдап, өзі қорытуы керек.

Қазіргі әдебиеттегі банализм өмірге сай келмейді, сонысымен де өтпейді, ештеңе бермейді. Тіпті қыздарға ана болуды үйретеміз деп, тамақ істеуді, сәлем салуды, тоқуды көрсетіп жатады. Бірақ мұның бәрі — тым қарапайым дүние. Оның орнына аналық мейірімнің не екенін жастайынан бойына сіңірген дұрыс шығар. Саналы бала әдеби шығармадағы образдарды өмірдегі адамдармен салыстырып, бір жанның жамандық жасайтынын, енді біреудің керісінше қайырымды екенін түсінеді. Болмашы нәрсеге ренжімей, терең ойлай алады. Кітапта мына нәрсе мынадай, ол зиян, оған тимеу керек деген нәрсе көбіне жеткіліксіз. Достықты да «Досың не сұраса да, беру керек» деп ұғындыра алмайсың. Өйткені ол үлкен ұғым, әр жағдайды түрлі сипатта әңгімелеуге, терең түсіндіруге тура келеді. Өмірдегі күнделікті жағдайлармен байланыстыру керек.

Алмас Шәйкен
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Авторлар нені ескеруі керек?

Балаларға арналған кітап шығаруда ерекшелік бар. Авторға жай ғана жазып шығу жеткіліксіз. Шығарманы өтімді ету үшін қасына сурет, анимация, графика қосу міндетті. Оны да құр бере салмай, әңгімеге үйлесетіндей ету керек. Ересектерге арналған кітап шығарудан балалар мен жасөспірімдер әдебиетін шығарудың қиындау екені де сол. Графикасына біраз қаражат кетсе, тиражы аз болуы мүмкін. Аз тиражбен шығарса, тағы қымбатқа түседі. Тиражды көбейтейін десе, өтпей қалу қаупі бар. Осындай проблемалар бірінен соң бірі шыға береді. Сондықтан бұл салаға, бұл әдебиетке адам келе бермейді, айналыспайды.

Балалар, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Қазіргі ата-аналар мен балалардың талғамы қандай?

— Баланың әлдебір дүниеге деген талғамы да ата-ана арқылы қалыптасады. Бала көп жағдайда ата-анасына қарайды. Кітапқа баулу деген бар. Мысалы, бала көп сұрақ қояды, оның бәріне ата-ана жауап бере алмауы мүмкін. Мұндайда ересектердің «білмеймін»,»қойшы, басымды қатырдың» деген сияқты жауабы жарамайды. Ата-ананың ең жақсы тәрбиесі — баланың бір нәрсені түсінуге, зерттеуге деген құлшынысын арттыру. Әр үйде кітаптар тұрса, әлдебір сұраққа жауап таба алмағанда, ата-ананың аузынан «Осы кітаптардан іздеп көру керек, жауабы кітапта бар шығар?» деген жауап шықса, кітапқа баулу деген осы емес пе? Нәтижесінде кітап ата-анадан да беделді болып шығады. Сәйкесінше мұндай тәрбие көрген балада «кітап — білу инструменті» деген механизм қалыптасады. Артық білім кітапта екенін ұғады. Әйтпесе балаға барлық жақтан тәрбие беріп, әр ісін қадағалап отыру мүмкін емес.