Армения мен Әзірбайжан қақтығысы: ҚР СІМ мәлімдеме жасады

Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта орын алған армян-әзірбайжан қақтығысының ушығуына аса алаңдаушылығын білдіреді.

Бізге достас Әзірбайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараны қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз. Халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайынбыз. АӨСШК қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынамыз, — делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Еске салайық, мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының президенті Араик Арутюнян елде соғыс жағдайын енгізіп, мобилизация жариялады. Бұл туралы Қарабақ басшысының баспасөз хатшысы Ваграм Погосян мәлімдеді.

Ол өзінің Facebook-тегі парақшасында Арутюнянның мәлімдемесін жариялады: «Қазіргі жағдайға байланысты Ұлттық жиналыстың кезектен тыс отырысы шақырылды. Депутаттар алдында соғыс жағдайы мен 18 жастан асқан адамдарды жаппай әскерге шақыру туралы жарияладым, — деп хабарлады ол.

Қарабақ омбудсмені Артак Бегларян Әзірбайжанмен атыс салдарынан бір әйел мен баланың қайтыс болғанын мәлімдеді.

Әзірбайжандардың атысы салдарынан бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Мартунин ауданында екі адам қайтыс болды — әйел мен бала, екеуі адам жарақат алды. Басқа елді мекендер бойынша деректер нақтыланып жатыр. Мектептер, соның ішінде Степанакерт те артиллериялық атысқа ұшырады, — деп жазды Бегларян Facebook-те.

Қарабақ
Фото: Tengrinews.kz

Ол Қарабақта азаматтық инфрақұрылым зақымдалғанын айтты.

Жексенбіде Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі Армения Қарулы Күштері Қарабақтағы елді мекендерге оқ жаудырғанын мәлімдеді, осы мәліметтерге сәйкес, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар. Армения ҚМ мәлімдеуінше, Карабақ «әуе және зымыран шабуылына тап болған», Армения жағы Әзірбайжанның екі тікұшағы мен үш ұшағын жойғанын хабарлады.

Қарабақтағы қақтығыс 1988 жылы ақпанда, Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзірбайжан КСР құрамынан шығатынын жариялағанда басталған болатын. 1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Әзірбайжан Таулы Қарабақ пен оған іргелес жатқан жеті ауданды бақылаудан шығарып алды. 1992 жылдан бері жанжалды бейбіт реттеу бойынша ЕҚЫҰ-ның Минск тобы шеңберінде Ресей, АҚШ және Франция тең төрағаларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әзірбайжан өзінің аумағы тұтас болғанын талап етеді, ал Армения мойындалмаған республиканың мүддесін қорғап отыр.