Қызылорда өңірінде оқушылардың 71%-і компьютермен қамтылған

Ең әуелі мектеп балансындағы компьютерлер берілді. Мектептердегі жалпы компьютерлер саны — 20 856. Оның жарамдысы — 14203. 6653 компьютер қашықтан оқытуға жарамсыз.

Қашықтан оқитын 228 мектептегі 134 711 оқушының 71%-і компьютерлік техникалық құралдармен қамтылған. Ал компьютері жоқ, тек смтартфоны бар 39 562, яғни 29% оқушыны компьютерлік техникамен қамтуға тиісті жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Тамыз айында мектеп балансындағы 14 203 компьютер оқушыларға уақытша пайдалануға берілді.

Жергілікті бюджет есебінен 150,5 миллион теңге қаржыға техникалар мен 2492 планшет сатып алынды.

«Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 1518 оқушыға ноутбуктер мен планшеттер берілді.

Қашықтан оқыту кезінде қажеттілігі жоғары оқушыларға Үкімет қоры есебінен бөлінген компьютерлер мен ноутбуктер келе бастады. Жақында 1000 ноутбук пен 503 планшет әкелінді.

Компьютерлік техникалары мүлдем жоқ, смартфонмен білім алып отырған оқушылар үшін 3,4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржыға 4802 планшет, 14362 ноутбук, 3706 компьютер алынады деп жоспарланып отыр.

Компьютерлік техникалардың жеткізілу уақыты келісімшарт бойынша 28 қыркүйекке жоспарланған. Қазіргі таңда компьютерлер кезең-кезеңімен жеткізіліп отыр.

Айта кетейік, бұл компьютерлер келісімшарт негізінде балаларға уақытша беріледі. Пандемия кезеңі аяқталған кезде электронды құрылғылар мектеп балансына өтеді.