Асхат Аймағамбетов қазір мектептердегі жағдай реттелгенін, енді жоғары оқу орындарындағы қағазбастылық проблемасын шешу керек екенін айтты.
Әртүрлі реформалар жүзеге асырылып жатыр. Олар керек. Алайда соның ішінде ең басты мәселенің бірі — педагогтарға кедергі жасайтын есеп, жалақы және дербестік мәселесі. Біз мектептер бойынша арнайы бұйрықтар қабылдап, толтыратын нақты тізімді бекіттік. Мектептегі мәселе едәуір реттеліп қалды. Кезінде электрон күнделікті енгізген кезде де қаншама сұрақ туындаған. Бірақ цифрландыру бағытында біз алға жылжыдық, — деді Асхат Аймағамбетов министрлік аппараты отырысында.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі уақытта ведомство академия және басқарушы құзыреттерінің бәрін университеттерге беріп жатыр. Соған байланысты министрлік оқу орындарынан ешқандай құжат сұрамайды.
2 қыркүйек күні бұйрыққа қол қойып, оны Әділет министрлігіне тіркедік. Енді осы бұйрықтың шеңберінде жұмыс істеу керек. Білім және ғылым министрлігі университеттерден ешқандай құжаттарды талап етпейді, — деді ол.
Министр ЖОО педагогтары қажетсіз жұмыстың бәрінен босап, өз міндетімен айналысуы керек екенін айтты.
Қазір миға сыймайтын есеп түрлері бар. Мойындау керек. Кәсіпті айқындау журналы, жұмысқа орналасқаны туралы анықтама талап етіледі. ЖОО-лардың бәрі демеймін, бірақ біразы әлі күнге дейін осы анықтаманы талап етіп жүр. Оның не керегі бар? Білім және ғылым министрлігіне ол құжат мүлдем керек емес. Жұмысқа орналасу көрсеткішін біз басқа мемлекеттік органдардың электрон базасынан ала саламыз. Мәліметтер жетеді. Тіпті педагогтарға ойға сыймайтын талап қоятындар бар. Әсіресе, жазда кейбір ЖОО-лардағы педагогтардың жұмысы қаншама абитуриентті оқу орнына тарта алатынына байланысты бағаланады. Бұл тіпті нонсенс. Шын мәнінде педагог өз ісімен айналысуы керек, — деді ол.