Түркістан облысында қайтарымсыз грантпен кәсібін дамытқандар көбейіп келеді

Еңбекқор оңтүстік жұртының екі қолға бір күрес ұстаған тұрғындары осылайша кәсіп көзін тауып, саудасын дөңгелетіп отыр.

Солардың бірі — Арыс тұрғыны Балнұр Төрехан. Қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, тігінші мамандығын игерген. Қазір үйінде отырып-ақ табыс тауып отыр. Балнұр қайтарымсыз 505 мың теңге мемлекеттік грант жеңіп алып, үй ішінен кішігірім тігін цехын ашқан. Арнайы тігін машинасын сатып алған. Сұранысқа орай, әйелдерге арналған түрлі 10 дана орамал тігіп, оларды кемінде 2500 теңгеден сатады.

орамал, тігін

Шығынды есептемегенде айына 300 мың теңге таза табыс табамын. Бұл кәсібімді жүргізгеніме бір жылға жуықтады. Қазіргі таңда үйде отырып интернет арқылы бұйымдарды саудаға шығарудамын, — дейді жеке кәсіпкер.

Мемлекеттік қайтарымсыз грант игілігін көрген Арыстың тағы бір тұрғыны Алым Оспанхан 2019 жылы жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 505 000 теңге қаржылай көмек алған. Ол өзінің фаст-фуд өнімдері туралы бизнес жоспарын 1 айлық курста шыңдап, мемлекеттік грантты жеңген. Қазіргі таңда жұмысы алға басып, келушілер қатары көбейген. Інісі екеуі ғана кәсіпті дөңгелетіп отыр.

Қазір күніне шығыннан бөлек 20 мың теңге табыс түсуде. Алдағы уақытта Арыста фаст-фуд өнімдерінің желісін ашу ойда бар, — дейді Алым Оспанхан.

Мұнда аталған бағдарламаны тиімді пайдаланып, кәсіптерін дамытып жатқан азаматтар қатары артып келеді. Биылға бөлінген 139 гранттың 80-і игеріліп, қазіргі таңда жұмыстарын жүргізіп келеді.

Анығында, өңірде қайтарымсыз қаражат алып кәсіп ашқысы келетін әрбір азамат тұрғылықты жердегі Жұмыспен қамту орталығына барып, кәсіптің қыр-сыры, қайтарымсыз грантты қалай алу туралы толық ақпарат алуына болады. Онан ары ай көлемінде кәсіпкерлік туралы білім алып, бизнес жоспары мақұлданса, мемлекеттен бөлінген көмекке ие болмақ.