24 жастағы Бауыржан Амантай осыдан 5 жыл бұрын Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға қоныс аударған. Қытайдағы мектепте 11-класс оқып жүргенде фрисби спортына қатысып, Шыңжаң командасының мүшесі болыпты.

2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түседі. Алматыда фрисби ойнайтындардың мүлдем жоқ екенін сол кезде біледі. Содан бастап елге фрисбиді таныту Бауыржанның бірден-бір мақсатына айналды. Оның айтуынша, бүгінде бұл спорт түрі біраз елде кеңінен тараған.

фрисби
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

1940 жылдың соңында Америка қоғамында аспанда ұшып жүретін белгісіз объектілер туралы көп айтылатын. Сол кезде өнертапқыш Уолтер Моррисон НЛО тәріздес пластиктен ұшатын тәрелке ойлап тапқан. Халықтың ұшатын тәрелкеге немесе дискіге қызыққаны сонша, бұл сол жылдары ең көп сатылған тауар түріне айналған екен. Бұдан бөлек Йель университетінің екі студенті бос уақытында Frisbie Pie компаниясының бәліш пісіретін қалыптарын бір-біріне лақтырып ойнаған деген де нұсқа бар. Frisbie бәліштерінің студенттер арасында танымал болғаны сонша, ұшатын дискті шығарушы компания бір ғана әріпті өзгертіп, дискіге «Frisbее» деген атау берген екен. Міне, осы екі оқиға Фрисби спортының пайда болуына себеп болыпты, — дейді жаттықтырушы.

фрисби
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фрисби — пластмассадан жасалған диск. Ойыншылар бір-біріне дискті ұшыру арқылы береді. Ойынның басты мақсаты — топ мүшелері қарсылас команданың алаңының соңында тұрған командаласына дискіні жолдау.

Фрисби туралы Қазақстандағы достарыма, таныстарыма алғаш айтқанымда «Итке сүйек немесе тәрелке лақтырғандай» деп күліп, мазақ ететін. Көбі түсінбейтін. Бірақ фрисби өзіме ерекше ұнайтын. Достарымнан бір рет болсын ойнап көруін сұрайтынмын. Тіпті оларға сол үшін кешкі ас алып беретін едім. Студент атанған соң топтағы курстастарымды шақырып, ақырындап фрисбиді көпшілікке таныта бастадым, — дейді Бауыржан.

фрисби
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әр команда бес немесе жеті адамнан тұрады. Халықаралық жарыстарда командалар жасына қарай бөлініп, сайысады. Бауыржанның айтуынша, фрисбидің басқа спорт түрлеріне қарағанда ерекшелегі өте көп. Мысалы, солардың бірі — қыздар мен ұлдардың бірге ойнауы.

Ұлдар мен қыздар жеке-жеке және араласып ойнауына болады. Нағыз гендер теңдігін сақтайтын спорт десем, қателеспеймін. Аралас командада жеті адамның үшеуі немесе бес адамның екеуі қыз болуға тиіс. Сонымен бірге, ойын кезінде ойыншылардың денелері бір-біріне мүлдем тимеуі керек. Ойыншы қарсыластың алдын қоршаған кезде 1 метр қашықтықты сақтайды. Дискті қағып алған адам жүгірмей, дәл сол орнында тұрып, топ мүшесіне дискіні беруі қажет. Қарсыластың қолынан дискіні тартып алуға болмайды, — дейді Бауыржан.

фрисби
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
фрисби
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фрисбиді волейбол алаңында, футбол стадионында және құмның үстінде ойнайды. Бір қызығы, ойын кезінде төреші болмайды.

Ойынды бақылап, ұпай қоятын төреші болады. Бірақ ойынның арасында жүріп, ойыншылырдың қатесін айтып, тоқтатын төреші жоқ. Екі команда мүшесінің арасында кикілжің туса, оны өзара сөйлесу арқылы шешеді. Оған команданың басқа мүшелері араласпайды. Соның арқасында ойын кезінде ешкімді ойыннан шектемейді, көп ұрыс-керіс болмайды. Фрисби ұйымшылдық пен достық деген құндылықтарға ерекше мән береді, — дейді жаттықтырушы.

фрисби
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бауыржан 5 жыл ішінде 40-қа жуық адамға фрисбиді үйреткен. Қазір оның командасында шамамен 15-20 адам бар. Олар — түрлі саладағы қарапайым студенттер. Бірі болашақ педагог, енді бірі программист. Ал кейбірі осы спорт саласында жүргендер. Олар аптасына екі рет жиналып, фрисби ойнайды.

2019 жылы Қарағандыда республикалық фрисби жарысы өтті. Қазақстан бойынша төрт топ қатысты. Ішінде біздің команда үздік атанып, Ресейге жолдама алды. Ресейдегі жарыста төртінші орын иелендік. Меніңше, бұл — үлкен жетістік. Себебі ойыншыларға Қытайдан оқып келгенімді ғана үйреттім. Қалған тактика мен әдістерді спортшылар Youtube желісіндегі видеолар арқылы меңгерді, — дейді ол.

фрисби
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Оның айтуынша, фрисби жас талғамайды. Кішкентай баладан еңкейген қартқа дейін ойнауына болады. Бауыржан фрисбиді мектеп бағдарламасына да енгізу артық етпейді деп есептейді.

фрисби
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қытайда бастауыш класс оқушылары фрисби ойнайды. Меніңше, бұл спорттың кез келген адамға пайдасы зор. Ойын кезінде адамның денесі шымырланады, үнемі қозғалыста болады, — дейді жаттықтырушы Бауыржан Амантай.

фрисби
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазір Қазақстанда фрисбимен айналысатын төрт команда бар. Алматыда, Қарағандыда бір-бірден, ал Нұр-Сұлтанда екі команда құрылған. Оның ішінде тек Қарағандыдағы фрисби командасы қалалық федерация құқығына ие болып отыр. Бауыржанның тобының мақсаты — Алматы қалалық фрисби федерациясы атану. Қазір керек құжат жиналып жатыр.

Командадағы жастың көбі — мен сияқты Қытайдан көшіп келгендер. Осы күнге дейін көбі азаматтық ала алмай, шетелге жарысқа бара алмады. Қазір барлығы Қазақстан азаматы атанды. Енді емін-еркін шетелге жарысқа бара алады, команданы Алматы қалалық федерациясы ретінде тіркеуге мүмкіндік бар. Құжатымыз реттелген соң мемлекеттен қолдау аламыз деген үміттеміз, — дейді жаттықтырушы.

Фрисби
Фото: Бақдәулет Әбдуалы