Дискриминация термині латынның «discriminatio», яғни айыру, ажырату деген сөзінен шыққан. Дискриминация — әлдебір белгіге байланысты адамды бөле-жара қарау, алалау немесе оған негатив қарым-қатынас жасап, құқығынан айыру.
Адам дискриминацияға жынысы, ұлты, ұстанатын діні, терісінің түсі, сөйлейтін тілі, отбасы немесе денсаулық жағдайына қарай ұшырауы мүмкін. Мұндай алалаудың түр-түрі бар және әрқайсы бөлек термин түрінде түсіндіріледі.
Дискриминацияның қандай түрлері бар?
Эйджизм – адамды оның жасына қарай алалау. Көбіне егде жастағыларға, өтпелі кезеңдегі жасөспірімдерге және кішкентай балаларға байланысты болуы мүмкін. Эйджизммен адам жұмысқа орналасарда, ұжымда, белгілі бір мекерелерге қатысқанда және басқа кез келген жерде кезігеді. Мысалы, «зейнетке шыққалы тұр екенсіз, біздің вакансияға келмейсіз» деп тек осы фактор бойынша жұмысқа алмауы мүмкін.
Каста — белгілі бір тұрғылықты жердегі халықты, қоғамдық топты шығу тегіне немесе санының аз болуына қарай бөлу, құқығын шектеу.
Эйлизм немесе дисаблизм — адамды мүгедектігіне, белгілі бір физикалық ерекшелігіне байланысты алалау.
Ұлтына қарай шеттету де осы қатарда. Дискриминацияның бұл түріне жол бермеу үшін көп мемлекет мұндай іс-әрекетті заңғы қайшы деп таниды. Бірақ қоғамда, күнделікті тұрмыста тұлғаны ұлтына қарай бөліп қарау бар.
Расизм — адамды этникалық шығу тегіне және нәсіліне қарай бөлу. Мұны ұлтқа байланысты қалыптасатын дискриминациядан ажырату керек. Нәсілшілдер адамның түсіне, өзін ұстау ерекшелігі мен жүріп-тұру әдебіне қарай оны өзгелерден бөліп қарайды.
Діни сеніміне қарай дискриминацияда адам өзі сенетін және ұстанатын дінін басқалардан жоғары қояды, яғни өзге дінді қолдайтындарды алалап, төмендетеді.
Сексизм — адамды жынысына байланысты бөліп, бірінен екіншісін артық қою. Сексизм гендер теңсіздігімен тікелей байланысты. Сексизм — әйел мен ерді жынысына қарай алалау, күші мен құқығын тең көрмеу.
Гетеросексизм немесе гомофобия — жыныс ориентациясына байланысты қоғамның басым бөлігінен қорлауға, мазаққа ұшырау, құқығы шектелу.
Сөйлеу тіліне қарай дискриминация бір тілде сөйлейтін немесе мүлдем сөйлемейтін адамға бағытталады.
Есірткі пайдалануына байланысты дискриминация. Мұнда адам есірткі қолдануына байланысты жұмысқа тұрудан, сотқа қатысудан және саяхаттаудан шеттетілуі мүмкін.
Кейде қазақ қоғамында да ру сұрау да дискриминацияны көрсетіп жатады, яғни сұраған адам өзіне ұнамайтын ру өкілдерін шеттетуге тырысады. Сонымен қатар Қазақстанның қай өңірінен екенін сұрап, бір жердің адамдары қосыла қалса, басқа өлкенің адамын бөлу де біздің қоғамда бар.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, дискриминация беймәлім немесе заңдастырылған күйде кездесуі мүмкін.
Дискриминация — күрделі құбылыс. Оның әлеуметтік, экономикалық және саяси деген түрлері бар. Әлеуметтік дискриминацияны алсақ, қазақ қоғамындағы дәстүр, наным-сенім және таптаурындар түрінде өмір сүруді айтамыз. «Әйел ерден төмен тұрады» деген түсінік те гендерлік, әлеуметтік дискриминацияға негіз. «Ана тілін білмейді» деп бөлу, этникалық ерекшелігіне қарай адамды алалау да кездеседі. Қордайдағы дүнгендер мәселесін де айтуға болады. Дискриминацияның заңдастырылған түрі де бар. Мысалы, кей мемлекетте аз топ өкілдеріне қатысты дискриминация заңдары болды. Кеңес одағында гомосексуалдарды қудалады, сондықтан олар өзін таныстыруға, ориентациясы жайлы ашық айтуға қорқып, оны жасыруға мәжбүр болды. Фашистік Германия кезіндегі еврейлердің қудалануы сияқты заңдастырылған дискриминацияға тарихтан мысал көп, — дейді әлеуметтанушы.
Дискриминацияның позитив түрі де бар.
Мысалы, елдегі аз саналатын немесе мүмкіндігі шектеулі қоғам өкілдеріне арнайы квота, бағдарлама жасауды позитив дискриминацияға жатқызамыз. Ауыл балаларының білім алуына арнайы квота, грант бөлу де позитив дискриминацияның көрінісі, — дейді Серік Бейсембаев.
Дискриминация қоғам өміріне қалай әсер етеді?
Дискриминациямен күрес — дамыған мемлекеттер саясатының ажырамас бөлігі. Біраз елдің конституциясында дискриминацияға жол бермеу туралы баптар бар.
Адамды алалаудың нақты бір түрін анықтап, онымен күресу халықаралық нормалармен бекітілген. Әр елдің конституциясында да дискриминацияны болдырмайтын баптар бар. Бірақ заңмен бекітілгенмен іс жүзінде орындалмауы мүмкін, — дейді әлеуметтанушы.
Сарапшының айтуынша, дискриминация қоғам дамуын тежейді. Ең үлкен зардабы – адамның құқығын, бостандығын шектеу.
Әсіресе аз топқа бағытталған кереғар ұстаным сол топ өкіліне азамат ретінде танылуға бөгет жасайды. Бұл тұлғаға азамат деп емес, қандай да бір ортаға тиесілі адам ретінде қарауға, бағалауға апарады. Соған сай оны шеттету, алалау болады. Сондықтан да дискрмининациямен, әсіресе оның адам өміріне, денсаулығына қауіпті түрімен күресу өте маңызды, — дейді маман.
Адамның бір бірін алалауына не себеп?
Адамды алалауға мына нәрсе себеп болады деп біржақты қарауға болмайды. Алайда психолог Сая Бақимованың айтуынша, нәрестенің психикасы о бастан дискретті, яғни бөлшектерден тұрады.
Психиканы тұтас құбылыс ретінде қарастыру үшін тұлға белгілі бір жасқа жетуі, дамуы керек. Мысалы, 2-3 жасар бала үйдегі барлық кәмпитті жеп алады да, «мен жемедім» дейді. Ол өтірік айтып тұрған жоқ, оның әзірше психикасы солай жұмыс істейді. Психиканың бір бөлігі кәмпитті жеп алса, екінші бөлігі жемегеніне сеніп тұр. Бұл — қалыпты даму процесі, — дейді маман.
Бірақ кейде туабітті ерекшелік, түрлі күйзеліс әуелден бөлшектерге бөлінген психиканың тұтасуына кедергі болады екен.
Мұны ауырлығына байланысты психикалық ауытқуға жатқызамыз. Тұтастық болмағандықтан, мұндай адамдардың психикасында үнемі жақсы «біз» бен жаман «олар» бар. Жағымды «өзіміздікіне» қарсы тұратын жағымсыз «басқалар» бар. Ку-клукс-клан сияқты топтарды құруға апаратын расизм — психотиканың белгісі. Алайда не нәрсенің де мәдени жағына, ситуациялық контекстіне мән беру керек. Тарихи қалыптасқан әдет бойынша халқымыз үшін ру сұрасу, ата-тек, шыққан жерін сұрау — қалыпты нәрсе. «Менің руым пәлен, ал досымның руы түген, бірақ мұның достығымызға еш әсері жоқ» десе, қалыпты. Алайда «Ананың руы мынадай екен, енді оны көрген сайын тиісіп өтемін» деу — сау психиканың көрінісі емес, — дейді психолог Сая Бақимова.