Қызылорда облысында 5-сыныпқа дейінгі оқушылар дәстүрлі білім алады

Жаңа оқу жылында Білім және ғылым министрлігі ұсынған тәсілдер бойынша облыста 220 мектепте қашықтан оқытылса (116 592 оқушы), шалғай орналасқан елді мекендегі 73 мектепте (11004 оқушы) дәстүрлі оқытылады. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде айтты.

Биылғы оқу жылында ата-аналардың өтінішіне сәйкес, 1-4-сыныптағы 41 547 оқушы дәстүрлі білім алмақ.

Бұл ретте білім беру ұйымдарында санитария талаптары қатаң сақталады.

Қашықтан оқитын балаларды компьютерлік техникалық құралдармен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, мектеп теңгеріміндегі компьютерлер оқушыларға уақытша пайдалануға берілді.

Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 176,7 миллион теңге қарастырылып, бұл қаржыға 2635 планшет алынды.

Ал республикалық бюджеттен бөлінген 3,4 миллиард теңге қаржыға 22 870 компьютер техникаларын сатып алу жұмыстары жүріп жатыр.