— Олжас, балаларға арнап өлең жазып жүргеніңізге көп болмады. Бұл тақырыпқа көшуге не себеп болды? Балаларға арналған өлеңді қалай жазасыз?
— Бұл шығармаларды өз балаларымның игілігі үшін жаза бастадым. Қазір біреуі 4 жаста, екіншісі жасқа толды. Бірде үлкенім ертеңгілікке қатыспақ болды. «Алғыс айту» күніне байланысты апайы тақпақ беріпті. Жаттайын десе, әлгі өлеңнің жолдары бір-бірімен ұйқаспайды. Баланың тіліне де ауыр. Сосын өзім «Алғыс айтамын» деген өлең жазып бердім. Оны балам қазір жатқа біледі. Содан кейін балалар әдебиетіне қалам тарта бастадым. Өлеңдерім балалардың қазіргі өміріне сай келгенін қалаймын. Өздері пайдаланатын ролик, самокат, найнбот сияқты «көліктер» туралы жаздым. Бүгінгі баланың танымы, тіршілігі бөлек қой. Бұрынғыдай шана туралы немесе «Мен ақылды боламын» деген мәндегі өлеңдер өтпейді.
Көшеге шыққанда, ойын алаңында жүргенде түрлі жастағы баланы бақылап, қылығын «аңдимын». Солардың ішінен жақсы, қызық болады-ау деген тақырып таңдауға тырысамын. Өйткені балалардың арасындағы өмірді көріп, түйсініп жазғанға ештеңе жетпейді.
— Өлеңді қандай ұйқаспен жазып жүрсіз?
— Жаттауға, баланың тіліне жеңіл болуы үшін өлең көбінесе шалыс ұйқаспен (а-б-а-б) жазылады. Мен де сөйтем. Алдағы уақытта басқа да ұйқас, формаларға барып, ізденіс жасағым келеді. Түрлі жанрда жазбақшымын. Балаларға арналған біраз өлеңім бар. Дегенмен бір кітапқа жүк болмай тұр. Әлі еңбектенуім қажет. Оны шығарған соң баланың көңілінен, ойынан шығатындай болса деймін. Кітапты толтыра салу оңай, бірақ оқылатын дүниелер жазу қиын. Балаларға арналған өлең кітап және «Том Сойердің басынан кешкендері» деген сияқты бала кездегі оқиғаларды бір кейіпкердің басына жинап, прозалық шығарма жазу жоспарда бар.
— Қазіргі балаларға қандай кейіпкер, қандай тақырып жетіспейді? Оларды өлең оқуға қалай қызықтырған дұрыс? Бұл үшін өзіңіз не істеп жатсыз?
— Қазіргі балаларға қаһармандар жетіспейді. Оларға бұрынғы Алпамыс, Қобыланды сияқты батырлар немесе Құртқа, Қыз Жібек, Ақжүніс сияқты апаларымыз емес, Анна мен Эльза («Мұзды өлке» мультфильмі кейіпкерлері) сияқты заманауи кейіпкерлер қажет. Балалардың санасында тез жатталатын, кейпі де ерекше батырларды жасап шыққан дұрыс. Мұны өлең, проза ретінде жазудан бұрын анимациялық фильм етіп жасаудан бастау керек шығар. Содан кейін балаларға арнап шығарма жазатын ақын-жазушылар бұл бағытты іліп әкетеді деп ойлаймын.
— Ондай кейіпкерлер жасап шығару жоспарыңызда бар ма?
— Өзім балалар әдебиетіне енді кірісіп жатқандықтан әзірше мұндай қаһармандар жасап шығаратын ойым жоқ. Меніңше, бұл салада бұрыннан қалам тербеп жүргендер осы тақырыпты игеріп кете алады. Аниматорлар шығармаларымнан жақсы кейіпкер тауып, алып жатса, онда болады. Дегенмен әзірше қаһарман болатындай кейіпкер жасай алған жоқпыз.
Балалар бір-бірі туралы оқығысы келеді. Солардың арасындағы ерлікке, жеңіске жеткен балаларды дәріптей алмай жатқан сияқтымыз. Бұл олқылықтың орнын аз да болса толтыру үшін бірде «Достарыммен мақтанам» деген топтама жазған едім. Онда өрт шыққанда бауырларын құтқарып қалған, оттан көршілерін алып шыққан балалар туралы да қостым.
Достарыммен мақтанамын
(Топтама)
Шахматшы
Әр қадамын басарда,
Ол ойланып жүреді.
Қарсыластың қашанда
Осал тұсын біледі.
Желден жүйрік оның кіл
Пілі менен аты да.
Қателессең дайын тұр
Саған қояр маты да…
Өнертапқыш
Үлкендерден бата алған
Асыл досым Ағабек.
Өнерімен атанған
Өнертапқыш бала деп.
Білім оның серігі,
Таудай биік талабы.
Ойлап тапқан көлігі
Күннен қуат алады…
Батыр бала
Табылатын жанымнан
Менің досым Бердібек,
Ерлігімен танылған
Нағыз батыр, ержүрек.
Қорқынышты жек көрген,
Ол үйінің қорғаны,
Қиындықтан тап келген
Бауырларын қорғады.
Шамы сөніп қаламның,
Түннің келген шағында
Үйі кенет олардың
Ораныпты жалынға.
Үйде бірақ сол күні
Ата-анасы жоқ еді.
Қарындасы Мөлдір мен
Екі інісі бар еді.
Аңдап басып ақырын,
Жанған өрттен қауіпті
Бауырларын батырың
Тез құтқарып алыпты…
Бірнеше миллион көрермені бар, вайн түсіріп жүрген балалар бар. Оларды неге дәріптемеске? Өнертапқыш, қазірден-ақ мықты спортшы атанғандарды да жазғым келеді. Оларды таныған бала қатарластарына ұқсауға тырысады, еліктейді.
Қазір мазақтамалар жазу қалып бара жатыр. Ал бұл бағытта тақырып көп. Мысалы, YouTube-тен шықпайтын балаларды алуға болады. Балабақшаға барғысы келмейтіндер бар. Соларды қайрайтын мазақтама топтамасын жазуға болады.
Жас өскіндерге арналған жаңа скетчтер де жоқ. Алдында скетч жазуға өтініш түсті. Алдымыздағы аға буын не жазды екен, қалай жазды екен деп ізденіп едім, Әдібай Табылдының еңбектерін таптым. Бірақ ол кісінің жазғандары қазіргі заман үшін ескіріп кеткен екен. Сондықтан жаңа скетчтер, мерекелік қойылымдар жазуға кірісемін.
— Өтебай Тұрманжановтың «Нан қиқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар…» деп басталатын немесе Әнуарбек Дүйсенбиевтің «Апаң сенің базардан» деген сияқты өлеңдер қазір жазылып жүр ме?
— Бұл ағалар сияқты өнімді жұмыс істеп жатқан Серікбол Хасан бар. Пандемия басталғанда, карантин кезінде «Қолыңды жу» деген өлеңі көп таралды. Балалар жатқа айтып жүр. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді». Бұл жағынан Серікбол алда тұр. Оның бұл өлеңі тіпті анимациялық роликке айналып, Balapan телеарнасынан көрсетілді. Алғашқы шумақтарын оқып көріңізші:
Қолға сабын алып,
Мөлдір суға салып.
Жуу керек жиі,
Ақ көбікке малып.
Жасыл, қызыл, ағын,
Қолдана бер бәрін.
Жуынғанда дәйім,
Қолда тұрсын сабын…
Жақан Смақовтың, Өтебай Тұрманжановтың, Әнуарбек Дүйсенбиевтің өлеңдері ауыздан түсе қойған жоқ. Балалар балабақшада осы авторлардың өлеңін жатқа оқып жүр. Кейінгі уақытта осы бағытта жазатын қаламгерлердің қатары көбейді. Қызылордада Қуат Адис деген ағамыз бар. Ақтөбеде Ертай Ашықбаев, Алматыда Асылан Тілеген бар. Астанадағы Мирас Асан да балалар тақырыбына көше бастады. Ретбек Мағаз қазір жақсы көрініп жүр. Ретбектің «Үй мүліктерінің айтысы» деген топтамасы «Ақ желкен» журналына шықты. Ол былай басталады:
Үй іші бастарының біріккені,
Ал бұрын әр қиырда тұрып та еді.
Бір күні бір-бірімен сөз таласты,
Бір үйдің керек-жарақ мүліктері…
Тек бұл ақындардың жазғаны жеткілікті насихатталмай жүрген сияқты. Бұл авторлар біздің болашақтағы балалар әдебиетінің олқылығын толтырады деп ойлаймын.