Мағжан Разхан 2004 жылы дүниеге келген. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыбастау ауылында тұрады. Кішкентай кезінен ән айтады. Мағжанның талантын байқаған ата-анасы оны Текес ауылындағы өнер мектебіне оқуға беріпті.

Мектеп табалдырығын 8 жасымда аттадым. Бастауыш класта оқып жүріп, өлеңді мәнерлеп оқу сайыстарына жиі қатыстым. Мұқағали Мақатаевтың кітабы қолымнан түспейтін. Әр өлеңін жаттап алуға тырыстым. Кейін музыкаға қабілетімді, дауыс ырғағымды көрген мұғалімдерім ән айтуға баулыды. 4-класта өнер мектебіне оқуға қабылдандым. Ұстазым – Клара Иманғазиевадан дәстүрлі әннен сабақ алдым, — дейді Мағжан.

Дарынды бала Мағжан өнер мектебінде дәстүрлі әнмен шектелмеді. Сонымен бірге эстрадалық вокал, шешендік өнерді де үйренеді. Домбырада шебер ойнайды. Ауыл тұрғындары Мағжанның актерлік қабілетіне ерекше сүйсінеді.

«Ұлағатты ұрпақ» қоры елге белгілі тұлғаларды жыл сайын ауылға әкеледі. Тұрғындармен әңгімелеседі. Мектеп оқушыларының өнерін тамашалайды. Біздің кездесуге актер Бекжан Тұрыс ұлымен келді. Өнер мектебінің балалары көрініс қойды, мен «Ұят болмасын» бағдарламасындағы Ақылбай қарттың ролін ойнадым. Сол кештен соң Бекжан аға «бұл жеткіншектің болашағынан үлкен үміт күтемін» деп арқамнан қағып, жылы пікірін айтты, — дейді ол.

Мағжан дәстүрлі ән, көркемсөз оқу байқауларына үнемі қатысады. Биыл ақын Мұқағали Мақатаевтың 89 жылдығында ұйымдастырылған байқауда екі номинация бойынша бас жүлдеге ие болды. Ол ақынның 80-нен аса өлеңін жатқа біледі.

Мағжан Разхан
Мағжан Разхан. Фото жеке архивінен

Республикалық «Нұрлы жастар» байқауында дәстүрлі ән айтып, бірінші орын алдым. Ал «Дала сазы» байқауында көркем сөз оқудан бас жүлдені иелендім. «Ұлы дала мұрасы» атты өнер сайысында да бас жүлде бұйырды. Бұл жетістіктерімнің барлығына ата-анам мен ұстаздарым себепші. Олардың қолдауы мен үшін өте маңызды, — дейді жас әнші.

Мағжан көркемсөз оқу сайысында өлеңді мәнерлеп оқуға, ерекше мән береді. Айтуынша, автордың айтысы келген ойын тыңдарманға жеткізе білу керек.

Қанша байқау болса да жүлделі орыннан міндетті түрде көріну деген оймен қатыспаймын. Басты мақсатым – жүректен шыққан әнді жүрекке жеткізу. Қазақ халқының дәстүрлі әндері дүниежүзіне танымал болса деп армандаймын. Ол ешқашан эстраданың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Онда халықтың тарихы, қуанышы мен қайғысы, еркіндігі мен кеңдігі жатыр. Дәстүрлі әннің бәрін нақышына келтіріп орындаймын. Оның ішінде Қапездің «Үш Меркі», Кенен Әзірбаевтың «Бастау» әні, Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» термесі жаныма жақын. Көп жас эстрада жанрына, оның ішінде рок, поп, рэпке қызығады. Сол арқылы тез танымал болғысы келеді. Дәстүрлі әнші болып та танымал болуға болады. Бастысы ұлттық мұраны қадірлеп, құрмет тұтып, айналаңа дұрыс насихаттай білу, — дейді Мағжан.

Жақында Мағжан Талдықорғандағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжіне оқуға түсті. Болашақта ұлттық аспаптарды меңгеріп, дәстүрлі ән өнерінің дамуына үлес қосқысы келеді.