27 тамыздан бастап Қазақстан азаматтары Түркияға кіре алады

27 тамыздан бастап Қазақстаннан Түркияға ұшуға болады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Түркия 5 тамыздан бастап Қазақстаннан жолаушылардың кіруіне шектеу енгізген еді. Министрлік екі ел арасындағы рейстерге қойылған шектеулерді алып тастау мәселесі бойынша жұмыс істеді. Түркияның авиация билігі COVID-19 инфекциясы ахуалы тұрақталғаннан кейін Қазақстаннан жолаушылардың кіруіне шектеуді алып тастау туралы шешім қабылдады, — деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

Рейстер Қазақстан мен Түркияның санитария-эпидемиология нормаларын қатаң сақтай отырып және әуе компаниялары сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.

Айта кетейік, 5 тамыз күні сағат 18.00-де Air Astana әуе компаниясының Алматы-Ыстамбұл бағытындағы ұшағы ұшу-қону жолағына шыққан кезде түрік авиация билігі Қазақстан тасымалдаушыларына Түркияға ұшуға тыйым салынғаны туралы хабарлады.

Air Astana әуе компаниясының рейсі екі сағаттан кейін ғана бір жолғы рұқсат алып, 101 жолаушыны діттеген жерге жеткізді.

Түрік тарапы Air Astana компаниясына да, Қазақстанның авиациял билігіне де, екі ел елшіліктеріне де бұл тыйым туралы алдын-ала ескертпеген.