Қайрат Абсаттаров Жезқазған әкімі болып тағайындалды

Қайрат Абсаттаров Жезқазған әкімі болды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаланың жаңа басшысын Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек таныстырды.

Қайрат Бектайұлының мемлекеттік басқаруда тәжірибесі бар, қала проблемаларын шешеді және шешімдерін табады. Ол өзінің тәжірибесі мен білімінің арқасында Президент қойған міндеттерге сәйкес жұмысты ұйымдастыра алады, — деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қайрат Абсаттаров 1966 жылы Жезқазғанда туған. 3 жоғары білімі бар: 1990 жылы Қарағанды политехника институтын «Автомобиль және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша, 1998 жылы Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Экономика және өндірісті басқару» мамандығы бойынша, 2018 жылы  «МИСиС» Ұлттық техникалық зерттеу университетін «Іскерлік әкімшіліктендіру магистрі» мамандығы бойынша тәмәмдаған.

1990-97 жылдары Жезқазғанның автомобиль өнеркәсібінің өнеркәсіп кәсіпорындарында, Қарағанды облысының әкімшілік аппаратында еңбек етті.

Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінде, Қазақстан Президенті Әкімшілігінде жұмыс істеген, Байланыс және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысының лауазымын атқарды, сонымен бірге көлік және коммуникация вице-министрі, ҚР бірнеше министрліктерінде комитет төрағасы болды, одан кейін Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің канцеляриясын, Өңірлік даму департаментін басқарды.

2019 жылдан бастап осы күнге дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары — басқарма мүшесі болған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

Айта кетейік, Жезқазғанның бұрынғы әкімі Қайрат Бегімов Президент Әкімшілігінің келісімімен басқа жұмысқа ауыстырылуына байланысты лауазымынан босатылды.