“Дағдарыс орталықтары одағы” бірлестігінің басқарма төрағасы Зүлфия Байзақованың мәліметінше, “150” сенім телефонына төтенше жағдай кезінде хабарласқандардың саны бұған дейінгілерге қарағанда төрт есе өскен.

Қаңтарда сенім телефонына отбасында зорлық-зомбылық көрген 150-ге жуық адам хабарласса, сәуірде олардың саны 500-ден асты. Үйінде телефонмен сөйлесе алмайтын адам тәулік бойы жұмыс істейтін WhatsApp нөміріне (8 708 10 608 10) жаза алады. Төтенше жағдай кезінде ол нөмірге 120-дан астам хабарлама келген. Telefon150.kz сайтына 130 өтініш түсті. Дағдарыс орталықтарына хабарласқандар көп, бірақ карантин уақытында бұл орталықтар адам қабылдай алмады. Тек Алматыдағы орталыққа карантин кезінде 31 адам барған. Бұл айтарлықтай көп. Төтенше жағдай кезінде агрессор құрбанына ешқайда қашып құтыла алмайтынын айтып, манипуляция жасайды, – деді Зүлфия Байзақова Қазақстан баспасөз клубы өткізген онлайн брифингіде.

Бірлестік тұрмыста зорлық-зомбылық жасаушы агрессорлармен күресу үшін 2020 жылдың 10 наурызында оларға арналған психологиялық түзеу бағдарламасын пилот ретінде іске қосты.

Жоба психологы Салтанат Маусейітова бағдарламаға агрессорлар мәжбүрлі түрде де, өз еркімен де қатыса алатынын айтты.

Біздің елде зорлық құрбанымен жұмыс істейтін орталықтар бар, ал сол зорлықты жасаған агрессормен ешкім жұмыс істемейді. Бағдарлама бойынша бізге зорлықшыларды полицейлер жіберіп тұрады. Қазір Алматы полиция департаментімен меморандум жасалды. Агрессиядан арылғысы келетін адам бізге өз еркімен келсе, жобаның психологтары мен психотерапевтері оған тегін көмектесуге дайын. Бағдарлама бойынша отбасындағы агрессияның негізгі себебін анықтаймыз, адамға агрессиямен күресудің әдіс-тәсілін үйретеміз және оның не үшін өшпенділік танытатынын білеміз. Бағдарламаның басты мақсаты – адамға отбасында агрессия, зорлық көрсету қылмыс екенін және ондай іске жауап беру қажет екенін түсіндіру, – дейді Салтанат Маусейітова.

Бұл бағдарламаға нашақор ретінде есепте тұрмаған және психикалық ауытқуы жоқ ер адамдар ғана қатыса алады. Олармен бірге бағдарлама аясында полиция инспекторлары, отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерімен айналысатын қоғамдық ұйым өкілдері қарашаның соңына дейін агрессорлармен жұмыс жөнінде білім жетілдіреді.

Жоба психотерапевті Евгений Дуплякин қазіргі кезде отбасында кездесетін зорлық-зомбылық түрлерін айтып берді. Оның айтуынша, тұрмыста зорлық-зомбылықты көбіне әйелдер, балалар мен мүгедектігі бар адамдар көреді. Әйелдер көбіне ұрып-соғудың құрбаны болады.

Зорлық-зомбылық
Иллюстрация: Anita DuFalla/PublicSource

Ерлер әйелдерді қорқытады, денесін жарақаттайды, зорлайды. Зорлыққа жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, мәжбүрлеуге тырысу және адамға ұнамсыз комментарий айту да жатады. Психологиялық зорлықшы адамды жүйелі түрде кемсітіп отырады, ұрып-соғатынын, өлтіретінін айтып, қорқытады немесе суицид жасауға итермелейді. Экономикалық зорлық түрінде агрессор өзі де жұмыс істемейді, жолдасына да жұмыс істетпейді, ол тапқан ақшаны тартып алады. Зорлықтың адамның соңына түсу деген түрі бар, ол – ажырасқан ерлі-зайыптының бірінің екіншісін үнемі аңдып жүруі. Ерлер көбіне отбасында билікті ұстап тұру үшін, әйелдер күйеуінің назарын аударып, оның эмоциялық, материалдық қолдауын көру үшін агрессияға барады, – дейді Евгений Дуплякин.

Жобаның қорытындысы қараша айында шығарылады.