Алмас Жұмағали, заң ғылымдарының кандидаты, PhD:

Бірнеше рет бала зорлаған адамды өлім жазасына кесуді қолдар едім

Алмас Жұмағали
Фото: Жеке архивінен

Педофил — медицина және психология термині. Мұндай түсінік қылмысқа қатысты заңнамада жоқ. Дегенмен Қылмыстық кодекс аясында қарастыратын болсақ, «педофил» ұғымы бірнеше жайтты қамтиды: оған жас балаларды азғындатудан бастап зорлауға дейінгі аралықтағы заң бұзушылықтар кіреді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабында зорлау қылмысы бұрыннан бар. 2019 жылдың желтоқсанында 14 жасқа толмаған балаларға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілді. Қазір 120-баптың 4-бөлігі бойынша жас бала зорланса, кінәлі адам 20 жылға немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылады.

Әдетте қылмыстық заңның баптарында санкцияның салыстырмалы айқындалған түрі жиі кездеседі. Салыстырмалы айқындалған санкция жазаның түрін және мөлшерін көрсетеді. Яғни қылмысқа қарай жаза бес жылдан жеті жылға дейін, адам өлтіру ісіне қатысты жаза жеті жылдан 15 жылға дейін немесе 15 жылдан 20 жылға дейін деп төменнен жоғарыға қарай мөлшері беріледі. Ал бала зорлау ісіне қатысты жазада жоғарғы немесе төменгі шек көрсетілмейді. Енді мұндай қылмыс жасады деп танылған айыпты нақты 20 жылға сотталады немесе өмір бақи бас бостандығынан айырылады.

Адам зорлаған не өлтірген қылмыскерді өлім жазасына кесуді қолдайтындардың бірімін. Кейбіреу дін сияқты түрлі факторды желеу етіп, бұл жаза түріне қарсылық танытады. Жауап ретінде кез келген дінде өлім жазасы бар екенін айта кетуге болады.

Қолымда закон қуаты болса, қылмыстық кодекстің 120-бабының 5-бөлігі ретінде жас балаларды зорлау қылмысына қатысты өлім жазасына кесу мәселесін қарастырар едім. Бірақ бір нәрсені ескерген жөн. Қылмыскер бұл қылмысын екі немесе одан да көп мәрте қайталаған жағдайда ғана өлім жазасына кесу керек. Себебі бірінші қылмысқа 20 жыл немесе өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып тұр.

Бала мен жасөспірімді зорлауға қатысты проблеманы тек жаза арқылы шеше алмаймыз. Қылмыстың алдын алуымыз қажет. Бізде криминология деген ғылым бар. Криминология қылмыстың себебін анықтап, онымен күреседі. Өкінішке қарай, елдегі көп университет пен институт бұл ілімді менсінбей, бағдарламадан алып тастаған болатын. Дегенмен криминологияның маңызын енді түсініп келе жатқан сияқты. Осыдан екі-үш жыл бұрын Бас прокуратурада осы мәселе талқыланды.

Меніңше, мұндай қылмыстардың негізгі себептерінің бірі — ақпарат кеңістігі. Сондықтан ақпарат кеңістігі мен қауіпсіздікке аса мән беруіміз қажет. Осыған орай бастамашы болып, депутаттарға ұсыныс жасағанмын. Оған байланысты заң да қабылданды. Бірақ бұл заң әлі шикі.

Айман Омарова, адвокат:

Өлім жазасына қарсымын

Айман Омарова
Фото: Қазис Тоғызбаев, «Азаттық«

Айман Омарова «Азаттық рухына» берген сұхбатында педофилдерге өлім жазасына беруге қарсы екенін айтты.

«Кейінгі кездері көбі «Педофилдері өлім жазасына кесу керек» деген пікірді жиі айтып жүр. Мен бұл ойға қарсымын. Біріншіден, кей елдің заңында өлім жазасы болғанымен, ондағы бала зорлау қылмысының саны төмендеген жоқ. Бұл — дәлелденген нәрсе.
Екіншіден, педофилияны дәлелдеу өте қиын. Америка Құрама Штаттарындағы зерттеу нәтижелері зәбір көрген бала жауап алу кезінде өтірік айтуы мүмкін дейді. Мысалы, зорлаған адамға жаны ашып, оның жасаған қылмысын айтпайды. Не ұйқысы келіп немесе шаршап тұрса, басқа бір адамды кінәлі ретінде көрсете салуы мүмкін. Үшіншіден, Қазақстан заңнамасында бала зорлау және жыныстық қолсұғушылық бойынша бірнеше бап бар. Мұндай жағдайда өлім жазасына кесу өте қиын. Себебі күдіктінің баланы жәй сипағанын немесе сипап, зорлағысы келгенін дәлелдеу қиынға соғады. Төртіншіден, тергеу барысында қате кетуі де ықтимал. Мұны «сот қатесі» дейді. Осы аталған факторлардың салдарынан жазықсыз адамды өлім жазасына тартуымыз әбден мүмкін.

Тағы бір мәселе — қылмыскерлерге үкіммен өлім жазасы берілсе, оны кім орындайды? Ондай адамдарды «баскесерлер» деп атайды. Мен үшін баскесерлердің өзі де қылмыскер. Себебі олар да біреудің өмірін қиып отыр. Құдайдың берген өмірін Құдайдың өзі ғана алуы керек. Оның үстіне түрме  — басқаларды қорқыту үшін емес, қылмыскер қатесін түсініп, түзелуіне арналған жер», — деді адвокат.

Нина Балабаева, «Родник» әйелдер мен балаларға арналған әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімделу қоғамдық қорының директоры:

Өлім жазасын енгізбес бұрын тергеу амалдары мен сот ісінің сапасын арттыру қажет

Нина Николаевна
Фото: Жеке архивінен

Кішкентай балаларды зорлаған қылмыскерлердің жер басып жүруге құқығы жоқ деп ойлаймын. Мұндай азғындыққа баратын адамдарды ең қатаң түрде жазалау қажет. Қазақстан Заңнамасына бала зорлауға қатысты өлім жазасын енгізетін болса, қолдар едім. Бірақ мұндай өзгеріс енгізбес бұрын тергеу амалдары мен сот ісінің сапасын арттыру қажет. Бізде қылмыстық іс қозғау мен жүргізу кезінде қате кететіні өтірік емес. Ондай жағдайда бейкүнә адамның зиян шеккенін қаламаймын. Тергеу мен сот ісі жұмысын сапалы атқарса, қылмыскердің кінәсі толық дәлелденсе, өлім жазасына кесуге болады. Өлім жазасы болмағанның өзінде бала зорлаған қылмыскерлерге химия кастрациясы, өмір бойы бас бостандығынан айыру немесе ұзақ мерзімге соттау сияқты қатаң жазалар қолданған дұрыс.

Мемлекет қылмыскерді жазалау тәсілдерін ойлап табудың орнына, мәселенің себеп-салдарымен күрескені абзал. Оның ең оңтайлы әдісі — мектептегі профилактика жұмыстары. Көп ел мемлекет қаражатын балалар, жасөспірімдер және жастармен жүргізілетін профилактика бағдарламаларына жұмсайды. Ал бізде 700 бала оқитын мектепте бір немесе екі психолог қана жұмыс істейді. Бұл дұрыс емес. Балаға ненің жақсы, ненің жаман екенін, мұндай жағдайға түскенде не істеу керек екенін үйрету керек, ол қалыпты жағдайға айналуы қажет. Профилактика бағдарламасына көбірек мән берсек, қылмыстық іспен сирек айналысар едік.

Бехзод Тулаев, «Сана Сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының заңгері:

Зорлық көрген баланың оңалуы қиын

Бехзод Тулаев
Фото: Жеке архивінен

Баланың тәні ауырса, дәрігер қанша уақытта айығатынын айта алады. Ал тәнмен бірге жан дертке шалдықса, емделу процесі қиын жүреді әрі ұзаққа созылады. Біз отбасы мүшелерінен зәбір көрген балалармен жұмыс істейміз. Сонда байқағанымыз, үйдегі зорлық жағдайы қаншалық ауқымды, ушыққан болса, баланың психикасы да соншалық бұзылады. Кей баланың оңалуына бір ай жеткілікті, енді біріне 365 күн де аз. Ал сыртта бейтаныс адамнан зорлық-зомбылық көрген баланың психикасы қандай болмақ? Бұл — олардың тәні мен жанына келген үлкен жарақат. Сол себепті заңда баланы зорлаған қылмыскерді өлім жазасына кесу мәселесін қарастырған дұрыс.

Абзал Құспанов, заңгер:

Ату жазасы енгізілсе, қылмыс тоқтап қалады деу қисынсыз

Абзал Құспанов
Фото: Жеке парақшасынан

Адвокат Абзал Құспан педофилдерге өлім жазасын беруге қарсы екенін мәлімдеп, жеке парақшасында жазба жариялады.

Жазбада заңгер бірнеше дәйек келтіріп, ойын жеткізген болатын:

  • қылмыстың бәрі айқын сипатқа ие бола бермейді, тиісінше резонансты істерді қалайда ашу мақсатында құқық қорғау органдары іске қатысы жоқ адамды құрбан ете салуы мүмкін.
  • қателік. Тергеуде де, сотта да адами фактор әсері тым жоғары.
  • кәсібиліктің төмендігі немесе жоқтығы.
  • байыптылық керек. Адам тағдыры таразыға салынар тұста, дүрмекке еруге, эмоцияға бой алдыруға болмайды.
  • қылмыс табиғаты. Қылмыс адамзат жаралғалы пайда болған құбылыс, қияметке дейін жалғасады деп ойлаймын.
  • қылмыскер табиғаты. Әдетте қылмыскер қылмыстық кодексті ашып “мен ұсталып қалсам, қандай жаза күтіп тұр, одан қалай құтыламын” — деп отырмайды.

«Жалпы адам тағдыры таразыға салынар тұста дүрмекке еруге, эмоцияға бой алдыруға болмайды. Құқық ғылымы адамзат тарихындағы ең алғашқы ғылымдар қатарына жатады. Ол одан бері дамыды, жетілді, кемелденді. Сондықтан заңға өзгеріс енгізуде ең бірінші кезекте ғылыми негіздеме басшылыққа алынуы тиіс», — деп жазды Абзал Құспан.

Статистика

Іnfopublic.pravstat.kz сайтының мәліметінше, кейінгі 6 жылда кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 1 868 қылмыскер сотталған. Оның 387-сі 120-баптың «Кәмелетке толмағанды зорлау» ісі бойынша айыпталған. 164-і бес жылға дейін, 375-і бес жылдан 10 жылға дейін, 344 қылмыскер 10 жылдан 15 жылға дейін, 252-сі 15 жылдан 20 жылға дейін, 18 қылмыскер 20-дан көп жылға сотталса, қалған төртеуі өмір бойы бас бостандығынан айрылған.