Үш ел Марсқа аппарат ұшыруға не үшін жанталасты?
Жер мен Марс орбитасы 2 жылда бір рет бір-біріне жақындайды. Яғни ғарыш аппаратын ұшыруға таптырмас сәт: зымыран діттеген жеріне бұрынғыдай 9 айда емес, 7 айда жетіп барады. Сондықтан Марсты зерттеу миссиялары да осы кезге жоспарланады.
АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытайдың ғарыш аппаратын Қызыл планетаға осы уақытта ұшатындай етіп әзірлеп, сапарға жіберуінің себебі — осы. Бәрі дұрыс болса, зымырандар Марсқа 2021 жылдың ақпанында жетуі тиіс.
Негізі, әу баста төрт аппарат ұшуы керек еді. Соңғысы Еуропа ғарыш агенттігі мен «Роскосмостың» бірікккен жобасы «ЭкзоМарс-2020» болатын. Алайда 2019 жылдың тамызында бұл аппараттың парашютін тексеріп жатқанда апат болып, жұмыс біраз кідірді. Оған қоса, аппараттың бағдарламалық жасақтамасында проблема пайда болды. Ақыры «ЭкзоМарс-2020» көкке кейін көтеріледі деп шешім қабылданды.
Біріккен Араб Әмірліктері Марсқа алғаш рет спутник ұшырды
Біріккен Араб Әмірліктерінің ғарыш аппараты «Әл Амал» қазақшаға аударғанда «Үміт» деп аталады. Үш елдің ғарыш аппаратын салыстырсақ, техникалық тұрғыдан ең қарапайым жасалғаны — осы. Бұл — жалпы араб әлемі ұшырған алғашқы Марс спутнигі. Миссиясы — Марстың атмосферасы мен ауа райын зерттеу. «Әл Амал» бұл тапсырманы орындауға бір Марс жылын, яғни Жердегі уақытпен есептегенде 687 күн арнайды. Спутник Марс орбитасымен шыр айнала ұшып, бір тәулікте (24 сағат 38 минут) ауа райы қандай өзгерістерге ұшырайтынын бақылайды.
БАӘ миссия кезінде тапқан бар ақпаратын әлемнің 200 ғылыми мекемесіне бермекші. Өйткені мамандар бұл сапар нәтижелері Марс климатының тарихы мен ауа райы процесін түсінуге көмектеседі деп отыр. Араб ғалымдары Марстың адамзат болашағы үшін маңызы зор екенін айтады және келешекте Қызыл планетаға қала салуды мақсат етеді.
«Әл Амал» Марсқа 15 шілде түнде ұшып кетті.
Марста Қытайдың жеке зерттеу аппараты пайда болуы мүмкін
Қытай да Қызыл планетаға алғаш рет спутнигін ұшырды. Марстағы миссияның атауы 2 мың жыл бұрын жазылған поэманың құрметіне Tianwen-1, яғни «Аспанға сауал» деп қойылған. Tianwen-1 Марстың магнитосферасын, ионосферасын және атмосферасын зерттеп, аумақты картаға түсіріп, шаңды дауылдарды бақылайды және тау жыныстары мен топырақтың құрамын, минералдар мен су мұздарының Марста таралуын зерттейді. Бұл миссияны орындау үшін зымыранмен бірге Марста жүретін ғарыш аппараты, орбита құрылғысы және аппаратты планета бетінде отырғызу техникасы ұшырылды. Марс бетін «жаяу» шарлайтын ғарыш аппаратына 90 күн уақыт берілсе, қалған екеуі жұмысты бір Марс жылында аяқтауы керек.
Аппараттардың ішінде ең үлкен жауапкершілік отырғызу аппаратына жүктелген деуге болады. Оның міндеті — Қытайдан артып келген техниканы планетаға аман-сау орналастыру. Бұған 7 минут қана уақыт кетеді. Солай бола тұра бұл процесс «7 минуттық сұмдық» деп аталады. Өйткені Марста Қытайдың жеке зерттеу аппаратының болатын-болмайтыны осы 7 минутқа қарап тұр. Іс сәтсіз болса, Қытайдың аса қымбат техникасы планетадағы қоқыстың біріне айналып шыға келеді. Tianwen-1 аппараты миссияны сәтті орындаса, тапқан ақпаратын Жерге 2021 жылы жібере бастайды.
NASA Марста бұған дейін өмір болғанын дәлелдемекші
АҚШ ғарыш аппараты Марсқа 2020 жылдың 30 шілдесінде ұшырылды. Аппараттың атауын 7-сынып оқушысы Александра Мазера Perseverance деп қойды. Оны қазақшаға «Табандылық» деп аударуға болады. Иә, NASA-ның Марста жүретін аппарат атауын балаларға қойғызатын дәстүрі бар. Александра Мазера не себепті бұл атауды ұсынғанын эсседе былай түсіндіреді: «Адамзат Марсты бағындырарда өте көп қиындыққа тап болуы мүмкін, бірақ қолды бір сілтеп, бәрін тастап кетпеуге тек табандылық көмектеседі».
Perseverance пен оның ішіне бекітілген Ingenuity тікұшағы Марсқа 2021 жылдың ақпанында жетуі керек. Perseverance миссиясы — планетада бұған дейінгі өмір болғанын растайтын айғақ іздеу, үлгілерді жинау, оны Жерге жеткізу және болашақта адамдар қатысатын миссияға дайындалу. Марстағы үлгілер Жерге жетсе, оларға бүкіл әлем ғалымдары терең талдау жасайды.
Perseverance-тың тағы бір миссиясы — болашақта Марсқа адамның келуіне жағдай жасау. Марс атмосферасындағы оттегі мөлшері 1%-ке де жетпейді. Ал көмірқышқыл газының үлесі — 95%. Ғалымдар осы көміртегі газынан оттегіні бөліп алып көрмекші. Бұл іс жүзеге асса, келешекте Қызыл планетаға оттегі бөліп ала алатын құралдарды көбірек жіберіп, қор жинауға болады. Сонда Марсқа алғашқы ғарышкерлер барғанда олардың тынысалу аппараты мен зымыран отына ресурс дайын тұрады.
Ал Ingenuity тікұшағы Марста тікұшақ ұшыруды сынау үшін жіберілді. Ол 31 күнде бес ретке дейін ұшады. Ұшу кезінде алынған мәліметтер келесі буынның тікұшағына әуе өлшемін білу үшін керек. Бұл Марста жүретін аппараттарды бақылау, адамдарды, кішігірім жүкті тасу немесе баруға қиын болатын жерлерді зерттеу үшін қажет.