Түркістан облысында дәрігерлер ми тамыры зақымдалған жүкті әйелді аман алып қалды

Түркістанның 36 жастағы тұрғыны Айжан Сүлейменова жүктіліктің 10-аптасында. Миының қан тамыры зақымдалып, өміріне қауіп төнген науқасқа дәрігерлер шұғыл түрде ота жасаған. Қазір жас келіншек пен құрсақтағы баланың өміріне төнген қауіп сейілді. Оған екі сағат бойы ота жасаған нейрохирург-дәрігер Әсет Қыдыров өміріне араша болып, кәсибі біліктілігін дәлелдеді. Дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда инсульт ауруы жастар арасында да жиі кездеседі. Бастысы отадан кейін дәрігер нұсқаулығын бұлжытпай орындау қажет. Өз кезегінде жас келіншек дәрігерлерге алғысын айтты.

Қол-аяғым істемей, өте ауыр халге түсіп қалдым. Осы ауруханаға келіп, еміме шипа таптым. Дәрігерлерге шексіз алғыс айтамын, — деді Айжан Сүлейменова.

ота
Фото: Іnform.kz

Сәтті ота аурухананың осыдан үш жыл бұрын ашылған рентген хирургия бөлімінде жасалды. Аталған бөлімде заманауи медицина рентген аппаратын қолдану арқылы бас ми тамырларының зақымдалуы, жүрек, қатерлі ісік пен урология және басқа да ауруларға байланысты 30-ға жуық ота сәтті жүзеге асырылған. Биылдан бастап жүрек қан тамырларында коронаграфия мен стендтеу әдісімен ота жасау қолға алынған. Жыл басынан бері білікті дәрігерлер 360 сәтті ота жасап, талай адамның өмірін сақтап қалған.