Нұрали Бейсеқожа – Қазақстандағы ең жас композитор. Оның шығармаларын әлеуметтік желі арқылы жұрт сүйіп тыңдайды. 100-ден аса классикалық еңбектің авторы. Анасының айтуынша, Нұрали фортепианода алғаш рет 4 жасында ойнаған.

Біз музыка маманы емеспіз. Бірақ үш балам Алланың берген қабілетімен дүниеге келді. Үшеуі де композитор. Нұрали де кішкентайынан музыкаға қызықты. Пианиноның жанынан шықпайтын. Ешкім үйретпесе де оңай меңгеріп алды. Ең алғашқы 5 жасында жазған шығармасын маған арнап «Анашым» деп атады. Тыңдағандағы әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қуанғанымнан көзіме жас келді, — дейді анасы Зүлфия Бейсеқожа.

Нұрали Бейсеқожа
Нұрали Бейсеқожа. Фото жеке архивінен

Нұрали жаңа шығармасын әуелі ата-анасына, бауырларына фортепианода орындап береді. Олардың пікірін сұрайды. Зүлфияның айтуынша, баласы аспапта ойнағанда, бөлмеде оңаша қалады екен. Ешкім кедергі келтірмеуге тырысады.

Нұралидің мінезі ерекше. Салмақты бала. Жүрегі кең, ақкөңіл. Тазалықты жақсы көреді. Қолы босай қалса, үй шаруасына көмектесуге дайын тұрады. Спортқа қызығады, футбол ойнайды. Табиғат аясында серуендегенді ұнатады. Сондықтан жиі-жиі отбасылық демалыс ұйымдастырып тұрамыз, — дейді анасы.

Нұрали биыл Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 7-класын бітірді. Бірнеше рет жеке шығармашылық кешін өткізген.

Алғаш үлкен сахнаға шыққан сәтім әлі есімде. Қобалжу деген болған жоқ. Алматы қаласының Қазақконцерт залында «Анашым» атты шығармамды скрипкада орындап бердім. Ол кезде 1-класта оқитынмын. Көрермендерге қатты ұнады, — дейді Нұрали.

Нұрали негізінен лирика жанрындағы шығарма жазады. Әр туындысының өз тарихы бар. Спорт жұлдызы Денис Тенге арнап жазған «Аққан жұлдыз» шығармасы талай жанның жүрегін елжіретті.

Мені Қазақстан халқының жағдайы және әлемде болып жатқан індет толғандырады. Пандемия кезінде халықты қолдау мақсатында «Үміт сәулесі», «Шипа», «Соғыссыз әлем» атты жаңа туындыларды жаздым. Бұл шығармаларды отбасынан жырақта жүріп, қиындыққа қарамай вируспен күресіп жатқан дәрігерлерді қолдауға, жақынын жоғалтқан адамдарды жұбатуға арнадым, — дейді жас композитор.

Нұрали Бейсеқожа
Нұрали Бейсеқожа. Фото жеке архивінен

Жас дарын Шопен, Моцарт, Бетховен, Бах, Чайковский, Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сияқты композиторлардың шығармаларын сүйіп тыңдайды. Оның айтуынша, музыка композитордың жүрегінен шығу керек, сол кезде тыңдарманның да көңілінен орын табады.

Музыка – үлкен қазына. Бір шығарма арқылы қанша оқиғаны айтуға болады. Айналада болып жатқан құбылысты, тарихи оқиғаны, тіпті адамның айта алмаған сезімін, жеткізе алмаған сөзін де музыкамен баяндауға болады. Жақсы әуен — жанға шипа, дертке ем, — дейді ол.

Талантты композитор дүниежүзі елдерін аралап, жеке концертін беруді армандайды. Сол арқылы Қазақстанның атын шығарсам дейді.

Тыңдармандарымнан жылы пікір жиі естимін. Бұл адамды шабыттандырады. Ол үшін алғысым шексіз. Болашақта бұдан да жақсы шығарма жазу үшін барымды саламын. Дүниежүзіне елімді танытқым келеді. Әуелі Қазақстанда, кейін Еуропа елдерінде, АҚШ-та, Ресейде жеке кешімді өткізгім келеді, — дейді Нұрали Бейсеқожа.