Мәнерлеп сырғанау жұлдыздары Денис Тен арманын орындады

Шоу әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің She wont be mine авторлық композициясымен басталды. «Ледниковый период. Дети» шоуының финалисі, Ресейдің жас мәнерлеп сырғанаушысы Дмитрий Кашаев кішкентай Денистің ролін сомдады. Әуелі LED-экраннан белгілі мәнерлеп сырғанаушылардың естеліктері берілді. Олардың айтуынша, Денис өз елін жақсы көрді. Оны әлем елдері өздеріне талай шақырса да, спортшы Қазақстаннан ешқайда кетпейтінін айтты. Белгілі мәнерлеп сырғанаушылар бірауыздан естеліктерін «Денис, сен мәңгі біздің жүрегіміздесің» деп аяқтады.

Жапониядан келген Дайсуке Такахаши жарақатына байланысты шоуда өнер көрсетпесе де, Денис Теннің ескерткішіне келіп тағзым етті.

Денис Теннің достары
Денис Теннің достары. Фото: Tengrinews.kz

Тұңғыш рет Дениссіз өткен өнер мен спорт кешінде Мао Асада, Такахито Мура, Дабин Чой, Сергей Воронов, Софья Шевченко, Роман Савосин, Игорь Еременко, Олександр Любченко, Филипп Уоррен, Джереми Эббот, Мари-Пьер Лере, Елена Радионова, Наталья Бестемьянова, Игорь Бобрин, Кэйтлин Уивер мен Эндрю Поже сияқты әйгілі мәнерлеп сырғанаушылар өнер көрсетті. 2010 жылғы Қысқы Олимпиаданың күміс жүлдегері Мао Асада, Ресей мәнерлеп сырғанаушысы, жасөспірімдер арасындағы екі дүркін әлем чемпионы Елена Радионова, әлем чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпаздары, Канаданың мәнерлеп сырғанаушылары Кейтлин Уивер мен Эндрю Поже мұзайдында қиын элементтерді орындады.

Мұзайдын мен музыка сахнасының шеберлері Денис Теннің тағы бір идеясын жүзеге асырды. Мәнерлеп сырғанау мамандары әзірлеген танымал композицияларды Диана Макина, Ален мен Диана Самыкеновтер, Диная, Mezzo тобы сияқты Қазақстанның кәсіби әншілері симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады.

Денис Тенді еске алу кешіне оның бапкерлері — Фрэнк Кэрролл, Елена Водорезова, Наталья Бестемьяновалар және Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы келді.

Денис Тен өзі негізін қалаған «Денис Тен және оның достары» атты бірегей мұз шоуы алғаш рет 2013 жылы өтті. 2014 жылы Денис Теннің шоуы үшін Қазақстанға Жапониядан 500 турист келді. Шоудан жиналған ақша нейролейкоз дертіне шалдыққан 6 жасар Нұрсат Жақыпбайдың еміне берілді. Қазақстанда мәнерлеп сырғанау шеберлері қатысатын мұндай шоу бұрын-соңды болған емес.

Қазақстанның даңқты мәнерлеп сырғанаушысы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыдағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында автоұрылардың қолынан қайтыс болды. Олар спортшының сан артериясына пышақ тыққан. Денис Теннің сүйегі 21 шілде күні жер қойнына тапсырылды. Оның қазасы әлем жұртшылығын күйзелтті.