Алгоритм талабы бойынша бір адам қайтыс болып, ол коронавирустан өлуі мүмкін деген күдік туған жағдайда мәйітке эпидемиология тексеруі жүргізіледі.

«Коронавирус инфекциясы» диагнозы зертханада расталған адам қайтыс болған жағдайда оның мәйіті сойылмайды және тиісті зерттеу нәтижесі шықпағанға дейін туыстарына берілмейді.

Диагноз күмән туғызған жағдайда және мәйітті оқшаулауға жағдай болмаса, оған зертхана қорытындысын күтпей эпидемияға қарсы режим талаптарына сай шаралар жасалады. Мәйітті оқшаулауға жағдай жасалған болса, жерлеу рәсімі зертхана қорытындысы шыққанша кейінге қалдырылуы мүмкін. Зертхана қорытындысы бойынша адамның коронавирустан қайтыс болғаны анықталса, мәйіт биоқауіпсіздік шаралары сақтала отырып жерленеді. Зертхана қорытындысы марқұмның коронавирусты және басқа да қауіпті инфекцияларды жұқтырмағанын көрсетсе, сүйек туыстарына әдеттегі рәсіммен жерлеуге беріледі.

Сүйекті тексеретін, тасымалдайтын, жуып-тазалайтын, басқа да қызмет көрсететін адамдар қолғап, бетті қорғайтын экран, қорғау деңгейі жоғары бетперде немесе респиратор, таза, зарарсыздандырылмайтын, су тұтатын халат, резеңке етік немесе резеңке қосылған қонышты бахила сияқты жеке қорғаныш құралдарын қолдануы керек. Арулау алдында марқұмның беті, тынысалу жолдары вирусжойғыш ерітіндіге малынған бетпердемен не сулықпен жабылуы керек.

Қажет болған жағдайда сүйекті дезинфекция сұйығына малынған сейсепке орап, арнайы бөлініп таңбаланған тартпа тәрізді тоңазытқыш камераға салуға болады.

Ұлттық дәстүр бойынша сүйекті табытсыз жерлеу қажет болғанда ол мәйітке зерттеу жүргізілетін арнайы емдеу орны — прозектурада арулануы керек.

Бұл жерде үшеуден артық адам болмауы керек, олар түгел жеке қорғаныш құралдарын, әсіресе алжапқышы бар халат, қолғап киіп, көзілдірік пен бетперде тағып, сүйекті дезинфекция ерітіндісімен жуады. Сүйекті әуелі вирусжойғыш ерітінді сіңген кебінге, кейін полиэтилен пакетке, одан кейін қатты матаға орау керек. Жерлеу кезінде кебінді, сүйектің бетін ашуға тыйым салынады. Жаназасын шығару үшін марқұмның денесі туыстарына беріледі, бірақ адамдар одан 3 метрден кем емес жерде тұруы керек, сүйек жаназа орнында бір сағаттан ұзақ болмауға тиіс. Жаназаға бір ғана діни қызметкер қатыса алады. Оған және марқұмның туыстарына сүйек маңына жолауға болмайды.

Табытпен жерленетін болса, сүйек әуелі вирусжойғыш ерітінді сіңген матаға, кейін полиэтилен пакетке, одан кейін қатты матаға оралады. Марқұмның денесі жерлеу орнына металл немесе жақсылап жабылатын ағаш табытпен жеткізіледі. Қоштас рәсімінде табыт ашылмауы керек, жаназаға марқұмның жақын туыстары ғана қатысуы керек.

Сүйекті алып жүру және жерлеу үшін 5-7 адамнан тұратын топ жасақталады, олармен бірге санитария-эпидемиология қызметінің немесе обаға қарсы мекеменің аумақтық бөлімшесінің мамандары болуы керек.

Сүйекті жерлеу орнына жергілікті атқарушы органның денсаулық сақтау ұйымының арнайы көлігі апаруға тиіс. Жерлеуші топта жеке қорғаныш құралдары, күрек, арқан, гидропульт, шелек, су мен дезинфекциялайтын ерітіндісі бар құты болуы керек.

Коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамды жерлегеннен кейін қолданылған құралдар, аурудан қорғайтын киім мен сүйекті тасымалдаған көлік мола маңында зарарсыздандырылуы керек. Арнайы халат, қолғап киіп, бетперде таққан адамдар көлікті мұқият дезинфекциялап, жууы керек.

Жаназа мен жерлеуге қатысқан адамдар 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болуға тиіс.

Опубликовано Комитет контроля качества и безопасности товаров и услуг МЗ РК Вторник, 31 марта 2020 г.