42 500 теңге кімдерге беріледі?

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 42 500 теңге төтенше жағдай кезіндегі талаптар бойынша төленеді. Әлеуметтік төлем табысынан, жалақасынан айырылған азаматтарға: жалдамалы қызметкерлерге, жеке кәсіпкерлерге және өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға беріледі. Бұл жолы азаматтар 42 500 теңгені тек бір рет алады.

Өтініш беру қашан басталады?

17 шілде күні порталдар өтініш беру үшін ашық болады. Ал дүйсенбіден, 20 шілдеден бастап төлемдерді тағайындауға кіріссек пе дейміз. Сондықтан жұмаға дейін өтініштерді беріп әуре болмаңыздар. Жұма күні порталдарды ашамыз, — деді Біржан Нұрымбетов.

Қандай талаптар бар?

Жалдамалы жұмысшылар үшін бұл жолы өтінішті тек оның жұмыс берушісі береді. Жұмыс беруші қызметкерін ақысыз еңбек демалысына жібергенін растауы қажет.

Жұмыс берушілерге 1-2 күнде порталдан қызметкерлердің тізімін және тиісті мәліметтерін енгізу үшін ыңғайлы сервис жасаймыз, — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге алу үшін бірыңғай жиынтық төлем жасады. Бұл жолы мұндай төлем жасау талабы жоқ.

Мұндай талап қоймаймыз. Өткенде төледіңіздер, сол жеткілікті. Ол мәліметтер бізде бар. Сондықтан бұл жолы өтініш бересіздер, бірыңғай жиынтық төлемді ай сайын төлеп жүргендерге сұрақ жоқ, ал төтенше жағдай кезінде бір рет төлегендерді өз тарапымыздан жүйелермен тексеріп аламыз, — деді Біржан Нұрымбетов.

Жеке кәсіпкерлерден де ешқандай төлем талап етілмейді. Олар тек бір тексеруден өтеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері карантин шектеуіне қатысты  өтініш берушінің жұмысы тоқтады ма, тоқтамады ма, соны анықтайды. Оған қоса, Салық комитеті де мұны растайды.

Өтінішті қайда беруге болады?

  1. 42500.enbek.kz порталы
  2. eGov электрон үкімет порталы
  3. Өзін өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар үшін Telegram-бот.

Бұған қосымша халықтан өтініш қабылдауға Kaspi bank пен Halyk Bank ниет білдірді. Оны іске асырып жатсақ, алдағы уақытта жария етеміз, — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ведомствосының басшысы.

Айта кетейік, Қазақстанда карантин шектеулері 2 тамызға дейін ұзарды. Үкімет карантин кезінде табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем тағайындайды.