— Динара, «Super қыз» кітабы не туралы?
— «Super қыз» кітабы — мектеп оқушылары мен ересектерге арналған танымдық кітап. Онда Қазақстан тарихы мен мәдениетінің қалыптасуына еңбегі сіңген рухы мықты және талантты 49 қыз-келіншектің хикаясы баяндалады. Кітаптың ерекшелігі — оқырман 49 кейіпкердің оқиғасын оқып болғаннан кейін соңғы бетіне өз хикаясын жаза алады.
Бұл еңбек елдің дамуындағы әйелдердің ролін көрсетіп қана қоймай, жас оқырманның Қазақстан тарихына деген қызығушылығын оятады деп сенемін. Өйткені «Super қыз» кітабындағы 49 кейіпкер — әр дәуірде, әр ғасырда және әртүрлі жылда өмір сүрген батыр әйел. Бұл қаһармандардың арасында алғашқы дипломат әйелдер Томирис пен Бопай ханым, қазақтан шыққан бірінші әйел-дәрігерлер Аққағаз Досжанова мен Гүлсім Асфендиярова, Екінші дүниежүзілік соғыс батырлары — Мəншүк Мəметова мен Əлия Молдағұлова, мəдениет саласының майталмандары — Дина Нұрпейісова, Күлəш Байсейітова және Бибігүл Төлегенова, Орталық Азия әйелдерінің білім алуына, қоғамның белсенді мүшесі болуына көмектескен қоғам қайраткері Алма Оразбаева, сонымен бірге шахматшылар Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік, джиу-джутси бойынша екі дүркін әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева, жеңіл атлетика спорт шеберлері Ольга Шишигина мен Ольга Рыпакова, «Канн» фестивалінің жүлдегері, киноактриса Самал Еслямова және мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева бар.
Кітап карантин кезінде дайындалып, мамырда жарыққа шықты. Пандемияға байланысты үйден шықпауға мәжбүр болған адамдарға ыңғайлы болу үшін маусымда онлайн нұсқасын жасадық. Оқырмандар кітапты қазақ және орыс тілінде оқи алады. Кітапты жалпы 7 редактор, Қазақстан және шетелден жиналған 37 суретші-иллюстратор және коучер дайындады. Редакторлар кітаптағы мәтіннің тілін баланың қабылдауына жеңіл әрі түсінікті болатындай етіп жазды.
— Бұл жобаның мақсаты қандай?
— Өзім үш қыздың анасымын. Өзімнің және басқа қыздарға өмірінде белгілі бір шектеулер болмау қажет екенін түсіндіргім келеді. Ер адам жасаған дүниені әйел де жасай алады. Егер қыз бала шын ниетімен қаласа немесе қызықса, ол космонавт та, астронавт та бола алады. Бұл сөзіме кітаптағы түрлі қиын әрі қауіпті жұмысты меңгерген 49 кейіпкер дәлел. Мысалы, қазақ әйелдерінің ішінде матрос, BBC арнасынан Сириядағы босқындардың өмірін көрсеткен әскери корреспондент те болған. Бұл кейіпкерлер қандай қиын болса да, еңбек еткен адам ешқандай кедергіге қарамастан өз мақсатына жететінін көрсетеді.
Кітаптың мақсаты – қыздарға өзін-өзі дамытуға, ой еркіндігі, өз бетінше шешім қабылдау, дербес əрекет ету, адамдарды сүю, өзіне сену сияқты құндылықтарды үйрету.
Екінші мәселе — кітап арқылы Қазақстан қыз-келіншектерінің эмоционал интеллектін дамытқым келеді. Біздің қоғам әлі күнге дейін әйел адамдардың ақысын, күшін, еңбегін дұрыс елемейтінін байқадым. Қыз тәрбиесіне қатысты белгілі бір парадигма көп. «Төзу керек», «үндемеу керек» немесе «болмайды» деген сөздерді жиі естиміз. Салдарынан қыз бала өзінің ішкі сезімін толық көрсете алмайды, өзін қабылдай алмайды. Бүгінде әйел адам — ана, құрбы, жеңге, сонымен бірге бір компанияның басшысы немесе қызметкері. Әйелдің бойындағы осы рольдің барлығы бір-бірімен үйлесім табуы үшін оның эмоционал интеллекті дұрыс қалыптасуы керек. Кітап қыздарға ашу-ыза, мұңаю сияқты сезімдердің әр адамның бойында болатынын, оның қалыпты жағдай екенін баяндайды. Ол нәрсені жасырудың орнына, дұрыс пайдалануды үйретеді. Қыз бала өзінің ішкі сезімін қабылдай білгенде ғана одан саналы тұлға қалыптасады.
Қазіргі кезде эмоционал интеллект өте маңызды. Себебі қазір дүниежүзіндегі ірі компаниялар қызметкерлердің көбіне интеллектуал деңгейіне емес, эмоционал инттелектіне мән береді.
— 49 кейіпкер қалай таңдалды?
— Біріншіден, бұл жобаны жүзеге асыру үшін тарих беттеріне біраз үңілуге тура келді. Екіншіден, Instagram желісінен парақша ашып, сол жерде адамдардан кеңес сұрадық. Шыны керек, ақпарат жинау барысында көп қызық дерек білдік. Мысалы, осы күнге дейін ең бірінші тракторшы әйел ретінде Кәмшат Дөненбаеваны ғана білетінбіз. Ал біз ол кісіге дейін трактор айдап, ауыл шаруашылығымен айналысқан әйел адамды таптық. Әрине, ақпараттарды тексердік. Кейіпкерлердің туыстарын, ұрпақтарын тауып, олармен байланысуға тырыстық.
Менің ойымша, «Super Қыз» кітабын ересектер, әсіресе әрбір әке қызына оқып беруге тиіс. Кітапты оқыған ересектердің қыз баласына таптаурын ойы өзгереді, бала әкесінің махаббатына бөленеді.