200-ден астам әннің авторы Кеңес Дүйсекеев қайтыс болды

Қайғылы хабарды әнші, актриса Бота Бейсенова Instagram-да естіртті.

Қаншама әсем әндерді еліне сыйлаған композитор — Кеңес Дүйсекеев ағамыз 74 жасында өмірден озды. Өте өкінішті. Амал қанша. Иманды болсын. Туған туыстарына қайғырып көңіл айтамыз, — деп жазды Бота Бейсенова.

Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. 1974 жылы Алматы консерваториясын бітірген.

1974-76 жылдары «Гүлдер» ансамблінің бас дирижеры және музыка жетекшісі,

1976-79 жылдары «Қазақконцерт» гастроль-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі,

1975-84 жылдары Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған.

1984-97 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрада-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры болды.

1997 жылдан бастап «Қазақконцерт» гастроль-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі болды.

Кеңес Дүйсекеев 200-ден астам әннің авторы. Оның әндерін Роза Рымбаева,  Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова сияқты әншілер орындап жүр.