11 қаңтар — әнші, Қазақстанның халық артисі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал Жүнісованың туған күні. «Қазақтың ерке қызы» атанған әнші 56 жасқа толып отыр. Лирикалық сопрано иесі репертуарындағы әннің біразын домбырамен орындайды, концерттерінің бірде-бірін домбырасыз өткізбейді. Әншінің домбырамен орындаған әндері жеке жинақ болып та шыққан. Baribar.kz сахнада жүргеніне 40 жылға жуықтаған әншінің қазақтың ұлттық аспабымен орындаған әндері туралы әңгімелейді.

«Өмір, қымбатсың маған»

Әні Жангелді Заманбековтікі, сөзі Тұманбай Молдағалиевтікі. Бұл — Мақпал Жүнісованың домырамен орындаған алғашқы әні. «Өмір, қымбатсың маған» әнін ол 1983 жылы «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасында айтты.

«Бір ауыз сөз»

Әні Шәміл Әбілтаевтікі, сөзі Кәкімбек Салықовтікі. Бұрындары бұл әнді отырыстарда Қайрат Байбосынов орындап жүрген. Кейін Мақпал Жүнісова Қарақалпақстанға гастрольге барады. Сол кезде ақын Кәкімбек Салықов әншіні қабылдап, «Бір ауыз сөзді» орында» деп табыстайды.

Ол кезде Кәкімбек Салықов Қарақалпақ облыстық партия комитетінің біріншісі хатшысы қызметін атқарып жүрген. Ұсынысын бірден қабылдадым. Өйткені ән қатты ұнайтын. Содан болар оны тез жаттап, 1984 жылы «Тамашада» орындап шықтым. Халық өте жақсы қабылдады. Содан кейін «Бір ауыз сөз» визит карточкама айналды, — деді Мақпал Жүнісова Baribar.kz-ке.

«Фариза»

Әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлиев 1987 жылы Мұқағали Мақатаевтың «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз» өлеңіне ән жазды. Шығарманы Әбиірбек Тінәлиевтің өзі домбырамен орындап жүрді. Мақпал Жүнісова сондай бір кезде көзіне жас алыпты. Кейін Әбиірбек Тінәлиев бұл әнді Мақпал Жүнісоваға табыстайды. Халық бұл әнді халық артисінің орындауында таныды деуге болады. Мақпал Жүнісова өзінің бір сұхбатында ақын Фариза Оңғарсыновамен жиі кездескенін айтқан.

«Өмірдің көбі кетіп, азы қалды»

Әні Әсет Бейсеуовтікі, сөзі Әбдірахман Асылбектікі. Бұл — Заманбек Нұрқаділовтің сүйікті әні. Жұбайы өмірден өтерінен бір күн бұрын осы әнді Мақпал Жүнісоваға айтқызыпты. Әнші кейін бұл әнді мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм жұбайы Заманбек Нұрқаділовке арнап, үлкен сахнада орындады.

«Аққу сазы»

Әні мен сөзі Секен Тұрысбектікі. Мақпал Жүнісова Бағдатқа фестивальге барғанда Секен Тұрысбекті кездестіреді. Күйші көптен бері әншіні кездестіре алмай жүрген екен. Сол кезде Секен Тұрысбек «Аққу сазы» әнін Мақпал Жүнісоваға ұсынады. Әнші оны 1992 жылы «Азия дауысы» фестивалінде орындады.

«Дүниенің қызығын-ай»

Әні: Әсет Бейсеуов, сөзі: Жүсіп Қыдыров.

«Сабыр етші, жүрегім»

Әні мен сөзі: Қасым Аманжолов.

«Есіңе мені алғайсың»

Әні: Елена Әбдіқалықова, сөзі: Мұқағали Мақатаев.

«Өмір толғауы»

Әні мен сөзі: Сәбит Оразбаев.

«Ән домбыра»

Әні: Мейрамбек Жанболатов, сөзі: Несіпбек Айтов.

«Шыда»

Әні: Бақыт Жұмағұлова, сөзі: Мұқағали Мақатаев.

«Қарамашы, қадамашы көзіңді»

Әні мен сөзі Қасымхан Асановтікі.

«Ақбұлақ»

Әні мен сөзін жазған — Бәкір Тәжібаев.

«Мен сені ұнатамын»

Әні: Мақпал Жүнісова, сөзі: Мұқағали Мақатаев.

Бұл әнді Мақпал Жүнісовадан кейін Табылды Досымов эстрадаға лайықтап, орындап шықты.

«Сені көрдім»

Әні: Елена Әбдіқалықова, сөзі: Гүлнәр Салықбай.

«Сен қайда жүрсің?»

Әні: Әсет Бейсеуов, сөзі: Фариза Оңғарсынова.

«Несі өмір?»

Әні: Ботагөз Анарова, сөзі: Мұқағали Мақатаев.

Мақпал Жүнісова әзірше домбырамен орындау үшін жаңа ән жаздыра қоймағанын айтты.

Жұбайы Заманбек Нұрқаділов өмірден өткеннен бері әнші туған күнін атап өткенді ұнатпайды. 50 жасқа толғанда бауырлары мен туған-туыстары 30 адамның басын қосып, дастархан жайып, тосын сый жасаған.

Ол кеште Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Шәкизада, Алтынай Жорабаева сияқты әншілер болды. Содан бері туған күнімді атап өтпедім. Әр туған күнімде қызым Мерей мен туған-туыстарым құттықтайды. Қазір Instagram-да белсендімін. Сондағы оқырманым мен тыңдарманымның лебізін оқимын, — дейді әнші.

Мақпал Жүнісова 2020 жылы жеке шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отырған жоқ. Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты үлкен қалаларда оның шығыны көп болатындықтан әнші биыл тек өңірлерде концерт береді.

Жыл сайын жеке концертімді беріп жүрмін ғой. Бар тапқанымды концертке жұмсап, кейін тойға шығып, көп шапқылауға тура келеді, шаршап кеттім. Сол себепті үзіліс жасаймын деп шештім. Оның үстіне, 2021 жылы үлкен сахнада өнер көрсетіп жүргеніме 40 жыл толады. Сол мерейтойға қазірден бастап дайындалғым келеді, — дейді Мақпал Жүнісова.