Айтуар Тулипкалиев Назарбаев Зияткерлік мектебін «Алтын белгімен» бітірді. Ол биыл бірнеше университетте оқуға мүмкіндік алды.

Қытайдағы Гонконг Баптист университеті (Hong Kong Baptist University), Венгриядағы Дебрецен университеті (Debrecen University), Финляндиядағы Аалто университеті (Aalto University), Жапониядағы Хоккайда университеті және Қазақстандағы Назарбаев университеті грантын иелендім. Жапонияның мәдениеті, тарихы бұрыннан ұнайды. Сол себепті осы елдегі топ-3 жоғары оқу орнына кіретін Хоккайдо университетін таңдадым. Оқу орнының интеграцияланған ғылыми бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама студенттерге көп конференцияға қатысуға, көп зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда ең мықты оқытушылар сабақ береді, — дейді Айтуар.

Айтуар Тулипкалиев. Фото жеке архивінен

Оның айтуынша, түлектер университеттің арнайы академиялық бағалау тестіне дайындалып, жоғары балл жинаса, оқуға түсуге мүмкіндік көп. Ал ағылшын тілінен IELTS емтиханы одан жеңілірек.

Университеттерге мотивациялық хат жазуға, тест тапсыруға біраз уақыт кетті. SАT-ды 1400 балдан асырып жинау үшін көп кітап оқыдым. Пайдалы әрі маңызды ресурстарды интернеттен таптым. Сонымен бірге Khan Academy ресурсының көмегі көп тиді, — дейді ол.

Айтуардың айтуынша, университетке түсу кезінде эссе жазу өте маңызды. Техника мамандықтарына оқуға түсетіндер екі рет тест тапсырады. Егер тест нәтижесі төмен болса, талапкер эссе жазу арқылы өзін көрсете алады. Бірақ эссені бір-екі күнде жазып шығу мүмкін емес. Бұл — көп уақыт алатын процесс. Өйткені қате жіберуге болмайды. Оны жазып шыққаннан кейін тексеріп, түзетуге бір айдан аса уақыт кетеді.

Айтуардың өзі шетелге оқуға түскісі келетіндер дайындықты 7-кластан бастамаса, кейін үлгермей қалады дейді.

Білім грантын иеленген кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Студенттік өмірді өзге елде, басқа ортада бастайтынымды ойлап, аздап қобалжыдым. Дегенмен бұл қадам арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік болады деп сенемін. Болашақта фармацевтика зауытын ашып, химия саласында үлкен жетістіктерге жеткім келеді. Қазақстанның шикізат базасы өте үлкен. Бізде органикалық және бейорганикалық химияның, Менделеев кестесінің көп элементі кездеседі, яғни елімізде химия саласын дамытуға мүмкіндік көп, — дейді ол.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Құдайберген Бейсенбаев АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы Minerva Schools at KGI және Назарбаев университетіне оқуға түсті.

Мектепте биология, химия пәндерін тереңдетіп оқытты. Бұл пәндерге кішкентайымнан қызықтым. Кейінгі 3 жылда биологиядан республикалық олимпиадаларда алтын және күміс жүлде жеңіп алдым. Сол кезде кластасыммен бірге рак ауруымен күресетін дәрілердің сапасын анықтауға арналған тест жүйесін ойлап таптық. Ал шетелге оқуға түсуге 11-кластан бастап дайындалдым, — дейді Құдайберген.

Құдайберген Минерваның арнайы тестін тапсырған. Оның айтуынша, Минерва университетінің талапкерлерді қабылдау ережесі өте қызық.

Камера, микрофон қосулы болды. Интернеттен жауап іздеуге, көшіруге мүмкіндік жоқ. Логиканы тексеретін сұрақтар көп болды.  Одан кейін эссе жаздық. Берген жағдайды сипаттап, оның шешімін ұсынуым керек. Сосын IQ тест тапсырдым. Ең соңғы тапсырма сұхбаттасу болды. Мұнда «Минерва университетіне не үшін түскің келеді?» деген сауал қойды. Сонымен бірге онлайн оқудың артықшылығы мен кемшілігі туралы сұрады. Жалпы Минерва университеті талапкерді осы күнге дейін алған медаліне қарап оқуға қабылдамайды, білімін дәлелдеп, креатив идея айтып, көзге түскендерге басымдық береді, — дейді ол.

Құдайбергеннің айтуынша, қазіргі пандемия жағдайы Қазақстанда биология, химия, медицина ғылымдарына көп көңіл бөлу керек екенін аңғартты. Өйткені елде медицина препараттары мен биомедицина құрылғыларын жасау өзекті мәселе болып отыр.

Бала кезімнен ғалым боламын дедім. Әлі де сол мақсатымнан таймадым. Болашақта өзімді молекулалық биология саласының маманы ретінде елестетемін. Дүниежүзіне танымал ғалымдармен бірге жұмыс істегім келеді. Космос астробиологияcына да қызығамын. Ірі ғылыми зертханаларында жұмыс істеу — арманым, — дейді ол.

Құдайберген коронавирус инфекциясының дүниежүзі елдеріне тарауына байланысты Назарбаев университетіне оқуды жөн деп шешкен. Келесі жылы жағдай тұрақталса, міндетті түрде АҚШ немесе Еуропа елдерінің жоғары оқу орнына қайта тапсырады.

Динара Майрамбаева — химия мен физика пәндерін тереңдетіп оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі. Бірақ ол психология мамандығына оқуға түсуді жоспарлап отыр. Динара бұл мамандықты 11-класта таңдаған.

Динара Майрамбаева. Фото жеке архивінен

Германияның Вюрцбург университетіне психология мамандығы бойынша оқуға тапсырдым. Екі жыл дайындалдым. Ең бастысы, емтихандарға жақсы дайындалу керек. Мамандық және тіл бойынша екі емтихан болды. Содан кейін мотивациялық хатты 12-класта жазып өткіздім. Қазір жауап күтіп отырмын Бұл университетті жақсы білім жүйесі үшін таңдадым. Елімізде мен таңдаған химия және физика пәні бойынша психологияға тапсыру мүмкін емес. Таңдау пәні дұрыс болмаса, мамандықты да таңдай алмайсың. , — дейді Динара.

Оның айтуынша, немістер үшін талапкердің сабақтан бөлек түрлі олимпиадада жеткен жетістігі маңызды. Адамдар өзін басқа қырынан танытып, жеңістерін көрсетіп, үздік оқушы екенін дәделдесе, мүмкіндік те көбейеді.

Болашақта Динара Қазақстандағы психологияға қатысты кейбір қасаң көзқарасты өзгерткісі келеді.

Германиядағы психология факультетінің ғылыми мамандық ретінде маңызы ерекше. Студент бакалавр бітіргенде ғылыми дәрежедегі диплом алып шығады. Ал бізде психологияға қатысты түсінік те, көзқарас та басқа. Болашақта еліміздегі психология ұғымын өзгерткім келеді. Мысалы, психолог пен психотерапевт, психиатрдың айырмашылығын көп адам біле бермейді. Психологқа барған адамды ақымақ деп ойлайды. Бұл — қате ұғым. Психологиялық білім күнделікті тұрмыста қолданылады. Адамдардың бір-бірімен қатынасы, жетістікке жетуі, мақсат қоюы, барлығы психологияға жатады. Осы ұғымды өзгерту арқылы адамдардың санасына ықпал етсем деймін. Сол үшін психология одағын құрып, көп жұмыс істеймін. Тәжірибені шетелде жинаймын, — дейді ол.

Динара шетелге оқуға тапсыратын түлектерге сабақтан бөлек түрлі жобаға қатысу туралы кеңес берді.