Қызылорда облысының әкімі баспаналы болған тұрғындарды Елорда күнімен құттықтап, әр отбасыға жақсылық, ынтымақ пен бірлік, амандық тіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қабылданған мемлекеттік бағдарламалар өңірімізде сәтті жүзеге асып жатыр. Бүгінде Алаштың анасы атанған қасиетті мекен қарқынды құрылыс алаңына айналды. Бір ай бұрын ғана 180 пәтерлік тұрғын үйді табыстадық. Ал бүгін 160 отбасы баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлағалы отыр. Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын! — деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
160 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйлердің құрылысын «Жабдықтау», «Сапақ», «Нұр-Талап и К», «Астана-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізген. Өңір басшысы сол жағалауда жаңа қала салуды қолдап, карантин шектеулеріне қарамай батыл қадам мен нық шешім қабылдап, тұрғын үйлер көтерген Қызылорда құрылысшыларына қос мереке қарсаңында алғыс хаттарын табыстады.
Кейінгі жылдары Қызылордада 12 жаңа шағын аудан, жеті тұрғын үй кешені бой көтеріп 8,5 мыңға жуық қызылордалық баспаналы болды.
Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада кейінгі екі жылда республикалық, облыстық бюджеттерден 620 пәтерлік 13 көпқабатты жалға берілетін тұрғын үй мен 240 пәтерлік 4 көпқабатты несиелік тұрғын үйлердің, сонымен қатар жеке құрылыс салушылардың есебінен 604 пәтерді болатын 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2020 жылдың соңына дейін 560 пәтерлік жалға берілетін 11 көпқабатты үйдің және 590 пәтер кіретін несиелік 13 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.