Қазіргі заман қандай медианы талап етіп отыр?

Жаңа медиаға қатысты түрлі көзқарас бар. Біреу сайттың өмірі логика бойынша соңына жетіп, енді бүкіл жаңалық әлеуметтік желіге көшеді дейді, енді біреу ұзақ тексті бұрынғыдай ешкім оқымайтынын, 2-3 сағаттық видеоны ешкім көрмейтінін, сол себепті қысқа мәтін мен қысқа видеоға көшіру керек екенін айтады. Меніңше, осындай сұрақтарға жауап іздеу логика жағынан тығырыққа әкеледі. Өйткені Қазақстан қоғамында сенім девальвациясы бар. Біріншіден, билікке деген сенім жоғалған және ол девальвацияланған. Соның салдарынан медиаресурстарға деген сенім де жоғалды. Өйткені халықтың теледидардан көретіні мен көшеден еститіні бір-біріне сай келмейді.

Журналистикада қысқа мәтін мен видео мәселесі емес, сенімді аудитория жинау маңызды. Осы аудитория медиаресурс қиын жағдайға тап болғанда оның ары қарай жұмыс істеуіне қалтасынан ақша төлесе немесе көшеге шығып, ақпарат құралының жабылуына қарсы акцияға қатысса, сол кезде ғана медианы бар деп есептейміз. Ал жоғарыда айтқан мәселелер одан кейінгі орында тұрады.

Қазақстан халқы ешқандай медиаға сенбейді. Олар тек әлеуметтік желідегі рекомендацияға, туыстары жіберген кез келген мазмұндағы материалға сенеді. Сол себепті қоғамда конспирологияға құрылған материал өріп жүр. Елде бір оқиға болса, міндетті түрде соның айналасында жұрт сенбеуі керек фото мен видео, аудио тарап жүреді.

Идеал қазақ журналистикасы қандай болуға тиіс еді? Қазір қандай?

Журналистика айға ракета ұшыру ғылымы емес немесе велосипедті арнайы ойлап табудың қажеті жоқ. Саланың әр заман сайын дәлелденіп келе жатқан өз ережесі бар. Әдетте қазақ журналистері өзін ерекшелегісі келіп “ұлттық журналистика” деп айтып жатады. Қазақ журналистикасы халықаралық стандарттарға жауап берсе, өзін бейтарап ұстаса және сенімді аудитория жинай алса, осының өзі жетеді деп ойлаймын.

Ал қазіргі қазақ журналистикасы – “ұлттық журналистика” қандай? Еліміздің бір өңірінде екі этнос өкілі төбелесіп қалды, оның бірі қазақ және шартты түрде бұл қақтығысқа қандасымыз кінәлі делік. “Ұлттық журналистика” қандай жағдай болса да, қазақ азаматын ақтап алғысы келеді. Бұл – журналистика принциптеріне қайшы нәрсе. Егер біз осы жағдайда қазақ азаматының кінәлі екенін мойындай алсақ, сонда ғана идеал журналистиканы қалыптастырамыз.

Менің ойымша, медиа туралы түсінігіңіз адекват болып қалыптасуы үшін журналистика факультетінде немесе кафедрасында оқудың керегі жоқ. Сол кезде ескі көзқараста қалып кеткен оқытушылар бала санаңызды “идеал қазақ журналистикасы” түсінігімен улап үлгермейді. Журналистиканың әртүрлі бағыты бар. Сол себепті журфакта оқып жүрген студент публицист болғысы келе ме, ақпарат жазатын журналист болғысы келе ме немесе оқиға болған жерге барып, репортаж дайындағысы келе ме, міне, әуелі осыны шешіп алуы керек. Публицист болғысы келген студент жоғарыдағы оқытушылардың айтқанын тыңдауы керек. Өйткені публицистикада көркем тілге, эмоцияға ерік беруге болады. Ал репортаж жанрында қиял, көркем тіл болмайды. Ақпарат жазған кездегі басты функция – оны мейлінше жылдам әрі объектив тарату.

Идеал қазақ аудиториясы қандай болуы керек? Қазір қандай?

Біздің журналистер “Баян Алагөзова туралы материал жазып едік, рейтингі сұмдық болды, ал Қазақстан экономикасы туралы жазғанымызды ешкім оқымады” деп қара аспанды төндіргенді жақсы көреді. Кешіріңіз, бірақ дүниежүзінде солай. Бұл Қазақстанның өзге елден айырмашылығы немесе кемшілігі емес. Дамыған мемлекеттерді алып қарасақ, онда да “сары басылым” кең тараған, порносайттарға көп адам кіреді. Бұрын солай болған, қазір де солай.

Тағы бір нәрсе. “Идеал қазақ аудиториясы қандай болуы керек?” деген сұрақ қою оны өзгерткіміз келетінін байқатады. Негізі “қазақ аудиториясын қалай табамыз?” деген сұраққа бас қатыруымыз керек сияқты. Шын мәнінде Қазақстанда ақпаратты қазақ тілінде алатын аудитория көп болып, оны БАҚ таба алмай жүрген шығар? Демек, біз аудитория туралы әңгіме айтқанда оны өзгертуге емес, табуға ұмтылуымыз керек.

Ал қазіргі қазақ аудиториясы қандай дегенге келсек, олар Қайрат Нұртас пен Баян Алагөзованы оқиды. Қазақша ән айтып, қазақ тілінде ғана сөйлейтін Қайрат Нұртастың Instagram-парақшасына 5,1 миллион адам жазылған, бірақ халық оларды сауатсыз болғаннан емес, Қайрат Нұртас пен Баян Алагөзова олардың жүрегіне жол тапқаны себепті оқиды. Ал қазақ журналистері, амал не, қазақ аудиториясының жүрегіне жол таба алмай жүр.