Әйгерім Сапарова, ASevent агенттігі
Әйгерім Сапарова, ASevent іс-шаралар ұйымдастыру агенттігінің негізін салушы директоры. Сурет ©szh.kz

— Менің мамандығым – экономист.  Өз кәсібімді ашқанға дейін Еуразиялық банкте жұмыс істедім, -деп әңгімесін бастады Әйгерім лимон қосылған шай ұсынып жатып. Кеңселері сондай жайлы, аурасы да бөлек. — Кішкентай кезімнен дәл осы салада жұмыс істеу туралы  армандаған емеспін,- деп сөзін жалғады. — Жай ғана өзімің жеке компаниям болғанын қалайтынмын. Онда бұрын өзім жұмыс істеген жерлерде болмаған жағдайларды жасағым келді. Бұл кезде іс-шараларды ұйымдастыратын Event агенттіктер Атырауда енді дамып келе жатқан еді. Адамдар осы уақытқа дейін барлық шараларды өздері ұйымдастырса, енді кәсіби мамандардың көмегіне жүгіне бастады. Сөйтіп 2012 жылы өте қызықты, шығармашыл адамдармен таныстым. Араларында актерлер, әншілер, жүргізушілер, қарапайым талантты адамдар да бар. Сосын осы өнерлі жандардың басын қосып, декорациялық жұмыстарды да назардан тыс қалдырмай, іс-шараны бастан-аяқ толыққанды түрде ұйымдастыратын қызмет ұсынғым келді.

Алғашқы қаражат

Event агенттік ашуға қомақты қаражат керек деп айта алмаймын. Бәрін ақырындап істеуге де болады. Алдымен тапысырыс алып, одан түскен ақшамен кеңсенің жалдау ақысын, өзге де төлемдерді  жасауға болады. Көп қызметкер де қажет емес. Бастысы, кәсіпкер ретінде сіз өзіңіз барлық жерде жүруіңіз керек. Өзіңіз бәрін тексеріп, барлық шараны ұйымдастыруға ат салысасыз.

Мен кәсібіміз тез айналымға түсуі үшін 1 миллион теңге қаражат құйдым. Ол декорацияларды сатып алуға, кеңсені жабдықтауға қажет болды. Себебі клиент бізге келгенде «Шынымен, мына адамдарға сенуге болады екен» деп ойлайтындай, кеңсеміз көңілді, жайлы әрі сапалы безендірілген болуын қаладым. Қаражаттың жартысын несиеге алып, үш айда төлеп тастадым. Қалғаны өзімнің жинаған ақшам болды.

ASevent агенттігі декорация
Сурет ©szh.kz

Сосын бұл саланы тереңінен білмегендіктен, Украинадағы «Идеальная свадьба» ивент-агенттігінен дәріс алдым. Қазір де түрлі тренингтерге қатысып, онлайн курстарды оқып отырамын. Біздің салада тоқтап қалуға болмайды. Жаңа идеялар, креатив керек. Алайда, бизнес туралы кітаптар оқымаймын. Оқитыным – проза. Бұрын ең сүйікті авторым – Брайан Трейси болса, қазір Шыңғыс Айтматов. Соңғы рет «Плаха» туындысын оқыдым.

Алғашқы клиенттер

Сонымен не керек, агенттікті ASevent деп атап, ЖШС тіркеп, кеңсемізді жабдықтадық. Бұл жердегі AS — менің инициалдарым. Алғашқы клиенттер таныстарым арқылы жиналды. Олардың көбі шетелдік компанияларда жұмыс істейді. Солар арқылы корпоративтік кештерді ұйымдастыра бастадық. Жергілікті  «Ақ жайық» газетіне жарнама бердік. Оның үстіне Атырауда «сарафанное радио» өте жақсы дамыған. Осы арқылы тұрақты клиенттер базасын жинадық. Қазір көптеген компаниялармен бір жылдық, үш жылдық келісім-шарт жасасып, сол бойынша жұмыс істейміз. Мысалы, Baker Hughes мұнай компаниясы жыл сайын тұрақты түрде отбасы күнін атап өтеді. Барлық қызметкерлері отбасымен табиғат аясына шығып, демалыс ұйымдастырады. Ең алғашқы есімде қалған клиенттерім — солар.

«Кішігірім шарадан — қалалық концерттерге дейін»

Біздің агенттік клиентке іс-шарасын бастан-аяқ ұйымдастырып береді. Өзіміздің шығармашылық шеберханамыз бар. Онда дизайнер-декораторларымыз безендіруге қажетті гүлдер мен вазаларды, ағаштан жасалған бұйымдар мен тойдан сарқыттар жасайды. Одан бөлек жарнамалық агенттіктермен де байланыс жасаймыз. Олар бізге визиткаларды, шақыру билеттерін шығарып береді.

ASevent агенттігі декорация
Сурет ©szh.kz

Негізінен корпоративтік кештерді ұйымдастырамыз. Ол үшін әртістермен, шоумендермен, бишілермен арнайы келісім-шартқа отырамыз. Олардың танымал болуы міндетті емес. Бізде ешкім танымайтын жергілікті таланттар да бар. Жұмыстарын кішігірім мерекелік шараларды жүргізуден бастап, кейін үлкен корпоративтерден шақыру ала бастайды. Егер дұрыстап жұмыс істесе, олар да жұлдыз бола алады.

Клиенттердің тапсырысына байланысты көптеген жұлдыздармен келісім-шарт жасастық. Атырау жұртшылығының ең көп шақыратын әншісі – Қайрат Нұртас. Өте жиі келеді. Апта сайын десе де болады. Сосын Тұрсынбек Қабатов – бәрі жақсы көретін, «мейлінше, осы біздің асабамыз болсын» деп тілек білдіретін адамдардың бірі. Жақында  Тәуекел Мүсілімді де шақырттық. Қысқасы, біздің агенттік кішігірім мерекелік шаралардан бастап, қалалық деңгейдегі концерттерге дейін ұйымдастыра алады.

Әйгерім Сапарова, Тәуекел Мүсілім
ASevent мұрағатынан

Менің ойымша, біздің агенттік еліміздің мәдениетін, мерекелік іс-шараларды атап өту мәдениетін қалыптастырып, жетілдіруде теңіздегі тамшыдай болса да үлес қосып жатыр. Сонымен қатар, үлкен корпоративтік кештерді ұйымдастырғанда қажет болатын гигиеналық заттарды, киімдерді отандық өнімдерден алуға тырысамыз. Елімізде өндірілмейтін, қымбатқа түсетін заттарды Түркиядан, Қытайдан алдырамыз.

Біздің агенттіктің ашылғанына 2017 жылы төрт жыл болады. Осы уақытта түйгенім, қазақстандық компаниялармен жұмыс істеген жеңілірек екен. Дұрыс-бұрыстығын білмедім, шетелдік компаниялармен жұмыстың бюрократиясы көп. Олар әр құрылғыға сертификатын, қауіпсіздік техникасын, құжаттарын сұрайды. Саясаттары сондай. Қазақстандықтарда ондай сұраныс жоқ. Олармен бәрін тез-тез кеңесіп, келісіп, келісім-шарт жасай аламыз.

Әйгерім Сапарова, ASevent агенттігі
Әйгерім Сапарова: Бізде бекітілген баға жоқ. Тіпті 2 мың теңгеге шара ұйымдастырып бере аламыз. Ол тапсырыс берушіге байланысты. Егер ол бізге ақшасының аз екенін айтса, біз оған арзанырақ түсетін үнемді жолдарды айтамыз. Мысалы, «ана материалды мына жақтан сатып алып келсеңіз болады», «мынаумен өзіңіз келісіп көріңіз», «мына әртістерді ұсынамыз» деген сияқты кеңестер береміз. Ең қымбаты миллионға дейін барады. Сурет ©szh.kz

«Event агенттіктің жұмысы мезгілге тәуелді емес»

Басында маған:«Ивент агенттіктің жұмысы – маусымдық жұмыс, оны не қыласың? Жаңа жылдың қарсаңында, жаздың аяғы мен күзде ғана тапсырыс болады» дегендер көп болды. Шынын айтсам, біздің жұмыс мезгілге тәуелді емес, қашан да қызу. Әрдайым жаңа бір нәрсе пайда болады. Кейде бізге ұсынады, кейде біз ұсынамыз. Тапсырыс берушілер де неше түрліні тауып алып келеді. Интернеттен көріп алады да «шетелде осылай жасапты, бізге де осындай керек»,-деп келіп түрады. Сондықтан, жұмыс тоқтап қалатын кез жоқ. Керісінше, қызып кететін күндер болады. Әсіресе, Жаңа жылдың қарсаңында қарбалас басталады.

Қазір агенттікте 8 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақылары 50-100 мың теңге. Қосымша бонустық төлемдер алады, ол жұмыс көлеміне байланысты.

Әйгерім Сапарова, ASevent агенттігі
Сурет ©szh.kz

«Есімде қалған шара»

Бізге бір жігіт келді. Қызына шұғыл түрде үйленуге ұсыныс жасау керек екен. Ертең. «Ерекше болсын»,- деді. Бұл былтырғы құрбан айт кезінде болды.

«Біз әртүрлі нұсқалар ұсына аламыз. Романтикалық кешкі ас, кинотеарда ұсыныс жасауға болады. Өзіңіз нені қалайсыз?»-десем, «Жоқ, мен ақ боз атты ханзада болғым келеді»,-деді. «Олай болса, бірнеше күн беріңіз»,-десем, «Жоқ, маған ертеңге керек. Оған себебім бар»,-деді. Жақсы, сонымен оған ақ боз ат таптық; Ханзаданың киімін драмтеатрдан алдық; Renaissance қонақ үйінің ауласындағы шалғынын жалға алдық. Қонақ үй жанында мешіт бар. Құрбан айт болған соң машина өте көп болды. Қысқасы, ұсынысты ұйымдастырдық. Өте әдемі, әсерлі болды. Шалғынға гүлдермен, раушан гүлінің күлтелерімен безендірілген үстел қойдық. Қыз да, құрбысы да ештеңе білмейді, қонақ үйдің жанында достарын күтіп отырды. Сол кезде ақ боз атты ханзада келеді ғой, тура ертегідегідей (күліп).

Ақ боз атты ханзада
Ақ боз атты ханзада. Сурет ASevent мұрағатынан
Ақ боз атты ханзада
ASevent мұрағатынан

Келіп, қызға ұсыныс жасады.  Сол кездегі қыздың жүзін көрсеңіздер (күліп). Таң қалып, әрі бақыттан бал-бұл жанып тұрды.

Ақ боз атты ханзада
ASevent мұрағатынан
ғашықтар
ASevent мұрағатынан

Осындай жоспарланбаған, аяқ астынан ұйымдастырылған шаралар әрдайым өте көңілді және жоғары деңгейде өтеді.

«Бәсекелестерімізбен доспыз»

Бәрі біздің жұмысты оңай деп ойлайды. «Ой, шарларды үрлеу деген не? Қоя-қоя саласың»,-дейді. Бұл оңай емес. Біздің салада жыл басында 15 агенттік ашылса, жыл соңында одан бір-екеуі ғана қалады. Маған көбі «Неге билбордтарда, журналдарда жарнама жасамайсыздар?»- деп сұрайды. Алайда, оған қажеттілік жоқ. Біздің өз тапсырыс беруші клиенттеріміз бар. Бізді біледі, бізді қайдан табу керек екенін біледі. Ал, бәсекелестерімізге сыйластықпен қараймыз. Бізде, Атырауда, бәрі бірін-бірі қолдайды, дос. Кейде барлық ивент-агенттіктер жиналып, өзіміздің нарықты талқылаймыз, жаңалықтарды талдаймыз. Егер оларда бір қызмет түрі жетіспей жатса, біз бере аламыз. Біздің де олардан да көмек алатын кездеріміз болады.

Бәсекелестерімізден қандай ерекшелігіміз бар? (Ойланып қалды).

Әйгерім Сапарова, ASevent агенттігі
Сурет ©szh.kz

Еркешелігіміз деп барлық қызмет түрінің жинақталғанын айтсақ болатын шығар. Клиент келеді: «Менің ештеңеге әуреленгім келмейді. Мен тек осылай-осылай болғанын қалаймын»,- деп идеясын айтады. Болды. Біз оған бастан-аяқ істеп береміз. Ал, басқа агенттіктерде қызмет түрлері өте аз. Мысалы, біреулері тек қана безендіреді, екіншісі шоумендер ұсынады. Бізде бәрі жинақталған.

«Клиенттерім досыма айналған»

Менің мотиваторларым өте көп: отбасым, достарым, клиенттерім… Қазір клиенттерімнің бәрімен дос болып кеттік. Себебі, біз оларға достарымыз сияқты қараймыз. Бізде «О, бұлар біздің ақшамыз!» деген түсінік жоқ (күліп). Кейде клиенттер ашулы болып келеді. Білмеймін, мүмкін ол біздің халықтың менталитеті шығар, «суровый Запад» деп жатады ғой (күліп). Диванға отырады да, шай ішіп қойып, бәрімен таныстарып, тойдан өзге мәселелерін айтып кетеді (күліп).

Әйгерім Сапарова, ASevent агенттігі
Сурет ©szh.kz

Соған қарамастан, жұмысымды қатты жақсы көремін. Осымен өмір сүремін. Конфуцийдің «Өзіңнің сүйікті жұмысыңды тап, сонда бірде-бір күн жұмыс істемейтін боласың» деген сөзі бар. Солай. Бізде ешқашан бірдей күн болмайды: кейде күнімен кеңседе отырып, қағаздарды реттеп, жоспарларды талқыласақ, кейде кеңсеге мүлде келместен қандай да бір ауданда, қандай да бір шараны ұйымдастырып жүреміз; Ашық есік күндерін жасаймыз, достарымыз келеді; Небір жаңа іс-шараларды ойлап табамыз. Өмір деген осы шығар.

Жоспарлар

ASevent-ті бүкіл батыс өлкесінен ашсақ отырмыз. Саламызды кеңейтсек деген де ойым бар. Қазір қызметкерлерімізді соған бейімдеп жатырмыз. Балалардың мерекелік орталығын ашсақ деймін. Ондайлар Атырауда бар, бірақ тағы да қызметтері әр жерде шашылып жүр. Мен бәрін бір жерге жинап, толық қызмет көрсетуді ойлаймын. Мысалы, ата-ана тапсырыс бергенде баласының ертегілер әлеміне тап болғанын қалайтынын немесе Диснейлэндті айтты ма, демек біз соны бастан-аяқ ұйымдастырамыз. Кейбір орталықтардың оған күші жетпейді. Ал, біздің қолымыздан келетініне сенемін. Бұл салада тәжірибеміз де жетеді, аниматорларымыз да бар. Ол жерде ата-аналарға арналған орын болады, олар шай ішіп, әңгімелесіп балаларын күтіп отырады. Ал, балалары басқа бөлмеде көңіл көтеріп жатады. SWOT талдау жасап көрдік, қажеттілік бар.

Біздің қоғамда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Оларды тек мейрам кездерінде ғана еске аламыз. Сондықтан, оларды да бір уақыт сол орталыққа өз автобусымызбен алыдырып, балалық шақтың бал дәмін сездірткіміз келеді. Осының бәрі жоспарда бар. Олар біздің мемлекеттік бағдарламалар аясында 2017 жылы жүзеге асады деп сенемін.

балалар
ASevent мұрағатынан

Қазір де балалар үйіне аниматорларды жіберіп тұрамыз. Қалада бір-екі қайырымдылық қоры бар. Солармен бірлесіп жұмыс істейміз. Еріктілер тобын құрамыз. Жақында қарттар үйіне барып, «Біз сіздерді ұмытқан жоқпыз» деп, концерт қойып бердік. Әнші-бишілерімізді апардық. Олардың көбі кішкентай балалар. Оларды апарған себебіміз, ата-әжелермен таныссын дедік. Атырау кішкентай қала, бәрі бір-бірін біледі. Біз көптеген компаниялармен жұмыс істейміз. Оларды да қайырымдылық шараларына ат салысуға үгіттейміз.

«15 жасымнан жұмыс істеп келемін»

Біздің отбасымыз үлкен деп айта алмаймын, алтаумыз: ата-анам, ағам, мен, егіз інім мен сіңлім бар. Кішкене кезімнен бастап, сол бөпелерді бақтым. Сосын мектепте сабақта отырғым келмейтін (күліп). Бәрін білетін сияқты болдым. Одан да іс жүзінде бірдеңе істегім келді. Сондықтан 15 жасымда үйде жұмыс туралы айқай-шу шығарып, үйден кетіп қалып, кафеде даяшы болып қызмет еттім. Әкем «Ақша жетпей жатыр ма?»,-деп ұрысты. Мен тыңдамадым. Сөйтіп жүріп, администратор болдым.

Менің ойымша, адамға теориядан бұрын өмірлік тәжірибе, өмірлік сабақтар қажетірек.

Мектеп бітірген соң, Орал қаласында экономист мамандығын оқыдым. Шетелде оқымадым. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білемін. Қазақ тілім тек ауызекі сөйлесуге ғана жетеді.

Қазір ойлаймын, неге «Үш тілді саясатты» біздің бала кезімізде бастамады екен? (күліп). Қазіргі заманда ортаңа сай болуың керек. Ағылшын тілі барлық жерде керек. Сондықтан, білім саласында енгізіліп жатқан бастамалардың барлығы қоғамға қажет. Кез келгені…

 «Мені не толғандырады?»

Әйгерім Сапарова, ASevent агенттігі
Сурет ©szh.kz

3-4 жыл бұрын жастарда «понты» көп болатын. Алайда, соңғы жылдары адамдар белсендірек бола бастады. Патриотизмдері артты. Ұлттық колорит қайтадан жанданып келеді. Кез келген қайырымдылық шарасын алыңыз, ұйымдастырушысы немесе идея авторы — жастар. Бұрын бәрі мақтангершілік үшін болса, қазір олай емес. Саналы.

Қазір балаларды ұрады, тастап кетеді дегендерді жиі естіп жүрміз. Мүмкін оның бәрі бұрын да болған шығар, тек ол кезде интернет болмаған. Қазір бәрін әлеуметтік желіге жариялап жіберген соң, осындай резонанс тудырып отыр.

Қазақ тойының бүгінгі халі

Қазір тойдан жарыс өткізу қалды. «Ойбай, ананың баласының тойы анандай болды, бізге де солай істеу керек», «Бәкеңнің тойында торт неше қабатты болды?» дейтіндер осыдан 3-4 жыл бұрын болған. Қазіргі адамдар ондай емес. Тапсырыс берушілер не істегісі келетінін біліп келеді, көп шашылмай, көңілді той өткізуді үйренді. Дағдарысқа сай, белгілі бір шығындарды азайтты. Алайда, сұраныс әлі де бәз қалпында.

Әйгерім Сапарова, ASevent агенттігі
Сурет ©szh.kz

Әйгерім Сапаровадан кеңестер

1. Көбі бизнес бастау оңай, ЖК, ЖШС-ны тіркей саласың, болды деп ойлайды. Оны ашу бар да, жүргізу бар. Көбі бір кәсіпкерді сыртынан көреді, қызығады, оның да бизнеспен айналысқысы келеді. Сосын банкке барады да, несие алып, ЖШС ашып тастайды. Ары қарай не істейтінін, табыс механизмін, айналдыруды білмейді. Сондықтан, айтарым: қандай да бір бизнесті ашудан бұрын сол саладағы компанияға барып жұмыс істеп көріңіз. Менеджер, директор болу маңызды емес. Кез келген жұмысты ең төменгі сатысынан бастау керек. Өзіңіздің болашақ бизнесіңіздің бүге-шігесіне дейін біліп алу үшін ондай компанияда еден жуушы болып істесеңіз де, ұтылмайсыз.

2. Тоқтамаңыз! Әрдайым жаңалық іздеңіз. Ешқашан «Бәрін білемін» деп емес, «Білуім керек» деген ұранмен жүріңіз. Бәсекелестеріңіз қол қусырып қарап отырған жоқ.

3. Мен мемлекеттен кәсіпкерлікке қатысты ешқандай көмек алып көрген жоқпын. Алайда, бізде кәсіпкерлер палатасы бар, ол туралы көбі біле бермейді. Палатада заңгерлік, бухгалтерлік қызметтерді тегін үйретеді. Кәсібін бастағысы келетіндерге соған жүгінуге  кеңес берер едім. «Жол картасы – 2020» бар, менің көптеген таныстарым осы арқылы бизнестерін ашты. Қысқасы, адам кәсіп ашқысы келсе, қорықпауы керек. Одан кейін «Бизнеске 100 қадам» деген кітапты оқып көрсін.

4. Біздің менталитеттің басты кемшілігі – қорқақпыз. Біреу білместігімізге күлетін болар деп ойлаймыз. Алайда, бәрін біліп туған адам жоқ. Қорықпаңыз!

Әйгерім Сапарова, ASevent агенттігі
Сурет ©szh.kz

ASevent-тегі бір күн

Таңертең 7-8-дерде тұрамын, міндетті түрде кеңсеге барып, терезені ашып, көңілді болуы үшін музыка қосып қоямыз. Сосын қоймаға барамыз. Кейін координатормен жоспарды талқылаймыз. Күннің басым бөлігін кездесулерге, қаланы аралап, ғимараттарды қарауға, қажетті материалдарды сатып алуға жұмсаймыз. Жұмыстан үйге түнгі 12-1-лерде келемін. Кейде тіпті таң ата қайтатын кездер де болады. Менде қатаң график жоқ, алайда қызметкерлерге ресми жұмыс кестесі 10:00-19:00 аралығында.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Әнуар Әбілғазиев