Ботаника бағы 1932 жылы ашылған. 1955 жылы мұнда бірінші рет жөндеу жүргізілген. Бұдан соң жарты ғасырдан астам уақыт бойы кем-кетігі түзелмей жатты.
2018 жылы Болат Өтемұратов қоры бақты жаңарту мен флорасын көбейтуді қолға алды.
Бұрын бақ аумағына бір жерден кіруге болатын, қазір Тимирязев көшесінен, «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығы аумағынан және әл-Фараби даңғылындағы павильондардан кіруге болады. Павильондарда кәдесый дүкені, шағын кафетерий, дәретхана бар.
Бақтың әл-Фараби даңғылынан кіргендегі көрінісі
Бақ аумағында өсімдікке қажет су жеткілікті болуы үшін суару жүйе түбегейлі қайта жасалды. Әрқайсының қуаты сағатына 40 текшеметр болатын екі жаңа артезиан ұңғымасы бұрғыланды, бұрыннан бар екі ұңғыманың өткізу мүмкіндігі сағатына 20 текшеметрден 25 текшеметрге дейін ұлғайтылды.
әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағында ағатын Кереңқұлақ өзенінен сужинағыш тартылды. Өзеннен баққа күніне 600 текшеметр су келеді. Ол үшін ұзындығы 13 шақырым жаңа арық салынған.
Бақ аумағындағы өсімдік автоматтандырылған жүйемен де суарылады.
Баққа 1 500 шам орнатылған. Бұл шамның артықшылығы — жарық тек жолға түседі.
Болат Өтемұратов қорының өкілі Еркін Үдербайдың айтуынша, жарық ағашқа түссе, оның өсуіне кесірін тигізеді екен. Сол себепті осындай шам таңдалған.
Бақ аумағындағы тәртіпті күзетшілер қадағалайды, сонымен бірге 130 видеокамера бар.
Демалушылар бақтағы бұрандардан таза әрі салқын су іше алады.
Аумақта «Қазақстан» деп аталатын алқап бар. Бұл жерді таптауға болмайды, соған қарамастан тыйым салынған алқапта фотоға түсіп жүргендер көп.
Баққа жаңадан 1 300 түп ағаш, 40 мың түп бұта, 130 мың түрлі астық тұқымдасы мен көпжылдық гүл, 3 мың тал раушан гүлі отырғызылған.
Бақта жүрудің арнайы ережесі бар. Мұнда темекі шегуге, алкоголь ішуге, көгалмен жүруге, өсімдіктерді ұстап, жұлуға, қоқыс тастауға болмайды, өйткені ботаника бағы — табиғи музей, сол себепті мұнда келушілер өсімдікке экспонат ретінде қарауға тиіс.
Мұндағы жеміс-жидекті де жеуге болмайды. Кейбір жеміс түрі денсаулыққа қауіпті, ал беймәлім өсімдік улы болуы мүмкін.
Бақ тоғанындағы құс пен балыққа тамақ беруге болмайды.
Ботаника бағына үй жануарын әкелуге болмайды. Қарғыбауы тағылған итті серуендетуге де рұқсат жоқ.
Бақта экскурсия, кәсіби фотосессия, басқа шара да ұйымдастыру үшін мекеме әкімшілігінің келісімін алу керек.
Бақта пикник ұйымдастыруға болатын аумақтар арнайы белгімен көрсетілген, әкелген тамақты тек осындай жерде жеуге болады.
Баққа келерден бұрын «Главный ботанический сад» қолданбасын жүктеп алыңыз. Өсімдік жанына орнатылған штрихкодты сканерлеп, тиісті мәлімет білуге болады.
Бақ аумағына 250 жаңа орындық қойылған. Олардың кейбіріне Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Төрегелді Шарманов, Асанәлі Әшімов, Роза Рымбаева есімдері берілген.
Баққа кіру ақысы — 500 теңге. Студенттер мен зейнеткерлерге 300 теңге, мектеп оқушыларына 200 теңге. Мектеп жасына дейінгі балаларға және мүгедектігі бар азаматтарға тегін.
Коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген жаңа шектеу бойынша бақ сенбі және жексенбі күндері жұмыс істемейді.
Бақ аумағында кино, видеоклип, фотосессия, Love story түсіру үшін қосымша ақы төлеу қажет.
Карантинге байланысты шомылатын орындар жабық болса да, балалар бақ аумағындағы фонтандарға шомылып, сергіп жүр.