Қызылорда облысында мониторинг тобы рейдті күшейтті

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың тапсырмасына сәйкес облыстық мониторинг тобы жергілікті кәсіпкерлік нысандар мен халық көп шоғырланатын орындарға күнделікті рейд жүргізіп келеді. Қызылорда облысында жергілікті атқарушы және өкілетті орган басшыларынан мониторинг тобы құрылды. Оған қоса, қала, аудан әкімдіктерінің дәл осындай 32 тобы жұмыс істеп жатыр.

Мұндағы негізгі міндет – карантин уақытында базарлар мен қоғамдық тамақтану орындары, дүкендер және тағы басқа қызмет көрсету орталықтарында санитария талабының сақталуын бақылау. Осы мақсатта облыстық бас мемлекеттік санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова мен қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов бастаған арнайы топ «Айтбек» және «Отырар» сауда орталықтарында болып, белгіленген талаптардың орындалуын тексерді.

Аталған сауда орталықтарының кіреберісінде күзетшілер келушілердің дене қызуын өлшеп тұр. Мұнда тек бетперде таққандар ғана кіргізіледі. Ал ғимарат ішіндегі сатушылардың барлығы маскада болғанымен кейбірінің қолғаптары жоқ. Қала әкімінің орынбасары кейбір сатушыларға ескерту жасап өтті. «Отырар» сауда үйінің төменгі қабатында желдету жүйесі де жоқ екені де айтылды. Бұл сауда үйінің басшылығы кемшіліктерді жоятынын, ол үшін 2 күнге төменгі қабатты уақытша жабатынын жеткізді.

Биыл 11 маусымда облыс прокурорының арнайы үкімі шықты. Соған сәйкес аймақ бойынша жергілікті атқарушы орган өкілдерінен мониторинг тобы құрылған. Олар рұқсат етілген қызмет көрсету орындарының санитария талабын қалай сақтайтынын қадағалап келеді. Халық денсаулығына бейжай қарамаймыз, бұл түсіндіру жұмыстары барлық жерде де тоқтамайды. белгіленген талап орындалмаған жағдайда әуелі ескерту беріледі, оны елемегендер болса, әкімшілік шара қабылданады, – деді облыстың бас санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова.

Бүгінге дейін аймақта 7 920 объект тексерілген. Оның 4 566-на ескерту парағы беріліпті. Өйткені арақашықтық сақтамау, қызметкерлердің маскасыз жүруі, қолғапсыз қызмет көрсету, дезинфекция құралдарының пайдаланбауы әлі де кездесіп отыр. 10 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Тексерілген орталықтың жұмысына біршама ескерту айтылды. Сауда нысанына 2 сағат сайын дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу керек. Өйткені дертке шалдығушылар саны артып отыр. Тұтынушылар да бетпердемен келіп, кейбір заттарды арнайы қаптамамен алуы керек. Сатушылар да үнемі маска мен қолғапты тастамауы тиіс, – дейді қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов.

Аймақ тұрғындарына аурудан қорғану мақсатында үнемі маска мен қолғап киюге, қорғаныш құралдарын ылғи пайдалауға, қоғамдық орындарда арақашықтық сақтауға, өзінің және жақындарының денсаулығын ойлауға шақыру үшін жергілікті телеарналарда және әлеуметтік желілерде #ЖақыныңаЖанашырБол! #БерегиБлижнего! хештегтерімен жергілікті зиялы қауым өкілдері, түрлі сала маманы, кәсіпкерлер, қоғам белсенділерінің үндеулері жарияланып келеді.