Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов онлайн баспасөз мәслихатында айтты.

Осы ережені жылдың басынан бері балаларға ескерттік. Былтырғы қаңтармен салыстырғанда биылғы қаңтарда тыйым салынған заттарды әкелу 12 есе азайды. Бұл балалардың ережені түсінгенін білдіреді. Осындай қатаң қағиданы не үшін енгіздік? Былтыр тестілеуге өзімен бірге смартфон, шпаргалка әкелу байқауға айналып кетті. Бір бала 13 смартфон әкелген. Әрқайсын тексерушілерге өткізіп тұрғанда қалған балалар күтіп қалған. Оның ниеті түсінікті, білімін көрсетемін деген оймен емес, бақылаушыларды алдаймын деген ниетпен келген. Сол себепті осындай ереже енгіздік. Сонымен бірге биыл 25 тамызға дейін барлық видеожазбаны талдаймыз. Сол кезде баланың тыйым салынған зат пайдаланғаны анықталса, оған берілген мемлекеттік грант та қайтарылады. Оны әділ тапсырған балаға беруге мүмкіндік болады, — деді Дидар Смағұлов.

Ұлттық тестілеу орталығы директорының айтуынша, талапкерлерге COVID-19 анықтайтын тест жасату талап етілмейді.

Біз тек түлектерден маска тағып келуді сұраймыз. ҰБТ тапсыратын пунктке кіретін кезде жаңа маска береміз. Бұл бір рет тағуға арналған немесе респиратор болуы мүмкін. Сонымен бірге біз медицина қолғабын киюді де талап етпейміз. Өйткені барлық қабатта, барлық аудиторияда санитайзерлер болады. Аудиторияларда басқа да қажет қауіпсіздік шараларын ұйымдастырамыз, — деді ол.

Дидар Смағұлов ҰБТ сұрақтарына қатысты сын жөнінде де түсінік берді. Оның айтуынша, интернетте кездесіп қалатын кейбір қисынсыз тапсырмалар жекеменшік орталықтардан тараған.

ҰБТ дегенде бұған дейінгі емтихан сұрақтарының сынға ұшырағанын еске алмау мүмкін емес. Бұл жөніндегі барлық дауға нүкте қоятын бір мәселенің басын ашып алайын деп едім. ҰБТ-да «Абылайханның атының қанша тісі болған?» деген сияқты сұрақ кездесті» деген қауесеттің қайта тарауын түсіндіріп өтейін. Қазіргі кезде жекеменшік білім беру орталықтары ашылып, олар өздерінің ҰБТ-ға дайындайтын оқу құралын шығарғаны анық. Осындай бір орталықтан тарап кеткен сұрақ екені уақыт өте келе анықталды. Бұл нәрсе мән-жайды анық білмей тұрып, «сұрақты Ұлттық тестілеу орталығы ойлап тапты» деген негізсіз сынға әкеп соқты. Ұлттық тестілеу орталығы базасында ешқашан мұндай сұрақтар болған емес. ҰБТ-дағы әр тапсырманы еліміздегі ең тәжірибелі педагогтары дайындайды, — деді ол.

2020 жылғы ҰБТ қағидаларына жаңашылдық енгізілді