Талапкер мемлекеттік білім грантына онлайн өтініш бере алады

Талапкерлер білім грантына 13-20 шілде аралығында өтініш бере алады. Конкурс 21-31 шілде күндері өтеді. Биыл бакалавриатқа 53 864, магистратураға 13 300, доктарантураға 2 355 грант бөлінген. Әділет Тойбаевтың айтуынша, карантинге байланысты талапкерлер грант конкурсына құжатты онлайн форматта тапсыра алады.

Осы жылы түлектер жоғары оқу орнындағы қабылдау комиссиясына бармай-ақ, үйде отырып, онлайн өтініш бере алады. Ол үшін ЭЦҚ ғана қажет. Грант нәтижесі, грантты ұтып алғанын куәландыратын қағаз да онлайн беріледі, бірақ шығармашылық мамандығын таңдаған талапкерлер бұрынғыдай университетке барып, емтихан тапсырады. Грантты ұтып алған талапкерге міндетті түрде оқу орнына баруға тура келеді. Ол университеттің бекітілген келісімшартына қол қоюы қажет, — деді департамент директоры.

Әділет Тойбаев конкурс кезінде қандай әлеуметтік санат өкілдеріне жеңілдік жасалатынын айтты.

Бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар балаларға 1%, соғыс ардагерлеріне және оларға теңестірілген адамдарға 0,5%, ауыл жастарына 30%, Қазақстаннан басқа елдердегі ұлты қазақ адамдарға 4%, жетім балаларға 1%, «Серпін» бағдарламасы бойынша тапсыратындарға 10% квота қарастырылған, — деді Әділет Тойбаев.