Қызылорда облысындағы «Халық заңгері» тегін құқықтық кеңес беру науқанында 2020 жылдың алғашқы 6 айында облыс көлемінде жалпы 300-ден аса азамат әлеуметтік, денсаулық, жер, тұрғын үй қатынастары, ауылшаруашылық, тағы басқа да өзекті мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдардың білікті мамандарынан, кәсіби заңгерлерден, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен арнайы мониторинг тобы мүшелерінен тегін құқықтық кеңес алды.
Бұл шаралар Қызылорда қаласы мен облыстың барлық ауданында кезең-кезеңімен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Қоғамда «Халық заңгері» тегін құқықтық кеңес беру науқаны азаматтардың оң пікірі мен алғысын алып, болашақта халық пен мемлекеттік органдарды, сарапшыларды біріктіруші «көпір» болуға мүмкіндік беретін шараға айналуы мүмкін.
Қазіргі карантин шектеуіне байланысты азаматтар кеңесті онлайн форматта алып жатыр. Осыған орай, науқан онлайн форматта «Антикор орталығы» ғимаратында ай сайын тұрақты түрде жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың, заң саласы мамандарының қатысуымен ұйымдастырылады. Шараның өтетін уақыты, қай сала өкілінің қатысуымен өткізілетіні туралы хабарлама Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ресми сайтында жарияланады.
Оған қоса, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл нөмірге қоңырау шалу тегін және сыбайлас жемқорлық сипатындағы кез келген құқықбұзушылық бойынша түскен хабарлама міндетті түрде қаралады.