Тегісжан Жазитов 82-де. Алматы облысындағы Сарыбастау және Қызылшекара ауылдарында 20 жылдай бал арасын өсірген. Бұл кәсіпті бастардан бұрын Өскеменде омарташылықты бір жыл оқыған. Кейін жыл сайын Есікте арнайы орталықта бір ай тәжірибеден өтіп жүріпті. Отбасымен бірге бал арасына қолайлы, суы мол, шөбі көп жерге көшіп отырған. Оның айтуынша, ара гүлді тозаңдандырып, егін шаруашылығына таптырмас тыңайтқыш береді.
Қазір ол Алматыда тұрады, омарта ұстамайды. Мұнда гүл аз, арасының көбі қаланың табиғаты жайсыз болған соң өліп қалған.
Араның 150 отбасын ұстадым. Отбасы дейтінім — бал жинағанда ара жұмысты бірігіп істейді. Біреуі гүлден шірне жинап келсе, екіншісі оны ұядағы алтыбұрышты ұяшықтарға толтырып, балға айналдырады. Кейін балауызбен ұяшықты жауып тастайды. Сөйтіп балды сілекей безі арқылы өздері өңдеп шығады. Олар тазалықты жақсы көреді. Ара ұяға ауыр жүкпен келе жатқанда ыңыранып, белгі береді. Салмағының жартысындай шірне жинап келгенде қатты шөлдейді. Суды өте көп ішеді. Науаға суды толтырып құйып қоямыз. Олар күтімді ерекше қажет етеді. Араның шаққаны да пайдалы, сол үшін қолғап кимеген дұрыс, — дейді ол.
Араның балды көп жинауы жыл мезгіліне, ауа райы мен өсімдіктің түріне байланысты. Қарақұмық, күнбағыс, ақ беденің гүлі балды жақсы береді. Ара түйежоңышқа, қышы, жөке, бақбақ, таңқурай сияқты 200-ге жуық гүлдейтін өсімдіктен де бал алады.
Ара қыстан әлсіреп шығады. Оларға қант езіп, қайнатып береді. Тұзбен қоректендіреді. Ермен ағашының суын ұяшықтарға шашып, жыл сайын емдейді. Көктемде өсімдік гүлдегенде ара тынымсыз еңбек етіп, жинаған балының дәмі де, иісі де ерекше болады. Сары түсті «Майский» деп аталатын бал әлі күнге дейін танымал. Жазда қарақұмық пен жөке ағашынан алынған балдың түсі қоңыр болады. Көктем мен жаз айларында ара көп бал жинайды. Ал күзде күнбағыстан түсі ашық сары, иісі онша шықпайтын бал алады, қысқа азық жинайды. Ара ұяшықтарын тышқаннан қорғау керек. Бұл кәсіптен жылына 2-3 тонна бал алуға болады, — дейді омарташы.
Тегісжан Жазитовтің айтуынша, араның балы 16 түрлі ауруға ем. Балдың құрамында пайдалы микроэлемент көп. Оны жүрек, қан тамырлары, бүйрек, асқазан, бауыр ауруына қарсы пайдаланады. Ал балауызын (прополис) ауырған тіске басса, тез жазылады. Суық тигенде балды қағазға жағып, арқаға ұстаса, суықты алады, ал көкірекке, тамаққа жапсырса, қақырықты алып түседі. Оны асқынған жараның бетіне жағуға да болады. Тұмауратқанда ыстық сүтке, қайнаған суға қосып ішу керек.
Ем үшін табиғи таза балды пайдалану керек. Оны әсіресе көктем-жаз айларында сатып алған жақсы. Қазір дүкенде сатылатын балдың қайсы таза екенін көбі ажырата алмайды. Жасанды балдың құрамында қант, лимон қышқылы, қант крахмалы сияқты қоспалар бар. Оларды көп пайдалануға болмайды. Балдың құрамын түсі мен иісіне қарап-ақ білуге болады. Әуелі дәмін көреміз. Табиғи бал таңдайға жабыспайды, өте жұмсақ болады. Қасықпен алғанда үзілмей, біркелкі болып ағады. Балды араластырып көреді, дұрыс араласпаса, жасанды бал болғаны. Оның табиғи не жасанды екенін суға салып тексере алмаймыз. Балды құрғақ жерде сақтау керек. Таза бал ешқашан бұзылмайды. Жыл сайын жаңа шайқалған балды алған дұрыс. Уақыт өте бал қатып қалады. Тоңған балды жасанды балмен шатастырып жатады. Сондықтан тілге салып, дәмінен білуді үйренген жөн, — дейді ақсақал.
Тәжірибелі омарташының айтуынша, адам балды күніне бір қасықтан жеп тұруы керек. Бал иммунитетті нығайтады. Балаларға тәттіні дүкеннен сатып алғанша, құрғақ жемісті балға қосып, тәттіні үйден жасап беруге болады.