Тірі күшікті өртеп жіберген балаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Polisia.kz-тің хабарлауынша, Алакөл ауданының полициясы әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызған видео бойынша жедел іздестіру шарасын жүргізіп, Қабанбай ауылында тұратын екі жасөспірімді ұстады.

Олар — 2004 жылы туған Ш. және 2005 жылы туған Д. есімді балалар. Олар шұғыл ұйымдастырылған тергеу жұмысының алғашқы сағаттарында-ақ анықталды. Жасөспірімдер кінәсін түгел мойындап, ауыр қылмысты қызық үшін жасағанын айтты. Бұл — қылмыстық жауапкершілік көзделетін сорақы жағдай, — деді Алакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы Қуат Оспанов.

Күдікті жасөспірімдерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабының 2-тармағы («Жануарларға қатыгездiк жасау, адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе бiрнеше мәрте жасалған іс-әрекет») бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жасөспірімдердің тірі күшікті қапшыққа салып, өртеп жіберген видеосы 4 маусымда әлеуметтік желіде тараған еді. Animal Security жануарларды қорғау ұйымдары бірлестігі полицияға шағымданды.