Energyprom.kz мамандары Қазақстан өңірлерінде зергерлік әшекей бұйымдары қанша тұратынын талдады. Баға Нұр-Сұлтанда, Ақтауда және Павлодарда ең жоғары, Қарағанды, Тараз және Қызылордада ең төмен болып шықты.
Қазақстанда осы жылдың қаңтарында 41,32 миллион теңгенің, наурызда 90,8 миллион теңгенің, сәуірде 90,83 миллион теңгенің зергерлік әшекейі өндірілген. Былтыр жалпы өндіріс көлемі 742,54 миллион теңге болды.
Қазақстан зергерлер лигасының басшысы Қайсар Жұмағалиевтің ақпан айында «Хабар 24» телеарнасына берген мәліметке қарағанда ішкі нарықты контрабанда түгел жаулап алған. Еліміздің зергерлері сапалы өнімін сата алмайды. Бұл проблеманы шешу үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы жанынан Еуразия зергерлері бюросы ашылады.
Нарықты реттеуге жуырда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын заң да ықпал етпек. Бұл заң бойынша Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетіне бағалы металл, асыл тас, басқа да зергер бұйымдарын сатумен айналысушылар қызметін тексеру өкілеті беріліп отыр.