Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, онлайн форматта өткен халыққа есеп беру кездесуінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылай деді.
Жыл сайын жоғары білім беру бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді, кейінгі 4 жылда мемлекеттік тапсырыс 1,3 есе ұлғайып, биыл 53 мыңнан астам грант болады. Президенттің тапсырмасы бойынша осы жылдан бастап грант құны жоғарылайды, ол 10 жылдай уақыт бойы өзгерген жоқ еді, — деді министр.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік жоғары оқу орындарын профессор-оқытушы құрамының жалақысын көбейтуге міндеттейді.
Біз қазір еңбекақы төлеу қорына жалақының ең төменгі шегін белгілеу мәселесін талқылап жатырмыз. Грант құнының өсуі педагогтар жалақысының артуына ықпал еткені өте маңызды. Жоғары оқу орындарының кейбірінде оқытушылар жалақысы 70-80 мың теңге болуы ақылға қонымсыз, — деді ведомство басшысы.
Бұған дейін ҰБТ биыл 20 маусымнан 5 шілде аралығында өтетіні хабарланған еді. форматы өзгермейді, бірақ бірнеше жаңашылдық енгізілді. Тес тапсырушылар санитария талаптарын қатаң сақтауы керек: олардың дене қызуы өлшеніп, бір-бірінен 2 метр алшақ отырғызылады.