«Ақ жол» дүниежүзіне ашаршылықты геноцид деп танытуды талап етті

Депутат «Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырмасын өте өзекті іс ретінде қолдап, оның жұмысына өз өкілдерін жіберуге дайын екенін және тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін большевиктердің тоталитар билігі қазақ жерінде ұйымдастырған ашаршылыққа ресми түрде геноцид деп құқықтық баға беруді талап ететінін мәлімдеді.

Мысалы, дүниежүзі геноцид деп мойындаған Украинаның Голодоморынан 3 миллион 900 мың адам қаза тапса, сол украин сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда ашаршылықтан 4 миллион астам отандасымыз қайғылы құрбандыққа ұшыраған, Қазақ халқының саны 70% азайып кетті. Осыған байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі ашаршылық мәселесін геноцид ретінде халықаралық деңгейде (БҰҰ, ЕҚЫҰ, АҚШ Конгресі, Еуропарламент) мойындату жұмысын бастауы керек деп ойлаймыз, — деді Берік Дүйсенбинов.

Депутаттың айтуынша, сол кезеңдегі саясатқа қарсы қарулы көтеріліс жасаған қазақ азаматтары да әлі күнге дейін ақталған жоқ. Олар «басмач» деген мазақ аттан арылған жоқ. Тарихшылардың мәліметінше, қазақ даласында тоталитар режимге қарсы кемінде 300-ден аса көтеріліс болған. Сарқан, Балқаш, Қазалы, Қарақұм, Ырғыз, Атбасар, Сарысу, Созақ, Адай, Шұбартау, Бостандық көтерлістері әлі күнге дейін халықтың жадында.

Аталарымыздан бізге жеткен естеліктер бойынша бас көтерген қазақ руларын большевик әскерлері артиллериямен атқылап, қашып бара жатқан ауылдарды аэропланмен бомбалап, шекарада ұсталған қорғансыз босқындарды пулемётпен бала-шағасымен қоса қойша кырған. Мысалы, шығыстағы қазақ-қытай шекарасындағы атақты «Ақ найман қырғыны» деген қанды оқиға ел есінде сақталса да, ресми түрде әлі мойындалмаған, ал осы заставаның аты бертінге дейін сол қырғынды тікелей басқарған қызыл әскердің атымен аталып келді. 2012 жылы Қарасу шекара пунктінің құрылысы кезінде Шу өзеннің жағасынан, жергілікті қариялардың айтуынша, 30-жылдары атылған әйелдер мен балалардың топталып жатқан сүйегі табылды, — деді «Ақ жол» парламенттік фракциясының мүшесі.

Депутат осындай оқиғалар Ертіс пен Шуда ғана емес, Жетісу мен Сыр бойында, Каспий өңірінде де болғанын, ашаршылық пен репрессиядан елімізде тұратын орыс, украин, өзбек, ұйғыр, татар, қырғыз, басқа да этностар зардап шеккенін айтты.

Мұндай құжаттарды анықтап, халыққа жария етіп, мыңдаған нағыз құрбанды ақтап, адал тарихи баға беретін кез келді. Сонымен қатар кейінгі жылдары, біздің байқауымызша, кейбір әлеуметтік топ, керісінше, сталинизмді қайта насихаттауды бастады. Сол себепті «Ақ жол» демократиялық партиясы елімізде де декоммунизация ұстанымын мемлекетіміздің ресми саясатының бір бөлігі болуын қалайды. Біз ондаған жыл бойы кірме үгіт-насихатпен өмір сүрген аға буынның көзқарасымен санасып, олардың отанымыз үшін қосқан қажырлы енбегіне құрметпен қараймыз. Алайда өткен заман тәуелсіз ұлттың келешегіне бөгет емес, баспалдақ болуға тиіс, — деді сауал жолдаушы.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтау керек екенін айтқан еді. Президент осы мақсатта саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысатын мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.