Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы орыстар туралы ойын айтты

Басылым журналистері Қазақстан Президентіне «Қазақстан Ресей мен Беларусь сияқты одақтас мемлекеттің құрамына кіруі мүмкін бе? Мұндай одақтас мемлекеттерге бірыңғай валюта, кеден, бірыңғай парламент қажет бола ма? Әлде біздің бағытымыз Еуразия экономикалық одағын «Шығыс Еуроодағына» айналдыру ма? Бұл мүмкін бе? Одақ 10-20 жылдан кейін қандай болады деп ойлайсыз? Ынтымақтастығымыздың, бірлескен жобаларымыздың қайсысының келешегі зор?» деген сұрақ қойды.

Қазақстан Ресеймен және Беларусьпен екіжақты форматта да, интеграцияланған бірлестіктер (ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД) аясында да тығыз жұмыс істеп келеді. Ресей мен Беларусь сияқты одақтас мемлекеттің құрамына қосылу біздің жоспарымызда жоқ. Аталған ұйымдар аясында интеграцияны одан әрі дамыту басым бағытымыз болып қала береді. Еуразия экономикалық одағының әлеуетін тек экономикалық одақ ретінде күшейтуге мүдделіміз. Кооперация байланыстарын дамыту, тауардың, қызметтің және жұмыс күшінің ортақ нарығын құру, аталған одаққа мүше мемлекеттердің инвестиция жағынан тартымды ете түсу арқылы ЕАЭО-ны жаһан ауқымындағы тиімді құрылымға айналдыра алар едік. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі ілгерілеп келеді. 2025 жылға қарай ортақ энергетика және қаржы нарығы қалыптасады, әсіресе цифрлау бойынша ықпалдастық перспективалы бағыт болмақ, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ресей журналистері Президенттен саясаттанушылар арасында жиі айтылатын «Қазақстандағы қос билік» туралы пікірін де сұрады.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев – қазіргі Қазақстанның негізін қалаушы, ауқымы кең тарихи тұлға. Жақында (6 шілдеде) біз оның 80 жасқа толған мерейтойын атап өтеміз. Әрине, оның еліміз бен халықаралық қауымдастық алдындағы еңбегі жөнінде айтамыз. Біз үшін оның тарихи және саяси мұрасын сақтап қалу маңызды. Бұл Қазақстанның мемлекеттігін нығайту үшін аса қажет. Сондықтан менің сайлауалды бағдарламамның алғашқы пункті сабақтастық деп аталды. Қазіргі күрделі жағдайда Нұрсұлтан Назарбаев менің дағдарыстан жедел шығу, жаңа экономика құрып, азаматтарға материалдық көмек беру жөніндегі бағытыма нақты қолдау көрсетті. Ешқандай қос билік жоқ. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де бірнеше рет айтып, қоғамды қазіргі Президенттің айналасына бірігуге үндеген еді, — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы орыстар мен олардың құқығы туралы сұраққа да жауап берді.

Біздің пікірімізше, этносаралық келісім — ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды факторы. Онсыз елдің орнықты дамуы мүмкін емес. Қазақстан — Ресей сияқты көпұлтты мемлекет. Мен мұны үлкен стратегиялық артықшылық деп есептеймін. Біз «Бірлік саналуандықта» қағидатын ұстанамыз. Шын мәнінде Қазақстан азаматтары этникалық тегіне қарамастан өздерін бірыңғай халық, біртұтас ұлт деп біледі. Қазақстанда «аз ұлттар» деген түсінік жоқ. Қазақстанда 3,5 миллионнан астам орыс тұрады. Елдегі халық саны бойынша олардың үлесі — шамамен 19%. Елімізде тұратын орыстар — халқымыздың ажырамас бөлігі және барлық құқыққа ие, — деді Президент.

Қазақстан басшысы «орыс диаспорасы» деген тіркеске қарсы екенін айтты.

Жақында шетелдің аналитика материалдарының бірінен «Қазақстандағы орыс диаспорасы» деген тіркесті көзім шалып қалды. Шындыққа қайшы келетін мұндай сөзді мүлдем қолданбау туралы өзіміздің идеологтар мен сарапшыларға ескерттім. Орыстар — біздің халқымыздың бір бөлігі. Олар Қазақстанның қалыптасуына, дамуына зор үлес қосты. Оны ұмытуға болмайды. Көп орыс есімі тарихымызға алтын әріппен жазылған: Григорий Потанин, Павел Зенков, Евгений Брусиловский, Александр Затаевич, Александр Бараев, Сергей Луганский, Иван Шухов, Иван Панфилов, Иван Павлов, Николай Макиевский. Осы және басқа да көп азамат бар. Олар — Қазақстанның мақтанышы. Геннадий Головкин, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова сияқты атақты спортшыларымыз дүниежүзінің спорт ареналарында Қазақстанның намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сұхбатының толық түпнұсқасын мына жерден оқуға болады.