Нұржан Алғашов, QazaqGeography ұйымының экспедиция ұйымдастырушысы:
Бүгінге дейін дүниежүзінің 40 елінде болдым. 2020 жылға біраз жер көруді жоспарлап қойған едім. Дегенмен пандемия кезінде көп ел шекарасын жапты әрі олардың қашан ашылатынын білмейміз. Өзім гид болып, наурызда тобымды Өзбекстанның Ташкент, Бұқара, Самарқанд қалаларына апарып, тарихи, мәдени орындарды аралатуым керек еді. Бұл сапар 5 күнге созылуға тиіс болған. Астана — Ташкент бағытына ұшаққа билет сатып алғанбыз. Бір айдың ішінде оның құнын қайтардық.
Мамырда Бакуге ұшып кетіп, онда 10 күндей саяхаттауды жоспарладық. Нұр-Сұлтан — Ақтау — Баку бағытының рейс құнын бізге әлі қайтармады. Ал жаз айларында Еуропа елдерін бір айдай автокөлікпен аралап шықпақшы едім. Венгриядан бастап, Чехия, Германия, Италия, Словения және Швейцарияға саяхаттамақшы болдым. Альпі тау жотасын көріп, осы елдердің ұлттық парктерінде қыдыруды мақсат еттім. Барлық жоспар бұзылды. Енді ел ішінде сапарлаймыз.
Біздегі бақылау-өткізу бекеттері 1 маусымда алынғандықтан елдің көрікті жерлеріне саяхаттауды енді бастап жатырмыз. Өзім Нұр-Сұлтанның тұрғынымын. Сапарды қалаға жақын деген көрікті жерлердің бірі Бурабайдан бастағалы отырмын. Содан кейін Баянауыл ұлттық паркіне барып, Жасыбай, Торайғыр көлдерін тамашалауды ойлап жүрмін. Солтүстік Қазақстан облысында айналасын орман қоршаған Шалқар-Имантау демалыс орнына жол түскелі отыр.
Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына 185 жыл толды. Соның құрметіне ғалымның балалық шағы өткен Сырымбет ауылына барып қайтамын. Мұнда Шоқанның әжесі Айғаным Сарғалдаққызының отауы болған. Отаудың фотосына қарап, оны қайта салып, музей жасап қойған. Бұл сапардан соң ат басын оңтүстікке бұрамын. Саяхатты қасиетті Түркістаннан бастаймын. Тараз бен Шымкентке соғып кетемін, Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем ұлттық паркінің сұлулығын да тамашалағалы отырмын. Тамыздың аяғында Алтай тауының биігінде өсетін самырсын мен балқарағай жемісі піседі. Осы уақытта балқарағайдың балын жеу үшін Қатонқарағай жеріне барамын.
Қазақстанда саяхаттағанда қымбат жерлерге қонбаймын. Барынша арзан нұсқа қарастырамын. Ұлттық парктерге барар болсам, шатыр тігемін. Теп-тегін.
Күзде Маңғыстаудағы Бозжыра, Шерқала, Тұзбайыр, Кендірлі мекендерін аралаймын. Бұл сапарды негізі мамырға жоспарлаған едік. Карантин уақытына тура келіп, ойымыз іске аспай қалды. Бұл саяхатта астанадан Ақтауға ұшуға және Маңғыстауда алып жүретін көлікке қаржы керек. Қанша қаржы кететінін есептеп, саяхатты ойластырып қойдым. Қазақстанда туристер көретін, қызықтайтын жер көп.
Мәдина Сарбалаева, саяхатшы:
Биыл Мысырға баруды жоспарладым. Мақсат — елдің тарихи орындарын көріп, Қызыл теңіз жағасында демалу, Каир базарларын аралау. Мен таңдаған тур 250 мың теңге тұрды, жеке шығындарыма тағы 200-300 доллар кетеді. Сол себепті жыл басынан бері ай сайын жалақыдан 50 мың теңгеден көп ақшаны сапарыма жинап жүрдім. Пандемия кезінде шетелге шыға алмайтындықтан жинаған ақшаны Қазақстанның бұған дейін бармаған жерлерін көруге жұмсайтын болып шештім.
Шілдеде елдегі туризмді дамыту мақсатында Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркіне, Мәшһүр Жүсіп кесенесіне, Қоңыр әулие үңгіріне барып қайтамыз. Екібастұзға қарасты Ақкөл жайылымдарын көру мүмкіндігі туып тұр. Каспий жағалауын көрмеген едім. Биыл тамыз айында теңізге барамын. Уақыт жетсе, Маңғыстаудың тарихи, киелі жерлерін аралап, сапарды жалғастырамын.
Негізі ел ішінде жиі саяхаттаймын. Алматыда тұратындықтан өңірдегі табиғаты әсем жерлерге сенбі-жексенбі сайын шығып тұруға тырысамын. 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы аумағының 70%-ке жуығын көріп қайттық. Тараздағы тарихи мекендерге тур ұйымдастырдым. Былтыр көктемде Nomad Explorer саяхатшылар командасымен бірге елдің оңтүстік аймағын бір аптадай араладық.
Нұртай Бердәзім, саяхатшы:
Ағам Германияда тұрады. 2017 жылы осы елдің 15 қаласында болдым, бірақ ағам тұратын қалаға жақын Нойшванштайнға бармаппын. Бұл — бавар королі II Людвигтің қамалы. Туристер арасында өте танымал жер. Сөйтіп 2020 жылдың жазында анаммен бірге Германиядағы ағама қонаққа барып, Нойшванштайнды көруді жоспарлап едік. Ағам бізге шақырту жіберетін болып жүрген. Ары қарай Еуропаның бірнеше еліне бір айдан астам уақыт сапарлайтын болғанбыз. Пандемияға байланысты бұл сапарды кейінге қалдыруға тура келді.
Күзде Түркияға оқуға кетуді жоспарлап отырмын. Дегенмен оқудың жауабын күту керек. Түспей қалсам, коронавирусқа байланысты ахуал жақсарса, Ресейге ұшатын шығармын. Онда Американың поп-рок тобы OneRepublic-тың концерті өтеді.
Бұл сапарларға ақша жинап қойғам, бірақ шетелге шығудың ауылы әзірше алыс болғандықтан қаржының біраз бөлігіне телефон сатып алдым, ноутбук сияқты техникаларымды жөндеттім. Қалғанына ел ішіне саяхаттаймын. 2018 жылы Алматы облысының көрікті жерлерін араладым. 2020 жылы облыстың бұған дейін бармаған аймақтарына барамын. Бурабайды көрсем деймін. Балқаш көліне сапар шегемін. Өзіме экотуризм қатты ұнайды. Қалада тұратындықтан адамы, қозғалысы көп жерге саяхаттағым келмейді. Осылай биыл шетелді қойып, Қазақстан аумағында ел аралап, жер көреміз.
(Иллюстрация: Istockphoto.com/©Bplanet)