Ноутбук жұмыс мүмкіндігін арттырады. Пернетақта мен экранның тұтасып тұруы, компьютердің жеңілдетілген түрі болғаны кеңседе де, үйде де әрі-бері қозғалып жүруге өте ыңғайлы. Бірақ ноутты күнделікті пайдаланғаннан арқа, мойын, иық тез шаршап, ауырады. Қолайлы болғанымен омыртқаның дұрыс тұруы үшін ыңғайлы позицияны анықтау қиындау.

Сондықтан ноутбукпен жұмыс істеген кезде омыртқаға ауыр жүк салмау үшін мынаны істеу керек:

  • Негізгі жұмыс үстелінде бөлек пернетақта мен тышқанды қолданыңыз. Ноутбукты көздің деңгейінде арнайы түпқоймаға қойып жұмыс істеңіз.
  • Ноутбукты тізеңізге қойып отырмағаныңыз жөн. Оны үстелде пайдаланыңыз. Қолды демейтін жер болуы керек.
  • Жиі үзіліс жасаңыз. Ең болмағанда сағатына екі рет жұмыстан алаңдап, бес минуттан қозғалып отырыңыз. Осылайша буын мен бұлшықетке түсетін ауырлық азаяды.
  • Жұмыс үстелінде дұрыс отыруды үйреніңіз. Орындық пен үстел бойыңызға сәйкес келетініне, ал жұмыс барысында қажет заттарға оңай қол соза алатыныңызға көз жеткізгеніңіз жөн.
  • Қолыңызды бетіңізден түсіріп, түзеліп отырыңыз. Дәл қазір омыртқаңызды тіктеп ұстаңыз. Еш жеріңіз ауырмаса да, ноутбукке арнайы түпқойма мен қосымша пернетақта тауып алыңыз.

Арқаның, омыртқаның, иық пен мойынның ауруы бірте-бірте дамиды. Ал оны емдеу өте қиын. Сондықтан дұрыс отыру әдетін кейінге қалдырмағаныңыз жөн.