Іле Алатауы паркі аумағында экотуризм нысандары салынады

«Бақытты жол» жаңа экожоба аясында Алматы тауларында ауызсу станциялары, туристерге мотивация беретін билбордтар, бағыт-бағдар көрсететін белгілер, ақпарат жазылған тақтайшалар, металл көпірлер де пайда болады. Жобаның негізгі мақсаты — тау спортына қызығатын туристерге жағдай жасау. Алматы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов қала тұрғындары мен қонақтарын карантин біткен соң тау бөктерінде демалуға шақырды.

Бұл жобаны BI Group компаниясы қолға алды. Біз ол қаладағы экотуризмді дамытудың жалпы тұжырымдамасына сай келетінін түсініп, қолдадық. Тау — Қазақстанның қазынасы. Дүниежүзінде коронавирус инфекциясының жаппай тарауына байланысты Қазақстан азаматтары демалысын елімізде өткізеді деген ойдамын. Бұл еліміздің ішкі туризмін дамытуға септігін тигізеді, — деді Ерлан Қожағапанов.

 

"Бақытты жол" жобасы
«Бақытты жол» жобасы. Фото: BI Group компаниясы

Альпинист Андрей Пучининнің айтуынша, жаңа жоба туристердің тауда қауіпсіз жүруіне септігін тигізеді.

Кейінгі жылдары тау спортына қызығатын Алматы тұрғындарының саны көбейді. Сонымен бірге еліміздің тауларынан шетел туристерін көп кездестіруге болады. Өкінішке қарай, тауда жоғалып кетіп жатқан адамдар да бар. Бұл жоба осы проблеманы шешеді деп ойлаймын, — деді альпинист.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков Іле Алатауы ұлттық паркінде 2 000 орынға арналған автокөлік тұрағы салынатынын хабарлаған еді.