Мен әжемнің қызы едім. Әжем Алматыда оқуда жүргенімде дүниеден қайтты. Бауырына басып, бар мейірімін төккен жаннан айрылу маған оңай болмады. Уақыт өте берді. Асыл әжеме деген сағынышым басылмады. Бірде әлеуметтік желіні ақтарып отырып, «Қайырымды жандар» ұйымдастырған «100 ата-апа кеші» туралы ақпаратты көріп қалдым. Жүрегіме ерекше жылу еніп кеткендей болды. Мені сағындыртқан мейірімді жүзді өзге қариялардан көре алатыныма сенімді болдым. Сөйтіп, «Қайырымды жандар» тобына қосылдым.

Торғын Асан. С. Ж. Асфендияров атынд. Қазақ ұлттық медицина университетінің 3-курс студенті
Торғын Асан. С. Ж. Асфендияров атынд. Қазақ ұлттық медицина университетінің 3-курс студенті

«100 ата-апа кеші» — ұйымның танымал жобаларының бірі. Жастар бұл жобада қарттар үйіндегі ата-әжелерді қонақ етеді. Әншілерді, асабаларды жалдап, әдемі мейрамханаларда той жасайды. Олар аш емес, киімі де, жылы орындары да бар. Бірақ ол жердегі қариялардың бар мұқтажы – көңіл. Соның орнын толтыру үшін ұйым белсенділері бар ықылас, ниеттерін салады. Бірде Астанадағы «Қайырымды жандар» мүшелері ата-әжелерді мейрамханаға лимузинмен әкелген болатын. Оларды Голливудтың жұлдыздарындай қызыл кілемнен өткізіп кіргізген кездер де болды. Балаша қуанған жүздерін көргенде ұйымдастырушылардан бақытты жан болмайды ғой.

Ұйымдастырушылар кімдер?

«Қайырымды жандар» тобына 25 қарашада ресми түрде бір жыл толады. Алғаш бұл топ Айдын Тоқсанбаеваның бастамасымен құрылды. Тамаша идеяны қолдаушылар халық арасынан көптеп табылды. Кейіннен Айдын ханым жеке мәселелеріне байланысты жетекшілікті топтың белсенді мүшелеріне табыстады. Қазір ұйым жұмысын менен бөлек Мәулен Алғазы және Назерке Базарбекова жүргізіп отыр. «Қайырымды жандар» тек Алматыда ғана емес, Астана, Шымкент, Ақтау, Тараз, Ақтөбе қалаларында да ашылған. Ол жақта ұйымның өз жетекшілері, топтары іс-шараларын өткізіп жатыр. Шындап келгенде, біз тек ұйымдастырушылармыз, негізгі еңбек пен қайырымдылық ұйым мүшелері мен халықтың өз қолында.

"Қайырымды жандар" ұйымының мүшелері
Торғын Асан: Бізге «Сендер жасаған жақсылықтарыңмен мақтанып, рия жасайсыңдар» деп айтып жатады. Мақтан үшін емес, адамдарды осы іске тарту үшін және басқаларға үлгі болу мақсатында әлеуметтік желілерге қайырымдылық шараларын жариялап отырамыз. Менің де топ мүшесі атануыма осы жол себеп болды ғой. ©SZH.kz

Бүгінгі күнге дейін Алматы қаласындағы 100-ге жуық мұқтаж отбасыларға азық-түлік, керек-жарақтарын апарып бердік. Бір күнде 10 немесе 15, кейде бір ғана отбасыға баратын кездеріміз болады. Бұдан бөлек балалар үйіне барып тұрамыз. Бірақ мемлекеттің қарауындағы балалар үйіне бармаймыз. Өйткені оларға үлкен компаниялар, кәсіпкерлер көмектерін беріп отырады. Біздің нысанамызға Талғардағы «Нұр», Қапшағайдағы «Кәусар» және т.б қараусыз қалған, шет аймақта орналасқан балалар үйі кіреді. Ұйымға мүше емес, бірақ мұқтаждарға көмек бергісі келетін жандар да жиі хабарласып, өздерінің киім, азық-түліктерін ұсынып жатады. Оларды қабыл алып, тиісті орындарына жеткіземіз. Бұның барлығына халықпен ортада ешқандай барьер болмауы да себеп шығар, бәлкім. Себебі мұндағылардың көпшілігі — қарапайым жастар, әрі еріктілер.

«Балық емес, қармақ береміз»

Кез келген азық-түлік сұраған отбасыға барып, «алыңыз» деп ұсына бермейміз. Кей адамдар біз туралы білмейді. Көршілері, таныстары арқылы тауып алады немесе оларға жаны ашығандар топ мүшелеріне хабарласады. Көмек сұраған жандардың алдымен үйіне топтан екі-үш волонтер жібереміз. Олар қолдарына тәтті-дәмділерін алып, сол отбасыны зерттеуге барады. Шынымен көмекке мұқтаж ба, жоқ па?

Бірде Қаратұрақ дейтін ауылдан бір әйел хабарласты. Сыртқа жуынды төгуге шықса, иттің аяғынан тамақ теріп жеп отырған бір әйелді көреді. «Не болды? Кімсің?» десе, әлгі адам жылап жіберіпті. Сөйтсе, үйінің қасындағы жазғы тұраққа көшіп келген жалғыз басты ана екен.

Жас сәбиі мен 3 жастағы баласы бар әйелге көршісі барынша көмектеседі. Бірақ оның да әрдайым жәрдемдесіп тұруға шамасы келмепті. Біздің топ туралы естіген соң, әлеуметтік желі арқылы хабарласады. Топ белсенділері не керектігін сұрап, тізім жасайды. Барып көрсек, тұрып жақан жері жауын мен суықтан ғана қорған болмаса, үй деуге келмейді екен. Ұсталған болса да көрпе, жастық, киім-кешек, азық-түлік апарып бердік. Ұйымдағы бір бала ұялы телефонын сыйлады. Волонтерларымыз кеткен соң, «бұл шын ба, өтірік пе?» деп ұзақ жылады дейді көршісі. Жалғыз басты ананың күйеуі бұрын сотталған, үйленгеннен кейін отбасын тастап кеткен. Аздаған көмегіміз бұл ананың әлеуметтік тұрмысын түзеуге септігін тигізіпті. Көршісі кейіннен оның жұмысқа тұрғандығын айтып қоңырау шалды.

Кейбір отбасылар «анау керек, мынау керек» деп хабарласады. Барсақ, үйінде керектінің бәрі бар. Отбасы мүшелері толық, бала-шағасы ауру-сырқаудан аман. Оларда тек еңбек жоқ. Ондайларға көмек бермейміз. Себебі біздің мақсатымыз — балық емес, қармақ беру.

«Топта үлкен «жарылыс» болды»

Оқу жылынының басында біз барып жүрген отбасылар, өзге мұқтаж жандар көп хабарласа бастады. Балаларына сабаққа қажетті кеңсе тауарларын алып бермек болдық. Бірақ олар «5-10 дәптерден болсын амалын тауып, құрап алармыз, форма алуға көмектесіңіздерші» деп өтінді. Күздің кезінде мектеп формасы қымбат. «Қайырымды жандар» еш жерде тіркеуде жоқ еріктілер тобы болғандықтан, табан астында демеуші таба алмадық. Ал бізге хабарласқан мұқтаж отбасы аз емес. Содан ұйым жетекшісі ретінде шенімізді асыра сілтеп пайдаланып, Whatsapр-тағы топ мүшелеріне «осында отырғаныңыз үшін 2000 мың теңге беруге міндеттісіз!» деп, 250 адамға талап қойдық. Өйткені олар топқа ерікті түрде тіркелді, көмектесу үшін кірді.

"Қайырымды жандар" ұйымының мүшелері
Қайырымдылық мақсатындағы алма саудасы ©SZH.kz

Бірақ басқа амалымыз жоқ еді. «Біз еріктілерміз» деп қарсы шыққандарды топтан шығаруға тура келді. «Жақсылық жасау үшін қарыз алуға болмайды»  дегендер де болды арасында. «Егер сенің туған бауырың қиындыққа ұшыраса, жақсылық жасау үшін қарыз алуға болмайды деп отырмайсың ғой» деп оларға да қош айтыстық. Тура мағынасында «әділетсіз салық» салдық. Дегенмен, игі мақсатта 625 мың теңгені жинадық. Есесіне нағыз жанашыр топ мүшелері іріктеліп қалды. Араларында 5 мың, 30 мың теңге бергендер де болды. Енді есептеп қарасақ, әрбір үйден тек бір балаға ғана форма алып бере алады екенбіз. Содан әлеуметтік желілерге пост жаздық. Қайырымды жұрт жұмыла ақша аудара бастады. Бәрін қосқанда 1 200 000 теңгеден аса сомма жиналды. Жиналған қаражатқа аяқ киімінен, басына тағатын бантигіне дейін 66 баланы киіндірдіп, оқуға дайын еттік. Біз тек ұйытқы болдық, бір-біріне көмектескен — халықтың өзі.

«Балам 6 -сыныпта оқиды. Осы алты жыл ішінде ол ешқашан жаңа форма киіп көрмеген еді. Баламызды да, бізді де қатты қуанттыңыздар» деп егіліп жылаған аналарды көрдік. Осы шарадан кейін топта үлкен сілкініс пайда болды. Барлығымыздың кеудемізде «жұмыла кіріссек, үлкен қадамдар жасай алады екенбіз ғой» деген сенім пайда болды.

Қазір екі бүйрегі бірдей жарамсыз Жайлауова Жанельдің еміне қаражат жинап жатырмыз. Бұған дейін «емге ақша жинауға көмектесіңіздерші» деп хабарласқандардың өтінішін кері қайтарып келдік. Жанель туралы ақпарат келгенде, ұйымдағылардың барлығы көмектесейік деп өре түрегелді. Тым болмаса дәрісіне қажетті 200 мың теңге болсын жинап берейік деп шештік. Жазылмайтын ауру түрлері болады, оларға қарағанда Жанельдің сауығып кетуіне үміт бар. Дегенмен, екі бүйректі ауыстыру оңай емес.

Жанель Жайлауова
Алматы қаласы, Абай көшесі бойындағы қайырымдылық жәрмеңкесінің афишасы ©SZH.kz

Ата-анасымен кеңесе отырып, Qiwi қалтадан есеп аштық. Алғашқы 200, 300 мың теңге келіп түсе бастағанда, бәріміз қуандық.  «Айтуға оңай», «Жан жылуы» бағдарламаларына шақырылдық. Әлеуметтік желілер арқылы адамдар Жанель туралы біліп, көптеп ақша аударды. Қолдан тағамдар пісіріп, жәрмеңкелерде сатып жүрдік. Бір күні волонтерларымыздың біріне қария әжей келіп: «Адамдар пісірілген тамаққа күдікпен қарайды. Одан да алма сатпайсыңдар ма?» деп ақыл айтыпты. Бұл идеяны бірден қолдадық. Таныс саудагерлермен келісіп, алма алдық. Бірінші тоннадан 600 мың теңге түсті. Қайырымдылық шарасы болғандықтан, алма бағасын әдеттегіден жоғарылатып сатамыз. Нарынқолдық таныс кәсіпкерлер 1 тонна картоп тегін берді. Бірден сатылып кетті. Халық оны картоп жегісі келгендіктен емес, Жанельге көмектесу үшін алды. Сол тәрізді қазір сатып жатқан алма да — тек символ.

"Қайырымды жандар" ұйымының мүшелері
Өскенбаева Мөлдір және Ағыбаева Назым: «Ақша берші көмекке» деп жүрсек, тіленішілікке жақын болып кетеміз. Еңбекпен тапсақ, мәдениеттіліктті де сақтап қаламыз. ©SZH.kz

Ұйым мүшелерінің басым бөлігі студенттер болғандықтан, алма сатуға кешкі уақыт тиімді. Жанель қызымыздың еміне ақша жинауда тек Алматы «Қайырымды жандар» тобы ғана емес, өзге қаладағы топтар да барынша атсалысуда. Мәселен, Шымкенттегі «Қайырымды жандар» тосап сатып жатыр. Ақтаудағы әріптестеріміз көше концерттерін ұйымдастырып, тосап сатып, жәрмеңкелер ұйымдастырып, мейлінше көмек қолын созуда!

Жанельдің анасы Ақмарал Жақсылықова және екіншісі қызы Сәбина
Ақмарал Жақсылықова — Жанельдің анасы. Екінші қызы Сабина да «Қайырымды жандармен» бірге алма сатуға келіпті. © SZH.kz

Ақмарал Жақсылықова: Үш ай бұрын қызымның екі бүйрегінің жарамсыз екендігінен хабардар болдық. Бүйрек ауыстыру үшін Израильге барып ота жасату керек. Әкесі қарапайым күзетші, өзім балалармен үйде отырған анамын. Ота жасату үшін 12 миллион теңге қажет. Бұл туралы естігінде «Мұндай үлкен сомманы қайдан табамыз? Қызымызды қалай құтқарамыз?» деп өзімізді тастап жібердік. Кейіннен таныстарымыз «Қайырымды жандар» ұйымның бар екенін, бізге көмектесе алатынын айтты. Қазір осы жастардың әрқайсысы отбасымның бір мүшесі тәрізді. Суықта да, ызғарда да «Жанель үшін» деп көшеде алма сатады. Менің сөніп бара жатқан үмітімді лаулатып жіберді. Жанель оларды қатты жақсы көреді.

Ақниет Жалғасбаева, Қайырымды жандар мүшесі
Ақниет Жалғасбаева, волонтер © SZH.kz

Ақниет Жалғасбаева, ҚазҰУ-дың 2-курс магистранты: Осы жылдың 22 қыркүйегінен бастап 7 миллион теңгеге жуық қаражат жинай алдық. Егер адамның ниеті түзу болмаса, мұнда ақша жасап кету оңай. Себебі кімнің қанша алма өткізгендігін, одан қанша пайда түскендігін анық ешкім білмейді. Ал біздің топ мүшелері ешқашан ондай қадамға бармайды. Себебі мұнда бәрі ашық және шынайы жасалады. Мұндағылардың көпшілігі студенттер. Арамызда қарапайым волонтер болып жүрген кәсіпкерлер, холдинг басшысы да бар. Қайырымдылық тек ақша беру емес, көңіліңді бөліп, бар ықыласыңды аударып, жақсылық жасау.

Кикбаев Сайлау, Қайырымды жандар
Кикбаев Сайлау, волонтер © SZH.kz

Кикбаев Сайлау, жеке кәсіпкер: Жанельдің жағдайы ушығып бара жатыр. Сондықтан біз де қайырымдылық шараларын арттырып жатырмыз. Адамдардың арасында аласы да, қарасы да бар. Қарапайым студент келіп 5 мың теңге тастап кетеді немесе әдемі, қымбат киінген адам қарамай өте шығады. Дегенмен, халықтың мейірімі артып келеді.

Жанель Жайлауова, Қайырымды жандар
Астанадан кішкентай қыз «100 теңгем бар еді, Жанельге берсем бола ма?» деп хабарласты. «Qiwi қалтамен аудара ғой» дедік. Сөйтіп, Жанельдің еміне қажет сомма кішкентай ғана қыздың 90 теңгесімен толықты. © SZH.kz

Шымкенттегі шағын бір ауылда «Жаным толған жақсылық» деп Жанельмен қатарлас оқушылар жәшік қойып, мектепте жәрмеңке ұйымдастырыпты. Оқушыларға, ұстаздарға өздері пісірген асты, қолдан жасаған бұйымдарын сатқан. Сөйтіп жиналған  45 мың теңгені Жанельдің есебіне аударып жіберді. Бірде Тараздағы бір мектептің 10-сынып қыздарынан 5000 теңге келіп түсті. Кеше бір апа «500 теңгем  бар еді. Қызыма қалай салып жіберемін?» деп хабарласты. Ол үшін терминал қажет  десек, «онда аудан орталығына барып салайын» дейді. Қарап тұрсақ, барлығы тек ниетке байланысты. Бізде бар жүрек кез келген адамда бар, өзгеден ерекшеленетін бөлек қасиетіміз жоқ. Әр адамның ішінде қайырымды жан өмір сүреді. Тек оның оянуына себепші болу керек.

Жайлауова Жанель Даниярқызының екі бүйрегі бірдей істен шыққан. Жуық арада ота жасату керек. Ота құны — 12 миллион теңге. Жанельге көмектесемін деушілер:

Банк реквизиттері:

Жаксылыкова Акмарал Есенгелдиева
ИИН: 790 821 403 156

АО Kaspi Bank
БИК: CASPKZKA
ИИК: KZ89722R000009113574

Kaspi депозит:
ИИН: 790 821 403 156
Есеп-шот: KZ60722R000124488806

Qiwi қалта: 8 777 211 21 10

Байланыс: 8 747 179 16 25 (анасы Ақмарал Жақсылықова)

«Қайырымды жандар» тобы туралы ақпарат:

www.facebook.com/kaiyrymdyjandar

www.instagram.com/kaiyrymdy_jandar

4 пікір

  1. Алматы қаласына барғанымда очкилі жігітті кездестіргенмін. Қолымда барымды бердім

  2. Ар истин артынын кайырын берсин! Жанель сауыгып кетсин! Жастарга Алла разы болсын!

  3. Жүректеріне иман ұялаған жастардан айналдым.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!