«Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады, Қостанай, Ақмола облыстарында және Нұр-Сұлтанда найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Шығыс Қазақстан облысында бұршақ жаууы мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысында күн тұманды болады.
Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында күн қатты ысиды.
Қызылорда облысында 44, Түркістан облысында 40-42, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында 40, Ақтөбе облысында 38, Атырау облысында 35-38, Алматы облысында 35 градус ыстық болады.
Қызылорда, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарында өрт қаупі күшейеді.
Скандинавия аудандарынан келетін антициклонның әсерінен 2-4 маусым күндері Қаазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде ауа температурасы төмендейді, кей жерде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр мен бұршақ жауады. Оңтүстік және оңтүстік-батыста Иран аумағынан еніп жатқан жылы ауа массасының әсерінен ыстық әрі құрғақ ауа райы қалыптасады, шаңды дауыл тұрады. Республиканың басқа өңірлерінде жел күшейеді.