Алматыда қаза тапқан екі полицейге мемлекеттік награда беріледі

Құжат мазмұны Ақорда сайтында жарияланды.

Қаулы етемін: Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, құқық тәртібін қамтамасыз етуге белсене қатысқаны үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Жанғазиев Жарас Сұлтанғалиұлы (марқұм) — Ішкі істер министрлігі Алматы полиция департаменті патруль полициясы полкінің қызмет инспекторы, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Абдықанов Дастан Маратжанұлы (марқұм) — Ішкі істер министрлігі Алматы полиция департаменті патруль полициясы полкінің полицейі наградталсын, — делінген Президент жарлығында.

25 мамыр күні таңертең Алматыда BMW көлігі №4 бақылау-өткізу бекетіне соғылды. Жүргізуші — Алматының 1992 жылы туған тұрғыны әуелі бетон қоршауды, кейін инерциямен екі полиция қызметкері отырған патруль көлігін қаққан. Патрульдердің бірі, 42 жастағы полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев оқиға орнында, ал оның әріптесі, полиция сержанты Дастан Абдықанов ауруханада қайтыс болды. Оқиға салдарынан тағы бір полицей зардап шекті, патруль көлігі жанында тұрған Алматы полициясы есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Ербұлан Сейдәзім реанимацияға түсті. BMW көлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Полицияның мәліметінше, ол оқиға кезінде мас болған. Күдікті бұрын ішкі істер органдарында қызмет еткен.