Басты бетҚоғам"Жүрек жомарттығы"...

«Жүрек жомарттығы» жобасы аясында 100 отбасы көмек алды

«АЯЛА» қоғамдық қоры медицина және білім беру саласында өзін танытып, аталған бағытта көп жоба ұйымдастырып жүр. Қазір ұйымның бағыты кеңейді. Мамырда қор Нұр-Сұлтандағы күнкөрісі төмен отбасыларға көмек көрсету үшін Qolda жобасының шеңберінде қаржы алды.

Қайырымдылық қоры барлық 100 қорапты Нұр-Сұлтан әкімдігі берген тізімге сәйкес жеткізді. Жоба үйлестірушісі әр мекенжайды егжей-тегжейлі тексерді. Жұмыссыз және қаражатсыз қалған аналарға хабарласып, сөйлесті. Тізімге кірген бірнеше отбасы көмектен бас тартты. Олардың азық-түлігі басқа мұқтаж жандарға таратылды. Азық-түлік қорабында кілегей, айран, сары май, шұжық, ірімшік, жеміс-жидек, көкөніс, шай, қант, жұмыртқа, жарма, балық және ет өнімі, жуғыш және гигиена заттары бар.

«АЯЛА» қайырымдылық қорынан көмек алғандардың бірі — Сәуле Есмағамбетова. Ол Нұр-Сұлтанға Арқалықтан көшіп келген.

Отбасымда 5 адам — анам, әпкем, екі балам және мен. Әпкеме операция жасалды. Барлығының денсаулығы жақсы емес. Карантинге дейін жұмыс істедім. Қазір уақытша жұмыссызбын. Әрине, індеттің таралуын қатты уайымдаймын. Бізге көмек бергеніне ризамын. Азық-түлік себеті үлкен екен, бәрі дәмді. Бұрын мұндай көмек алмадық, алғыс айтамын, — деді Сәуле Есмағамбетова.

Динара Қожабаева 36 жаста, балалар үйінде өскен. Нұр-Сұлтанда тұрады. Қазір ол пәтер алуға кезекте тұр. Динара төтенше жағдайда азық-түлік қоржыны түріндегі көмек — өте жақсы жәрдем деп санайды.

Отбасымызда 4 адам бар: жолдасым және екі балам. Үлкен қызым 7 жаста, кішісі 2-де. Коронавирус індеті кезінде көбіне балаларымыз бен жақындарымыздың денсаулығын, елдің тұрақтылығын уайымдаймыз. Бәрі қымбаттап жатыр, көп нәрседен бас тартуға мәжбүрміз. «АЯЛА» қорынан азық-түлік қоржынын алғанда балаларымыз қатты қуанды. Мұнда сүт өнімдерінің түр-түрі, жеміс-жидек, көкөніс, балаларға қажеттің бәрі бар. Консерві мен жармалар, химиялық тазартқыштарды да ұмытпапты. Көмек үшін  алғыс айтамын, бәріне денсаулық, сәттілік тілеймін. Осындай мейірбан адамдар барда бәрі жақсы болады, — дейді Динара Қожабаева.

Әлеуметтік көмек
Фото жоба ұйымдастырушыларынан

Нұр-Сұлтанның тұрғыны Индира Елмұратова үш баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы онкологиялық аурумен ауырады. Сол себепті оның жұмыс істеуге мүмкіндігі болмай отыр.

Кіші ұлым 2,5 жаста, ал қызыма 6 ай ғана болды. Қазір олар Қостанай облысындағы әжемнің қолында. Өзімнің ата-анам болмаған соң сол кісіге апарып тастадым. Үлкен ұлыма нәрлі тамақ өте қажет. Жәрдемақы түрінде алатын бүкіл қаражатты оның еміне жұмсаймын, тіпті шот ашып, шетелге емделуге бару үшін қаражат жинап жүрмін. Жақсылық бар және басқаға істеген жақсылығың өзіңе еселеп қайтады. Бар болғандарыңызға рақмет, — деді Индира Ельмұратова.

«Жүрек жомарттығы» — Qolda жобасы аясында «АЯЛА» қайырымдылық қоры, Орталық Азияның Еуразия қоры, «Шеврон»компаниясының бірлестігімен ұйымдастырылып отырған әлеуметтік жоба. Ол карантиннің елге жағымсыз ықпалын азайту, қоғамдық және еріктілер ұйымдарына қолдау көрсету үшін, сонымен бірге халықтың БАҚ арқылы ақпараттануын арттыру үшін «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жасалды.

Конкурсқа Үкіметтік емес ұйымдардан түскен өтініштердің сапасы өте жоғары болды. Грант комитеті 11 жоба үшін 24 миллион теңге бөлді. Олар медицина қызметкерлерін қолдау бастамаларына, халықтың әлеуметтік осал тобы мен мигранттарға гуманитарлық көмек көрсетуге, қоғамды пандемия салдарымен қауіпсіз күреске  тартуға, жұмыс орындарын құруға бағытталды. «Жүрек жомарттығы» жобасын іске асыру кезіндегі «АЯЛА» қорының кәсіби деңгейін атап өткіміз келеді. Бұл қордың қызметкерлерінің жауапкершілігі мен айрықша ынтасының арқасында көмектің шынайы мұқтаж адамдарға жеткеніне қуаныштымыз, — деді Қазақстандағы Еуразия Орталық Азия Қорының атқарушы директоры Ринад Темірбеков.