Коронавирус инфекциясынан Шымкент тұрғыны қайтыс болды

Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 65 жастағы әйел — қаладағы Қаратау ауданының тұрғыны. Ол 2 мамырда жедел респиратор вирус инфекциясы диагнозымен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Сынама оның коронавирус жұқтырмағанын анықтады.

6 мамырда науқастың жағдайы нашарлап, реанимация бөліміне ауыстырылды. Өз бетінше дем ала алмағаны себепті оған өкпені жасанды желдету аппараты жалғанған. Дәрігерлер қайта сынама алып, әйелдің коронавирус инфекциясын жұқтырғанын растады.

Оған қоса, пациенттің III дәрежелі артериал гипертензия,  өкпенің созылмалы обструктив ауруы, семіздік ауруының екінші дәрежесі, созылмалы калькулез холецистит, созылмалы панкреатит сияқты аурулары болған. Реанимациядағы ем нәтиже бермей, науқас 11 мамырда сағат 11.55-те қайтыс болды.

Қазіргі кезде республика бойынша коронавирустан көз жұмғандар саны 32-ге жетті.

11 мамырда сағат 17.40-тағы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясы анықталған адамдардың жалпы саны 5 160 болды. Коронавирустан 2 020 науқас айықты.