Мектептерде соңғы қоңырау салтанаты болмайды

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Қарынова Орталық коммуникациялар қызметінің онлайн брифингінде айтты.

Соңғы қоңырау әдетте оқу жылының соңында болады. Ол — оқушылар қатысатын салтанатты шара. Бірақ биыл коронавирус инфекциясына қатысты қалыптасып отырған ахуалға байланысты соңғы қоңырау болмайды, — деді Шолпан Қарынова.

Ол биыл 9 және 11-класс оқушылары қорытынды емтихан тапсырмайтынын еске салды. Еліміздің барлық мектебінде IV тоқсанның ортасында бөлім бойынша жиынтық бағалау өткізіледі және тоқсан соңында тоқсан бойынша жиынтық бағалау болады. Түлектерге негізгі орта білім туралы және жалпы орта білім туралы аттестат жылдық баға бойынша беріледі.

Шолпан Қарынова ҰБТ мерзімі әзірше өзгере қоймағанын айтты. Вице-министрдің мәліметінше, биылғы жазда ЖОО студенттері оқу практикасынан өткізілмейді.