Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан көрші елге нота жолдамайтынын хабарлады.
Өзбекстан Республикасы аумағындағы Сардоба суқоймасы бөгетінің бұзылуы және оның салдарынан Түркістан облысының бірқатар елді мекенін су басуына қатысты жағдай біздің Үкіметтің ерекше бақылауында. 2 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефонмен сөйлескені және сұхбат барысында тараптар болған жағдайды нақты талқылап, екі ел Үкіметі үйлесімді жұмыс атқаратыны туралы уағдаласқаны мәлім. Тасқын салдарын бірлесіп жою жөнінде Үкімет пен шекаралас өңір басшыларының тығыз өзара іс-қимылын назарға ала отырып, өзбек тарапына ҚР Сыртқы істер министрлігінің нотасын жолдау мәселесі қарастырылмайды, — деді ресми өкіл.
Сыртқы істер министрлігі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Өзбекстанның іргелес өңірлеріне жедел сапар жасағанын еске салды, ол көрші елмен тиісті келіссөз жүргізіп, оның қорытындысын Үкімет отырысында баяндады.
Өздеріңізге мәлім, Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған Үкімет комиссиясы құрылды. Ертең ол Түркістан облысы мен Өзбекстанға бірлескен іс-қимыл алгоритмін пысықтау үшін барады. Екі тараптың барлық байланысы толықтай Мәңгілік достық және стратегиялық әріптестік туралы шарттардың және Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияның нормаларына сай жүзеге асырылады, — деп хабарлады Айбек Смадияров.
Мұның алдында Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Сергей Громов ақпарат құралдарына Өзбекстандағы суқойма бөгетінің жарылуына қатысты толық ақпаратты талап етіп, көрші елге нота жолдайтынын мәлімдеген еді. Ол Өзбекстан шекаралас өңірдегі Сардоба суқоймасын Қазақстанмен келіспей салғанын айтты.